Тағзым • 21 Желтоқсан, 2025

Қош, ұлт өнерінің қара нары!

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өлді деуге сыя ма? Қазақ сахнасының абызы, КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, көрнекті театр және кино актері, профессор – Асанәлі Әшімұлы өмірден өтті. Өнердің алып бәйтерегі құлады. Ол сахна мен экранда тек рөл ойнаған жоқ, ұлттың мінезін, дәуірдің рухын, адам жанының тереңін сөйлетті. Қазақ театры мен киносының алтын қорына енген сан алуан рөлі арқылы ұлттық актерлік өнердің өлше­мін қалыптастырды.

Қош, ұлт өнерінің қара нары!

Сахна мәдениетін, кәсіби жауапкершілікті, көркемдік тазалықты биік деңгейге кө­теріп қана қоймай, актер ма­мандығының киелі екендігін өз өмірімен дәлелдеген жан. Әртіс сомдаған әр рөл – уақыттың айнасы, халық тағдырының көркем шежіресі. Өнер иесі сахнаға шыққан сәттен бастап көрермен үшін жай ғана кейіпкер емес, ұлттың мінез-болмысын, арман-мұратын арқалаған тұлғаға айналатын. Әр бейнесі – тарих, әр сөзі – актерлік мектеп, әр қадамы – өнерге адалдықтың үлгісі.

60-жылдардың басында қазақ театр мен кино өнеріне нағыз жанартау болып келген талантты әртіс көп ұзамай шын мәнінде сахнадағы құбылысқа айналды. М.Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы Айдар бей­несімен «тұсауы кесілген» жас Асанәлінің сахнадағы серіктестері шетінен өнер алыптары еді. Ал ұстазы – атақты Асқар Тоқпанов пен режиссура реформаторы Әзірбайжан Мәмбетов болды. Сол ұлы буын­ның батасын алып, қолдауын көрген актер өнер жолын биік жауапкершілікпен бас­тады.

Актерлік өнердің көркемдік деңгейін биіктеткен Асанәлі Әшімов ұлт классиктері драма­тургиясындағы кейіпкерлер ар­қылы ұлт мұраты мен халық тағ­дырын өміршең бол­мысымен өрнектей білді. Сон­дық­тан да Кебек, Қодар, Жарасбай, Айшуақ, Сырым батыр, Амангелді, Еламан секілді сахналық бейнелер галереясы – қазақ театрының баға жетпес қазынасы.

Ал кинодағы Бекежан бей­несі – ұлт өнері хрестоматия­сына айналған мәңгілік образ. Асанәлі Әшімов Бекежан тағдыры арқылы ұлттық мінез­дің күрделілігін, трагедиясын, асқақтығын халық жүрегіне шынайы жеткізе білді. Шәкен Аймановтың «Атаманның ақы­ры» фильмінен басталып, «Транссібір экспресі», «Бұлғар даласынан ескен жылы жел», «Сіз кімсіз, Ка мырза?», «Аруақ» туындыларына жалғасқан бей­нелері – кинодағы өз алдына жаңа бір белес, көркемдік деңгей қалыптастырған қайталанбас рөлдер.

Асанәлі Әшімовтің сурет­керлік болмысының тағы бір биік қыры – режиссурасы мен ұстаздығы. Театр педагогикасында қайталанбас үні, өзіндік машығы, айшығы мен өрнегі қалыптасты. Абыз актер жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өнердің жауапкершілігін, сах­наның киесін шәкірттерінің жүрегіне сіңіре білді. Шәкірттері үшін ол тек тәлімгер ғана емес, өнердегі ар-ожданның, азаматтық биіктіктің үлгісі болды. Театрдың көркемдік бағыт-бағдарын ай­қындап, ұлттық сахнаның беделін биіктетті.

Ол халықтың жадында, көрер­меннің жүрегінде, сахна төрінде мәңгілікке қалды. Оның аманаты – өнерге адалдық, ұлтқа қызмет ету, рухты сақтау – өнеге болып қала береді. Қош болыңыз, ұлт өнерінің қара нары!

 

«Қазақ газеттерінің» қаламгерлері 

Соңғы жаңалықтар