Талбесік • Бүгін, 08:10

Дарақ бір жерден көгереді

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сыр өңірінде қала мәдениеті есте жоқ ескі заманнан қалыптасқан. Дәуірлер дерегін жасырған сол ежелгі шаһарлар орнын аралағанда көмбе, қорғандардан мал сүйектері мен кәдімгі күлді көп кездестіреміз. Талай тарихи қаланың құпиясын ашқан археологтердің айтуынша, ертедегі бабаларымыз осы әдіспен қорғанды нықтап, үй айналасын тазартып отырған екен. Бұл ұлы даланы мекен еткен байырғы жұрттың ертеден-ақ қала тазалығын рухани мәдениет өлшеміне айналдырғанын айғақтайды.

Дарақ бір жерден көгереді

Суретті түсірген – Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Қазір «Таза Қазақстан» эколо­гиялық бастамасы аясындағы қала мен ауылдағы жүйелі жұмыстар тазалықтың қоғамға тәртіп әкелетін қағидаға айнала бастағанын білдіреді. Мысалы, осы күні Сыр өңірінде кәсіпкерлер акцияға қолдау ретінде демалыс, ойын, спорт алаңдарын салып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жөндеуге демеу­шілік көрсетіп отыр. Бұл жұмыстар облыс орталығында ғана емес, барлық ауданда жалғасын тауып, көшелерді абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді.

Өңірде бірыңғай дизайн-код енгізіліп, барлық елді мекендегі ғимараттар мен қоғамдық кеңістіктер архи­тек­туралық талаптарға сәй­кестендірілді. Қызылордада 60 көпқабатты үйдің қасбеті жаңартылып, 20 үйдің ауласы абаттандырылды.

Қазір облыс орталығында жөндеуден өтіп жатқан Президент сая­бағында спорт, ойын алаңдары, санитарлық модульдер, экобокстар мен фандоматтар орнатылады. Саябақ аумағында жыл бойы үздіксіз жұмыс жасайтын 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен ботаникалық білім беру орталығы бой көтеріп келеді. Одан бөлек, құны 9 млрд теңгеге саябақ пен қаланы байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірі салынып жатыр.

Өңірде кейінгі жылдары «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы өткізіліп келеді. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасынан үндес осы бастама аясында екі жылда облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, үздіктерге 48 арнаулы техника табысталды. Биылғы конкурсқа 39 елді мекен қатысып, комиссия ауылдарда атқа­рылған жұмыстармен танысты. «Үлгілі аудан», «Үлгілі ауыл», «Үлгілі елді мекен» аталымдарын қамты­ған конкурс қорытындысында жеңімпаз­дарға 564 млн теңгеге 19 арнаулы техника берілді.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбіліктер қазір жұртты жақсы іске жұмылдырған бастамаға айналды. Жыл басынан бері тазалық жұмыстарына 440 мыңнан астам тұрғын қатысып, мыңдаған тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылып, елді мекендердегі 510 сквер мен парк, 256 тарихи-мәдени ескерткіш, 1019 әлеуметтік нысан, 3 603 өндірістік, кәсіпкерлік нысан, сондай-ақ 332 су айдыны мен 41 394 көше бойы тазартылды.

Осы күні аудандар мен ауылдарда жұртты тазалыққа үндейтіндердің қата­ры молайған. Бұл қатардан қоғам бел­сенділерімен қатар көпбалалы аналарды, белсенді жастарды көруге болады. Аудандарда тазалыққа көше болып жұмылатын жақсы үрдіс байқала бастады. Сенбілікке қатысатын жастары жоқ үйлердің ауласын тазалап, қора-қопсысын жұмыла жөндеп беретін жанашырлар да бар.

Дегенмен жұрттың бәрі ортақ міндет талабын түсіне қойды деу тағы қиын. Мұндайлар қала, аудан әкімдіктері жанынан құрылған мобильді топтар назарынан тыс қалмайды. Олар санитарлық тазалықты сақтап, айналаны ластаудың алдын алу мақсатында күнделікті рейдке шығады.

Айналаның тазалығы туралы әңгіменің абаттандыру, көркейту-көгалдандыруға жалғасатыны айтпаса да түсінікті. Тілін таппасаңыз, табиғаты қатал өңірде тіккен талың жайқала кетуі неғайбіл. Жыл басынан бері облыс аумағында климаттық жағдайға бейімделген 255 500 түп қарағаш, терек, Сыр талы көшеті отырғызылды. Осындайда қала іргесіндегі сортаң жерді жайқалған баққа айналдырған Бектай ақсақалдың үлгісін алдымен айтар едік.

Жалпы, жылдан-жылға сортаңданып келе жатқан топырақты бар көшет жерсіне бермейтіні бар. Әйтсе де, әдісін тауып, осындай жерге түрлі жеміс ағаштарын, тіпті тропикалық өсімдіктерді де өндіріп отырғандар кездеседі. Белгілі бағбан Бектай ақсақал солардың бірі.

Жасы тоқсанға таяған қария осы уақытқа дейін 2 миллионнан астам көшет отырғызып, тек сыртта ғана өсетін талай тал-дарақты Сырға жерсіндірді. Ақсақал қазір жайқалған бауға айналған аумаққа тоқсаныншы жылдары қоныс теуіпті. Құлазыған далаға қой жайып, екі жылда мал басын 300-ден асырып тастайды. Кейін малды саудалап, бағбандық кәсіпті біржола қолға алады.

– Қысы-жазы жел ұйытқып тұратын ауасы құрғақ, топырағы сортаң өңірде де қалағаныңды өсіруге болады. Мысалы, мен қазір көшетті дәннен егіп, 20-дан астам ағаш түрін шығардым. Олардың арасында арша, жергілікті қарағай секілді сирек кездесетіндері де бар. Тіпті тауда өсетін долананы өсіріп, жемісін жеп отырмын. Қазақ «Дарақ бір жерден көгереді» дегенді тегін айтпаған ғой. Дәні осы топырақтың нәрін бойына сіңірген тал мықты болады. Сырттан келген көшеттердің бізге жеткенше жолда бүлініп, тамыры кеуіп қалатын кезі көп. Осыдан кейін «Сыр бойында қара ағаштан басқа тал өспейді» деген түсінік те қа­лыптасқан. Мен бұл пікір­мен келіспеймін», дейді қария.

Ақсақалдың бағында жеміс ағашының 10-нан аса түрі бар. Алма, шие, жүзім, өрік, алмұрт жайқалып тұр. Ешқандай тыңайтқыш пайдаланбай-ақ ағаштың бар түрін егіп отырған қариядан көктемде көшет алатындар аз емес. Осылайша, бұрын сырттан келгендердің саудасын қыз­дырып жүргендер жергілікті көшетке бет бұра бастады.

Жуырда жергілікті «Qyzylorda» телеарнасы ұйымдастырған «Жыл таңдауы –2025» жобасында «Жылдың еңбек адамы» аталымында Бектай Сүлейменов көпшіліктің дауыс беруімен үздіктер қатарынан көрінді. «Таза Қазақстан» бастамасына үн қосқан бағбанның үрдісі ел арасында ауқымды акцияға үлес қосқандар қатарының артуына сеп болып келеді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА

Соңғы жаңалықтар