Мемлекет басшысының Абай облысын құру жайлы шешімі өңірге үлкен мүмкіндік бергені рас. Бүгінде өңірдегі көптеген өндіріс орындары қайта жандана бастады. Жаңадан іске қосылған өндірістік желі – Еуразиялық экономикалық одақ пен Орталық Азия кеңістігінде халықаралық «Tetra Pak» стандарттары бойынша сертификатталған қаптама материалдарын шығаратын жалғыз кешен. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 6 миллиард теңге. Жаңа желі 20-ға жуық жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Цехтың жобалық қуаты айына Gable Top форматындағы сүт өнімдеріне арналған 25 миллион дана қаптаманы құрайды. Биыл компания өндірістік қуаттарды жаңартуда ауқымды модернизацияны аяқтаған. Еуропалық стандарттарға сәйкес, заманауи жабдықтар сатып алынып, орнатылыпты. Бұл өндіріс көлемін шамамен төрт есе арттыруға және тапсырыстарды жедел орындауға болады деген сөз.
Өндіріс ошағының мәліметінше, кәсіпорын Орталық Азияда қаптама материалдарының кең ассортиментін өндіреді және ел аумағындағы сұранысты толық қамтамасыз етеді. «Казполиграф» ЖШС өндіретін картон қаптама өнімдерінің 30 пайызы Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға және басқа да нарықтарға экспортталады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 30 мың тонна қағаз және картон қаптамасын, 2 мың тонна жабынды қағазды, 1,5 мың тонна полимерлік пленкадан жасалған қаптама бұйымдарын және 1 мың тонна басқа қағаз бен картон түрлерінен өндірілетін сығымдалған өнімдерді жасауға қауқарлы. Өндірісте 700-ге жуық адам еңбек етеді.
Өндірістік желінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аймақ басшысы Берік Уәли жаңа зауыт өңірдің индустриялық дамуына, экспорттық мүмкіндіктердің кеңеюіне және өндірістің инновациялық деңгейінің артуына бағытталған нақты қадам екенін айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «өнеркәсіптік өндірісті дамыту – ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторы» деп атап өткен болатын. Инвестициялық жобалар, өндірістегі технологиялық жаңғырту, жаңа жұмыс орындарының ашылуы – мұның бәрі Қазақстанның даму стратегиясының өзегі. Осы тұрғыдан «Казполиграф» компаниясының қосқан үлесі зор және бағалы. Бүгін – бұл тек жаңа өндірістік желінің іске қосылуы ғана емес, өңіріміздің индустриялық дамуына, экспорттық мүмкіндіктердің кеңеюіне және өндірістің инновациялық деңгейінің артуына бағытталған нақты қадам», деді облыс әкімі.
Биыл өңірде өндіріс саласы қарқынды дамып келеді. Мәселен, «Qazaq Astyq Group» ЖШС 2026 жылдың бірінші тоқсанында жылына 72 мың тонна тазартылған күнбағыс майын өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Ал Жаңасемей ауданында ірі қара, қой және жылқы етін өңдейтін ет комбинатының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар 2028 жылға дейін жылына 250 мың дана тері өңдейтін «Eastern Protein» ЖШС кәсіпорны мен жылына 36 мың тонна сүтті қайта өңдейтін «Ертіс Өнімдері» ЖШС зауыты іске қосылмақ. Бұған қоса майлы дақылдарды қайта өңдеуге бағытталған үш агрожоба жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.
Абай облысы