«Цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту саласында ынтымақтастық орнату өте өзекті.
Жапондық инновациялар сапа, сенімділік және жоғары технология тұрғысынан кеңінен танымал.
Қазақстан цифрлық мемлекетке айналу жолына түсті. Осы мақсатта Аlem.ai. халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды.
Биыл еліміз америкалық технологиялар базасында екі суперкомпьютерді іске қосты.
Келесі жылы өнеркәсіп, мемлекеттік сектор, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру салаларын цифрландыруға бағытталған Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыруды бастаймыз.
Осылайша, Қазақстанда жасанды интеллекті мен цифрлық технологияларды одан әрі дамыту үшін оңтайлы жағдай жасалады.
Бұл ретте біз Токионың Орталық Азия елдері мен Жапония арасында жасанды интеллект саласы бойынша тың серіктестік орнату жөніндегі бастамасын қолдаймыз.
Аталған платформаны Орталық Азиядағы ең ірі ІТ-стартап «Astana Hub» және қажетті инфрақұрылымы мен халықаралық экожүйесі бар Аlem.ai орталығының базасына орналастыруды ұсынамыз», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жапон университеттері мен білім орталықтарының бөлімшілерін ашуды ұсынды.
«Адам капиталы – дамудың басты қозғаушы күші. Жапония бұл формуланың дұрыстығын нақты дәлелдеді.
Адам, еңбекке құрмет көрсету, ұдайы жетілуге ұмтылу, өмір бойы оқу, өскелең ұрпаққа білім беру – Сіздің мемлекетіңіздің артықшылығы.
Қазақстан білім саласын белсенді дамытып жатыр. Әсіресе, шетелдік серіктестерімізбен бірге осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Елімізде шет мемлекеттердің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары табысты қызмет етуде.
Жапонияға Қазақстанда университеттер мен білім орталықтарының бөлімшілерін ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», деді Мемлекет басшысы.