Сурет: stan.kz
Асанәлі жай әріптес емес, туысымдай, бірге туған бауырымдай болып кеткен жан еді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен оқуға келген талантты жастардың ішінде тұлғасы менмұндалап, дараланып тұратын. Шашы бұйраланған, жанары отты, өте қағілез, сымбатты жігіттің ауылдан келгеніне сенбейтінбіз.
Асанәлі театр мен кино саласында тел өнер көрсетіп, қайталанбас образдарымен қалың көрерменнің құрметіне бөленді. Елдің сүйікті ұлы болды. Қаншама қиын тағдырды басынан кешсе де, сынып кетпеді. Консерваторияның театр факультетінде бірге оқыған қыз-жігіттердің ішінде өмірде Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев үшеуміз ғана қалып едік. Енді Асанәлі жоқ. Қаралы хабар қабырғамызды қайыстырып кетті.
Қалай ғана арыстай тұлғамыздан көз жазып қалдық? «Басым ауырды» деп бір рет те шағымданбаған еді ғой. Үш-төрт күн бұрын телефонмен сөйлескенде бәрі жақсы демеп пе еді? Не айтарымды да білмеймін!
Алаш жұрты сырты қатал көрінгенімен, іші мақпалдай жұмсақ жүректі, өнер үшін туған ұлы ұлынан айырылды. Мен алдымен халқыма көңіл айтқым келеді.
Бақұл бол, Асанәлі бауырым!
Нүкетай Мышбаева,
Қазақстанның Халық әртісі