Фото: ЖИ
Нарық неге тиімсіз болып барады?
Ұлттық банк пен сарапшылардың деректеріне сүйенсек, міндетті автосақтандыру бойынша төлемдер көлемінің өсуі жиналатын сақтандыру сыйлыақыларының өсімінен айтарлықтай озып кеткен. Соның салдарынан шығындылық коэффициенті 100%-ға қарай бет алды. Ranking.kz мәліметінше, биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында сыйлыақылар 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға өссе, төлемдер көлемі бірден 34%-ға жуық артқан. Бұл арақатынастың алшақтығы бұрын да байқалған: мәселен 2024 жылы сыйлыақылар небәрі 0,6%-ға, төлемдер 31%-ға өскен.
Мұндай динамика қазіргі тарифтердің нақты шығындарды жаппайтынын көрсетеді. Мәселен, 2019 жылы төлемдер сыйлыақылардың арақатынасы шамамен 39% болса, 2025 жылдың қазанына қарай бұл көрсеткіш 76%-ға жеткен. Бес жыл бұрын сыйлыақы түсімі 76,7 млрд теңге, төлем 29,7 млрд теңге болса, биыл сыйлыақы 113,8 млрд теңгеге жетіп отыр. Демек, тарифтерге тиісті түзетулер енгізілмесе, сақтандыру компаниялары залал жинақтап, нарықтың жүйелі тәуекелдері арта түспек.
Доллардың құнсыздануы нарықтағы бағаға қалай әсер етті?
Қазақстан Сақтандырушылар қауымдастығының деректері де жағдайдың күрделі екенін растайды. 2020-2024 жылдар аралығында бұл саладағы шығындылық 46%-дан 87%-ға дейін өссе, 2025 жылдың жеті айында 96%-ды құрады. Бұған жол апатының жиілеуі, оның ішінде адам өлімімен аяқталатын оқиғалардың 2 еседен астам артуы тікелей әсер етіп отыр.
Ұлттық банктің статистикасы келісімшарттардың бұзылуын және қайтарылған сыйлықақыларды есепке алмайды. Егер осы факторлар мен резервтерді, компаниялардың істі жүргізу шығындарын қоссақ, нақты шығындылық деңгейі әлдеқайда жоғары. Мемлекеттік кредиттік бюроның (МКБ) дерегінше, әсіресе жеке тұлғалар сегментінде (уақытша кірген көліктерді есептемегенде) шығындылық коэффициенті 2024 жылы 100%-дан асып жығылған. Дәл осы сегменттегі теңсіздік жалпы нарыққа үлкен қысым жасап отыр.
Нарықтың тарылуы және «Еуропротокол» әсері
Шығындылықтың артуы аясында КҚИ АҚЖМС сегментінің сақтандыру нарығындағы үлесі де қысқарып келеді. 2019 жылы ол нарықтың 15% иеленсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 7,4%-ға дейін төмендеді. Алайда төлемдер құрылымында бұл сала әлі де 23-25% үлкен жүктемені арқалап отыр. Сақтандырумен қамту деңгейі де кеміген: 2023 жылдың басында автопарктің 100%-ы сақтандырылса, 2025 жылдың шілдесінде бұл көрсеткіш 78%-ға дейін түсіп кеткен. Бұл сектордың сақтандырушылар үшін тиімсіз бола бастағанының айқын белгісі.
Бұл жағдайға жол апаттарының көптігі мен СТО қызметтері мен қосалқы бөлшектердің қымбаттауы тікелей әсер етіп отыр. МКБ мәліметінше, 2023 жылы 94,3 мың төлем жасалса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 131,5 мыңға (өсім 50%) жеткен. Ал биылғы 9 айда 108 мың төлем жасалды.

Сонымен қатар 2024 жылы іске қосылған «Еуропротокол» жүйесі ұсақ апаттардың үлкен қабатын ашты. 2025 жылдың 3 желтоқсанына дейін «Еуропротокол» арқылы 39,5 мың оқиға тіркелген. Әсіресе Астана, Шымкент, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында көрсеткіш жоғары. «Еуропротокол» рәсімдеуді жеңілдеткенімен, ұсақ бірақ жиі шығындар арқылы нарыққа жүйелі қысым жасап, төлемдердің сыйлықақыға қатысты өсімін жылдамдатып жіберді. Оған жыл сайынғы жөндеу жұмыстарының қымбаттауын қосыңыз.
Заңнамалық бастама: Хаос па, әлде қорғау ма?
Осындай қысылтаяң шақта Мәжіліс депутаттары сақтандыру төлемдерінің лимитін екі есеге арттыру туралы заң жобасын ұсынды. Мақсат – жол апатынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейту. Әрине, бұл мемлекеттік тұрғыдан өте маңызды әрі игі бастама. Бірақ бұл ұсыныс базалық сақтандыру сыйлықақысын (тарифін) өзгертпестен ұсынылып отыр. Ranking.kz мәліметінше, КҚИ АҚЖМС бойынша базалық тариф 2003 жылдан бері, яғни 20 жылдан астам уақыт бойы өзгерген жоқ.
Сарапшылардың пайымынша, тарифтік саясатты реформаламай және резервтеу тетігін жасамай тұрып лимиттерді өсіру сақтандыру компанияларының орасан зор шығынға батуына және бүкіл сектордың тұрақсыздануына әкеп соқтыруы мүмкін. Лимиттерді көтеру азаматтар үшін пайдалы болғанымен, ол тарифтер мен резервтеу жүйесін кешенді түрде қайта қараған жағдайда ғана нарыққа қауіп төндірмейді. Әйтпесе сақтандыру нарығында қаржылық тұрақсыздық болып, сектордың жүйелі жұмысы бұзылуы ықтимал.