Фото: istockphoto.com
Қайтарылған активтерді басқару компаниясының (ҚАБК) баспасөз қызметі биылғы жұмыстың егжей-тегжейлі есебін жариялады. Компания құрылған сәттен бастап оның иелігіне жалпы құны 96,5 миллиард теңге болатын активтер берілген болатын.
Биыл компания ауқымды жұмыс атқарып, 577 электронды сауда-саттық ұйымдастырды. Нәтижесінде 155 актив сәтті сатылып, түскен жалпы сома (ҚҚС-сыз) 38,4 миллиард теңгені құрады.
Сауданың ең ірі нысандары:
- Астана қаласында орналасқан «Думан» қонақ үй кешені – 14,1 миллиард теңгеге;
- Дубай қаласындағы (БАӘ) екі зәулім вилла – 20,7 миллиард теңгеге сатылды.
Тек сатылым ғана емес, сонымен қатар құны 29,4 миллиард теңге болатын 33 актив тікелей мемлекет меншігіне өткізілді. Олардың қатарында жер учаскелері ғана емес, тарихи маңызы бар жәдігерлер – археологиялық артефактілер мен көне монеталар да бар. Бұл құнды қазыналар Қазақстанның Ұлттық музейіне сақтауға берілді.
Бүгінгі таңда Арнайы мемлекеттік қорға 38,3 миллиард теңге аударылды. Бұл сомаға активтерді сатудан түскен табыстар мен өзге де түсімдер кіреді.