Білім • Бүгін, 09:40

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы қорытындыланады

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасының игілігін оқушылар көріп жатыр. Президент биылғы Ұлттық құрылтайда Ақмола облысының мектеп салу қарқынын ерекше атап өтіп, өзге өңірлерге де оқу ордасын уақтылы қолданысқа беруді тапсырған еді. Жыл соңына дейін барлық құрылыс аяқталады деген жоспар орындалды.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы қорытындыланады

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Ұлттық жоба аясында бой көтерген мектептер қала мен ауылға бірдей стандартпен салынды. Сыртқы келбеті мен ішкі жабдықталуында айырмашылық жоқ. Бұл – қала мен ауыл ара­сындағы білім сапасы мен инфра­құрылым алшақтығын азайту мақсатында жасалып отыр.

Жаңа білім ордалары зама­науи талаптарға сай жабдық­талған. Мектептерде кең әрі жарық сыныптар, соңғы үлгідегі оқу құралдары, STEM және ком­пьютерлік кабинеттер, спорт, мәжіліс залдары, кітап­хана мен асхана қамтылған. Бала­­лар­дың қауіпсіздігі үшін бейне­бақылау жүйелері орнатылып, инклюзивті білім алуға толық жағдай жасалған. Жобаның маңызды ерекшелігінің бірі – шалғай елді мекендерге басым­дық берілуі. Ұлттық жоба аясын­да алыс ауылдарда да ірі әрі зама­науи мектептер салынды. Мем­­лекеттік бақылаудың, жауапты орын­даушылардың үйлесім­ді жұмысының нәтижесінде құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімнен кешікпей аяқталды. «Samruk Construction» компа­ниясының мәлімдеуінше, жобаны іске асыру барысында сапа талаптары басты назарда ұсталып, әр нысан толық қабылдау рәсімінен өткен.

Алматы қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 21 заманауи мектеп салу жоспарланған. Оның 13-і «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқаруымен, ал қалған 8 мектеп қала әкімдігі тарапынан мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі және дайын нысандарды сатып алу тетіктері арқылы салынып жатыр. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқаруындағы 13 мектептің барлығында құры­лыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталған. Басқарма төра­­ға­­сы Мәулен Айманбетовтің ай­туын­ша, №97 және №154 мектептер бұрын апатты жағдайда болған ескі ғимараттардың орнына бой көтерген. Ескі нысандар толық бұзылып, олардың орнына қауіпсіз әрі заманауи мектептер салынған.

«Бірыңғай оператордың бас­қаруымен ел тарихында алғаш рет әрқайсысы 2 500 орындық екі ірі мектеп пайдалануға беріл­ді. 2 500 орындық мектептер­дің нор­мативтік құрылыс мер­зімі 28 ай. Біз оларды 22 айда аяқтадық. Бұл – тек Алматыдағы емес, республика бойын­ша ең ірі оқу орындары», дейді М.Айманбетов.

Ал Астана қаласында «Ке­лешек мектептері» ұлттық жобасын іске асыру мәресіне таяп қалды. Жоспарланған 22 мектептің 21-інде, яғни 39 200 оқушы орнына арналған нысандарда құрылыс жұмыстары толық аяқталған. 2000 орындық бір мектеп жақын уақытта пай­далануға беріледі.

Сонымен қатар жақында Маң­ғыстау облысындағы «Келе­шек мектептері» жобасы аяқталып, соңғы 13-мектеп оқушыларды қабылдады. Жаңа форматтағы білім ұйымы 1 500 оқушыны қамти алады.

«Бүгінде мемлекетіміздің бас­ты басымдықтарының бірі – сапалы білім жүйесін қалыптас­тыру. Осы орайда, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген жаңа білім ордасы – біздің мектебіміз, осы бастаманың жарқын көрінісі деп білеміз. Жаңа мектеп – тек ғимарат емес, бұл – жаңаша ойлау, жаңаша оқыту, заманауи мүмкіндіктермен жабдықтал­ған зияткерлік кеңістік. Мұн­да оқушыларымыз білім алып қана қоймай, тұлғалық дамуға, шығармашылықпен айналы­суға, цифрлық сауаттылықта­рын арттыруға барлық жағ­дай жасалған. Мектеп ұжымы – тәжірибелі, жаңашыл ұс­таздардан құралған. Біз білім мен тәрбиені тең ұстауды бас­ты міндет санаймыз. Баланың жан-жақты дамуы, қауіпсіз ортада еркін ойлап, өз болашағын қалыптастыруы – біздің күнде­лікті жұмысымыздың негізі», дейді Ақтау қаласы №35 мектеп директоры Любовь Нам.

Республика бойынша 10 өңірде мектептер толық пайдалануға берілді. Жалпы, 217 300 оқушы орнына есептелген 208 мектептің 187-сі толық салынып бітті. Қалған 21 мектептің құрылыс-монтаждау жұмысы ғана қалған. Атап айтсақ, Алматы қаласында – 13 мектеп, 23 100 оқушы орын, Шығыс Қазақстан облысында – 7 мектеп, 3 000 орын, Солтүстік Қазақстан облысында – 2 мектеп, 1 200 орын, Павлодар облысында – 2 мектеп, 1 800 орын, Қызылорда облысында – 10 мектеп, 6 900 орын, Маңғыстау облысында – 13 мектеп, 12 600 орын, Жамбыл облысында – 7 мектеп, 6 200 орын, Ақмола облысында – 9 мектеп, 12 200 орын, Шымкент қаласында – 12 мектеп, 17 300 орын, Ұлытау облысында – 1 мектеп, 300 орын, Жетісу облысында – 2 мектеп, 1 800 орын қолданыста.

Сондай-ақ Оқу-ағарту ми­нистрлігінің мәліметінше, «Келешек мектептерінің» жартысына жуығы ауылда орналасқан. Соның ішінде ең шалғайы шекара маңыңдағы Жоңғар қақпасының етегінде жатқан Достық ауылында бой көтерді. Бір ауысымда 600 бала қабылдай алатын нысан стандартқа сай. Мектеп балаларға қажетті барлық құралмен жаб­дықталған.

Соңғы жаңалықтар