– «Самұрық-Қазына» тобы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жұмыстарды жүйелі түрде атқарып келеді. Бүгінде қор компанияларында 250 мыңнан астам адам еңбек етеді, оның ішінде 190 мыңнан астамы – жұмысшы мамандық иелері. Бұл – елдің өнеркәсіптік әлеуетінің өзегі әрі тұрақты экономикалық өсудің берік негізі, – деді қор басшысы Нұрлан Жақыпов.
Ұлттық әл-ауқат қоры биыл осы бағытта ауқымды іс-шаралар өткізіп, еңбек адамының беделін арттыруға барынша атсалысты. Соның ішінде адам капиталын дамыту басым бағыттардың бірі болды. Мәселен, жыл басынан бері 175 мыңнан астам қызметкер біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Бұл орайда «Бастау», «Өрлеу», сондай-ақ корпоративтік шеберлік, тәлімгерлік бағдарламалары іске асырылып жатыр.

Халықаралық серіктестік аясында қор тобының мамандары озық технологиялар мен жаңа қауіпсіздік стандарттарын меңгеру мақсатында тағылымдамаларға барып, білімдерін толықтырып отырады. Тәжірибелі мамандармен қатар, жас кадрларға да ерекше көңіл бөлінеді. Олар үшін «Жеті қадам», «Мұрагер», «Алып» бағдарламалары қарастырылған. Жас мамандар аталған бағдарламалар бойынша тәлімгерліктен өтеді, көшбасшылар мектебінде білім алып, өндіріс тиімділігін арттыру жобаларына қатысып, білімі мен біліктілігін шыңдайды.
– Биыл компания жұмысшы мамандарға арналған түрлі курстар, оқу, тәжірибе алмасу бағдарламаларын өткізіп жатыр. Мына форум да өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Мен Қызылордадан елордаға осы шараға арнайы келдім. Теміржолшылар әулетіненмін. Әкемнің ізін жалғап, осы теміржол саласында алтыншы жыл еңбек етіп келемін. Біз сияқты жас мамандарға бұл тамаша мүмкіндік, – деді Қызылорда локомотив пайдалану депосының таспа талдау инженері Аяужан Асқарқызы.
Қор тобының жұмысшылары халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысып, биіктен көрініп жүр. Мәселен, «AtomSkills», «Хайтек-2025» сынды беделді чемпионаттарда жерлестеріміз 15 жүлделі орынға ие болып, отандық мамандардың кәсіби біліктілігі жоғары әрі бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.
«Самұрық-Қазына» кадрларды даярлау қызметін кезең-кезеңімен қалыптастырып келеді, яғни студенттен бастап білікті маман атанғанға дейін жүйелі жұмыс атқарылады. Бұл ретте қор тобы еліміздің жетекші оқу орындарымен 100-ге тарта меморандумға қол қойған. Мысалы, «Қазақтелеком» – Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетімен, «Қазатомөнеркәсіп» ҚБТУ-мен келісім орнатты. Осылайша, 10 мыңнан астам студент дуалды оқыту бағдарламасы мен қор тобының кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр.

Алғаш рет «Атырау мұнай және газ университеті» базасында «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, мұнай-газ саласына арналған оқу-өндірістік полигон ашылды. Мұнда толық өндірістік цикл жағдайында жұмысшы, инженерлік-техникалық кадрлар даярланады.
Биыл қор әлеуметтік жауапкершілікке де көп көңіл бөлді. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды және әлеуметтік осал санаттағы жастарды қолдауға бағытталған «Самұрық үміті», «Тәлімгер» жобалары іске асырылып жатыр. Бұл бастамалар аясында Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында балалар үйінің 100 тәрбиеленушісіне қолдау көрсетілді. Бүгінде олардың 38-і колледждерде оқиды. Бұдан бөлек, 107 түлек қордың кәсіпорындарында жұмысқа орналасып, еңбек етіп жүр.
Сонымен қатар қызметкерлердің өмір сүру сапасын арттыру компания өкілдерінің басты назарында. «Отбасы банкпен» бірлесіп жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары іске асырылып жатыр. Нақтырақ айтқанда, Екібастұз, Астана қалаларында жұмысшыларға арналған тұрғын үйлер салуға қатысты қанатқақты жобалар басталды. Алдағы уақытта бұл бағдарламаны өзге де өңірлерде іске қосу жоспарланып отыр.
Еңбек қауіпсіздігіне де жіті ден қойылған. Инфрақұрылымды жаңғырту, оқыту, апатты жағдайдың алдын алу шараларының нәтижесінде өндірістегі жарақаттану деңгейі 44%-ға төмендеген. Бұл орайда қор өндіріске цифрлық трансформацияны енгізу жұмыстарын белсенді атқарып келеді. Жыл соңына дейін жасанды интеллект технологиялары кадр үдерістеріне, персоналды басқару, еңбек қауіпсіздігі жүйесіне енгізіледі.
Кадрлық әлеуетті дамытумен қатар, қор азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр. 2025 жылы су, газ тарту, энергетика, логистика, таза энергия салаларында жалпы құны 1,1 трлн теңгеден асатын 9 стратегиялық жоба аяқталды. Олардың қатарында Кендірлі ауылындағы су тұщыту зауыты, Caspi Bitum зауыты, «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры, Жаңаөзендегі күн электр стансасы, Ақтаудағы жаңа контейнерлік хаб пен Алматыдағы Zhetysu терминалы бар.
– «Самұрық-Қазына» қоры Жұмысшы мамандықтар жылын бір реттік науқан емес, ұзақмерзімді стратегия ретінде қарастырады. Біз алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз, – деді «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов форум барысында.
Шара қорытындысында «Самұрық-Қазына» қоры өндірістік ұжымдардың үздік мамандарын, кадр әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосқан портфельдік компаниялардың қызметкерлерін марапаттады.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ