Фото: Ұлттық ұлан
Әскерге шақыру кезінде сарбаздардың егіз екені анықталса, әскери бөлім қолбасшылығы оларды бір-бірінен ажыратпай, қатар қызмет етуіне жағдай жасайды. Бұл шешім тек тұрмыстық қолайлылық емес, әскери ортадағы психологиялық тұрақтылық пен өзара қолдауды нығайтудың тиімді үлгісі.
Ұлттық ұлан қатарына былтыр Алматы облысынан шақыртылған 22 жастағы Диас пен Ілияс Төлепбергендер бүгінде Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жүр. Диас «Сарбаз 2.0» бағдарламасы аясында жоғары оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болып, әскери қызмет пен болашақ кәсіби даму жолын ұштастыра білді.
Ал 19 жастағы Эльхан мен Эльшан Нуриевтер үшін әскери қызмет спорттағы жетістіктерін жаңа деңгейге көтерудің мүмкіндігіне айналды. Олар әскерге дейін де, әскер қатарында да армрестлинг спорт түрінен үздіктер қатарынан көрініп келеді.
Түркістан облысынан шақыртылған 19 жастағы Нұрсұлтан мен Ерсұлтан Беркішовтер егіз болғанымен, сыртқы келбеті мен мінез-құлқы бір-біріне қатты ұқсамайтын ерекше жұп. Алайда қызметке деген жауапкершілік пен тәртіпке адалдық оларды бір мақсатта тоғыстырады.

Шымкенттік Аман мен Есен Қонарлер – көпбалалы отбасының үлкендері. Олардың артынан ерген екі ұл мен төрт қыз бар. Бүгінде егіз сарбаздар №58 түзеу мекемесінде қарауылдық қызмет атқарып, отбасына үлгі болумен қатар, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып жүр.
Ұлттық ұлан сапында бір мезетте бірнеше егіз жұптың қызмет етуі – әскери құрылымдағы адамгершілік, бауырмалдық пен әскери тәртіптің үйлесімді көрінісі. Мұндай сирек жайттар әскери қызметтің тек қатаң талаптарға емес, рухани тұтастыққа да негізделетінін айқын дәлелдейді.
