Төтенше жағдай өкілдері бізді адам өмірі алаңдатады дейді. Себебі Астанада су айдындарында жұқа мұзға шығып, өз өмірін қатерге тігетіндер көп екен. Сондықтан елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күн сайын рейдке шығып, мұз үстіндегі қауіпсіздік талаптарын тұрғындарға түсіндіріп жүр екен. Олар 1 желтоқсаннан бастап түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр екен.
– Есіл өзенінің бойында мұз үстіне шығып, балық аулайтын азаматтармен тұрақты профилактикалық рейдтер жүргізіліп келеді. Рейд барысында мұздың нақты қалыңдығы өлшеніп, қауіп төндіретін аумақтар арнайы белгіленеді. Балықшы құтқару жабдықтарымен жабдықталуы керек. Ол құтқару желеті, арқанын ала шығуы керек. Азамат қауіпсіздік ережелерін бұзған жағдайда біздің төтенше жағдай департаментімен әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 412 бабына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деді департамент басшысының орынбасары Данияр Тәжібаев.
Құтқарушылар күн сайын таңғы 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін Есіл өзенін аралайды. Аталған жұмысқа тәжірибелі мамандар да тартылған. Солардың бірі Сейілбек Нақыпов. Ол төтенше жағдайдар департаментінде 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді.
– Мұздың үстімен конькимен жүргендей қозғалу керек. Тікелей, жаяу адам сияқты емес, сырғанап қимылдаған дұрыс. Сонда мұз астына түсіп кету қаупі азаяды. Ал егер адам мұз астына түсіп кетсе, еңбектеп қатты мұз жатқан жаққа қарай шығуы керек. Әйтпесе қайтадан опырылып кетуі мүмкін, – деді бас құтқарушы Нақыпов.
Мамандардың айтуынша, тұрғындардың жаяу жүруі үшін мұздың қалыңдығы кемінде 10 сантиметрден көп болуы қажет. Ал балық аулау кезінде талап одан да қатаң. Мұздың қалыңдығы кемінде 25 сантиметр болуы шарт. Мұндай тексерістердің басты мақсаты – қыс мезгілінде қайғылы жағдайлардың алдын алу. Құтқарушылар тұрғындарға жұқа мұзға шықпауға, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және төтенше жағдайда 112 нөміріне хабарласуға шақырды.