Саясат • Бүгін, 08:40

Парламентаризм институтының 5 жылдығына арналған форум

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Парламентаризм институтының құрылғанына 5 жыл толуына орай Еуразиялық форум өтті. Алқалы жиында Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева мен Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов сөз сөйледі.

Парламентаризм институтының 5 жылдығына арналған форум

Суретті түсірген – Ж.Жұмабеков

Дания Еспаева қатысушыларға Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың Парламентаризм институтының 5 жылдығына арналған құттықтауын жеткізді.

«Қазақстан Парламентінің қалып­­тасу, даму эволюциясы өзін­дік ерек­шеліктерге ие. Ол осы отыз жыл ішінде мемлекеттің маңыз­ды институттарының бірі ретін­де нығайды. Еліміздегі конститу­ция­лық өзгерістердің әрбір кезеңі парламентаризмнің жаңа даму парағын ашты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы Қазақстан пар­ла­ментаризмінің дамуына тың серпін беріп, ықпалын арттыра түсуде. Осы орайда Президент тапсырмасымен Парламент жанынан құрылған Парламентаризм институты заңнама сапасын күшейтуде маңызды құрылым болып отыр», делінген Ерлан Қошановтың құттықтауында.

Сондай-ақ Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың алғысхатын оқып берді. Онда Сенат төрағасы заң шығару қызметін дамыту мен парламенттік жүйені нығайтуға қосылған Пар­ламентаризм институтының елеу­лі үлесін атап өтті.

Форумда сонымен қатар Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің алғысхаты оқылды. Онда Мемлекеттік кеңесші Пар­ламентаризм институтының парламентаризм саласындағы зерт­теу­лерді дамытуға және мемлекеттік басқару реформаларын қолдауға қосқан кәсіби үлесін атап өтті.

Алқалы жиында Дания Еспаева бүгінгі таңда Парламент Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарын жүзеге асырудағы сенімді тірекке айналғанын айтты.

«Парламенттің қазіргі моделі өзін мемлекеттік биліктің тұрақты элементі ретінде танытты. Қалыптасқан тепе-теңдік Парламенттің ел Үкіметімен, өңірлермен өзара сындарлы іс-әрекетін айқындады. Қоғамда әділ­дікке деген сұраныс артқан кезең­де билік пен азаматтар арасын байланыстыратын буын ретіндегі Парламенттің рөлі күшейе түсті. Ол күнделікті қызметінде Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын белсенді түрде ілгерілетіп келеді», деді Мәжіліс вице-спикері.

Форумда баяндама жасаған Пар­ламентаризм институтының директоры Наталья Пан бүгінгі таңда Еуразия өңіріндегі елдер үшін парламентаризм тақырыбының ерекше маңызды екеніне назар аударды. Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттердің жария билік жүйесінде елеулі трансформация жүріп жатыр. Демократиялық институттар нығайып, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есеп­ті­лі­гіне деген қоғамның сұранысы артып келеді.

«Осындай жағдайда өкілді би­лік­тің негізгі институты саналатын Парламент қоғамның үдесіне сай болуға тиіс. Президент атап өткендей, негізгі стратегиялық мақсат – білікті әрі тәжірибелі мамандар шоғырланған кәсіпқой Парламент қалыптастыру», деді Наталья Пан.

Осыған байланысты өткен форум­ның міндеттерінің бірі саяси-құқық­тық ахуал жиі өзгерген кезеңде парла­ментаризм­нің болашағы туралы біртұтас көзқарасты айқындау болды.

Іс-шарада сөз алған Конститу­циялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Астана хаб Басқару комитетінің төрағасы Әлихан Байменов өз ойларын бөлісті.

Narxoz университетінің Еуразия­лық экономикалық-құқық­тық зерт­теулер институты Консти­ту­ция­лық экономика орталығы дирек­торының орынбасары, заң ғылым­да­рының докторы, профессор Виктор Малиновский Қазақстан Пар­ламентінің мемлекеттілікті жаң­ғыр­­тудағы рөлі мен маңызы туралы баяндама жасады.

Форумда шетелдік ғалымдар Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдеріндегі пар­ламен­таризмнің қалыптасуы мен даму жолы туралы айтып берді.

Қатысушылар бес жыл ішінде Парламентаризм институтының ғылымды, заң шығару мен мемлекеттік саясатты сабақтастырған беделді әрі орнықты сараптамалық-талдамалық платформа ретінде қалыптасқанын атап өтті. Олар институттың мем­ле­кеттік реформаларға қосқан прак­ти­калық үлесіне ерекше тоқталды. Парламентаризм институты өкілінің 2022 жылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының құрамына кіргені де айтылды.

Форумның күн тәртібінде пар­ламентаризм­нің конституциялық-құқықтық негіздері, реформалар жағдайындағы парламенттік институттардың эволюциясы, сондай-ақ жаһандық сын-қатерлер, цифр­ландыру және азаматтардың бас­қару ісіне қатысуын кеңейту үдерісі қамтылған даму келешегі талқыланды.

Соңғы жаңалықтар

Асауға тұсау салынды ма?

Өнер • Бүгін, 10:00