Экономика • Бүгін, 08:30

«Іскер аймақ» шағын кәсіпкерлікті қолдайды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміз шағын бизнес иелерін қолдайтын тағы бір құжатты жарыққа шығармақ. Бұл туралы желтоқсан айының басында Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берген. Тіпті бірыңғай құжатты бірінші кезекте қабылдауды шегелеп айтқан-тын. Осыдан кейін-ақ іске кіріскен Үкімет «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын бекіту туралы» қаулының жобасын әзірледі.

«Іскер аймақ» шағын кәсіпкерлікті қолдайды

«Іскер аймақ» жобасы шағын кәсіпкерлік саласын қолдайтын бас­ты құжат болғалы тұр. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, қаулы жобасында кәсіпкерлерге қаржылай көмек несиелерін беруден бастап, инфрақұрылымды дамыту, бизнес өкілдерін оқыту, олардың жобаларын қолдауға дейінгі барлық іс-шара қамтылған.

Құжатта шағын бизнес субъектілеріне қаржылай көмек пайыздық мөлшер­ле­менің бір бөлігін субсидиялау және қа­рыздарға кепілдік беру арқылы бері­ле­тіні айтылған. Бұл шаралар қарыз қаражаттарының құнын төмендетуге, несие ресурстарына жеңіл қол жеткізуге мүмкіндік бермек.

Бағдарлама іске қосылса, шағын кәсіп иелері инфрақұрылым мәселесін де оңай шешіп, қажетті үй-жайлары мен жер учаскелерін алу жағынан мемлекеттің қолдауына арқа сүйей алады. «Жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен» ҰКП өңірлік мамандануды ескере отырып, қызмет түрлерін айқындайды, кәсіпкерлердің өтінімдерін қарайды әрі бекітеді, нәтижелерге мониторинг жүргізе отырып, инфрақұрылымдық қолдау көрсетеді», делінген министрліктің бізге берген ақпаратында.

Жобада кәсіпкерлікті дамыту мақса­тында ортақ жауапкершілікке тартылатын өңірлерге басымдық беріледі. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар өздерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін, өзекті қажеттіліктерді ескере отырып, керекті тауарлардың тізбесін жасауға тиіс.

Бағдарламада өңірлік экономиканың ерекшелігін ескеретін кредиттік лимит­тердің екі деңгейлі жүйесі де қарас­тырылған.

Бірінші деңгей өңірлік мамандануға сәйкес келетін, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларды қамтиды, яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, азық-түлік шағын өндірістері, наубайханалар, ағаш өңдеу және ауыл, аудан орталықтарындағы қолөнер жобаларына ерекше көңіл бөлініп, бұл салаларға субсидиялар бюд­жетінің 70%-на дейін бөлінеді.

Екінші деңгей тұрақты өндірістік базаны қалыптастыруға, жұмыспен қамтуды кеңейтуге, өңірлерде ұзақ­мер­­зім­ді экономикалық тиімділікті құруға ар­налған. Бұл деңгейдегі жоба­лар­ға тамақ өндірісі, жиһаз цехтары және құрылыс материалдарын өндіру жатады, оған субсидиялар бюджетінің 30%-на дейін бөлу көзделген.

«Абай, Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақ­стан, Қызылорда облыс­тарындағы өнеркәсіптік жобаларға ерек­ше назар ауда­рылды. Бағдарлама барлық ауылдық аймақты қамтиды, ондағы шағын және орта бизнес жобаларын қолдайды», дейді министрлік өкілдері.

Бағдарламаны әзірлеушілер «Іскер аймақ» бүкіл елдегі шағын бизнесті дамытудың жаңа бірыңғай тәсілі болатынына сенімді. Жобада әсіресе, ауылдық жердегі шағын кәсіп иелерін қолдауға басымдық беріледі. Министрліктің хабарлауынша, бағдарламаны қабылдау – ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы бизнесті ауқымды дамыту­дың маңызды қадамы.

«Іскер аймақ» іске кіріссе, былғары, сүт, қолөнер мен басқа да басым салалардың дамуына назар аударылып, шикізатты жергілікті өндіру әрі қайта өңдеуді ынталандыруға мүмкіндік беріледі.

Соңғы жаңалықтар