Өнер • Бүгін, 10:00

Асауға тұсау салынды ма?

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрында премьерасы өткен «Асауға тұсау» комедиясы Гүлназ Қамысбаева ізденісінің тағы бір қырын байқатқан қойылым болды. Бұл бұған дейін «Мәңгілік бала бейне», «Мәңгүрт», «Қорғансыздың күні», «Махаббат қызық мол жылдар», «Алладин», «Қарша қыз және жеті гном» сияқты ересектер мен балаларға арналған спектакльдер сахналаған режиссердің У.Шекспир шығармашылығына алғаш бет бұруы екен.

Асауға тұсау салынды ма?

Аталған театрда үшінші рет сах­нала­нып отырған комедия­да Г.Қамыс­баева басты кейіп­керлерге ғана назар аудар­май, Транио, Гремио, Грумио, Гор­тен­зио, Люченцио, Бьонделло сияқ­ты өзара тартысқа түсетін кейіпкер­лер­ден әдемі ансамбль түзіп, рөл орын­дау­шылардың тұтастай көркем дүние жасауы­на мүмкіндік беріпті. Шы­мыл­­дық ашылмас бұрын Баптиста қыз­дары хабарлаған «қызық оқиға» театр­дың жас актерлерінен құрылған осы ансамбльдің пластикалық қызу қи­мыл­­дары арқылы дамып отырады. Бірі­нен-бірі туындайтын барлық әрекет-көріністердің көрерменнің көз алдында өтіп, оқиғалардың алма-кезек ауысуы спек­такльдің көркемдік тұтастығын құраған. 

Қоюшы суретші Тимур Кое­совтың безендіруіндегі көпір маңызды қызмет атқарады. Кейбір көріністердің немесе диалогтердің сол көпірдің асты мен үстінде параллель орындалуы У.Шекс­пир меңзеген ой-идеяның мәнін аша түскен. Мәселен, Петруччо мен Ка­таринаның ең алғашқы кездескен сах­насын­дағы жігіттің үстіндегі, қыздың сол көпірдің астындағы мизанс­ценасынан-ақ режиссер ер-азаматтың отбасындағы орнын байқатады. Сол сияқты әрбір көріністе мұның орны ауысып, көрерменді оқиғаның қай жерде өтіп жатқанынан хабардар етеді.

вв

Веронадан Падуяға бақ іздеп келген Петруччоның ештеңеге қарамастан байдың қызына үйлену жоспарын рөлдегі Нұр­бек Сезьхан құбылған мимикасымен, екпінді дауыс-дикция­сымен, еркін әрі жеңіл қимыл-қозғалысымен жеткізеді. Актер­дің түр-тұлғасы, өз-өзіне сенімді жүріс-тұрысы, күннен қорғайтын сәнді көзілдірігі нағыз бай жігіттің болмысын айшықтап-ақ тұр. Оның ән орындаудағы әдемі қоңыр даусы да қаһарманның өзгеше тұлғасын танытқандай. Дегенмен комедиядағы басты қаһарманның түнерері бар да жауары жоқ кейпі басым шықты. Негізінен Петруччоның Катаринаны жуасытуы бұл – метафора, ал жігіттің мақсаты – қызға тұсау салу емес, керісінше әйел адамның өз орнын, өз шындығын табуына ықпал ету ғана. Демек осы тұста билікті өз қолына алған, Катаринамен күресте тек жеңісті көздеген Петруччо – Н.Сезьханға өз мақсатына жету үшін мысқыл көзқарас, әжуә сөз, дауыс үнінің жоғары-төмен құбылуы, тапқыр әрекеттер өте қажет.

Спектакль басталғанда Гүлда­на Кө­шербаеваның ойынындағы Катари­наның дүбірлі музыкамен қатар орындалатын үнсіз жүріс-тұрысы, төңірегіндегі еркек атаулыны қырып-жоярдай екпіндеген сөзсіз қимылы басты кейіпкердің У.Шекс­пир суреттеген мінезіне сай келіпті. Бірде Гремионы айналдырып, лақтырып жіберсе, келесіде қабырғаға арқасымен жабыса түскен Гортензионы ұрып-соғуында гротескілік сарын бар. Актриса қолданған мұндай әдіс, әрекеттер шығарма жанрын ақтайды. Ол ешкімді де көзіне ілмейтін тәкаппар кейіпкерін сұсты жүзімен, мән­сіз көзқарасымен дөрекі әрі қырсық мінез­де көрсетеді. Алайда бұлар­дың барлы­ғы тек сыртқы бейне­леу тәсілі болған­дықтан Катаринаның жанына ешкім­ді жақындатпайтын асаулығын бай­қау қиын. Керісінше, нағыз мінез ерекше­лігі көрінуге тиіс кейбір көріністерде Катарина – Г.Көшербаеваның ұяңдығы мен көнбіс кейпін байқадық. Режиссер «ғашықтар» ара­сын­дағы қақтығысты рөл орындаушылардың биі кезінде берілетін қызыл жарық арқылы жеткізгенімен бұл жерде де Баптистаның үлкен қызы­ның долы мінезінен гөрі лирикалық кейіп­кердің кескіні басым түсіп жатты.

Спектакльде қыз бен жігіттің бетпе-бет алғаш жолыққан сәтінде-ақ көрінуге тиісті бірін-бірі селт еткізетін мінездер қақтығысының болмауы, диалог­тің қа­рапайым ғана айтылуы рөл орындаушылардан сөз пластикасына, бірін-бірі арбаған ой пластикасына мән беруді талап етеді. Әсіресе вероналық жігіттің қайратты сөзіне, өткір мінезіне басымдылық берілуі керек-тін. Әрине, Петруччоның оғаш мінезінің, жалпы қаһарманның У.Шекспир суреттеген бейнесінің жарқын әрі эмоциялы түрде көрінуі Катарина рөліндегі актрисаның шеберлігіне тығыз байланысты. Демек Катарина жоқ жерде, Петруччо жоқ. Яғни комедияның идеясына негіз болған басты тартыс тақырыпқа сай осы екеуінің мінездер қақтығысынан туындауға тиіс.

Сол сияқты Баптистаның ерке қызы­ның (Тұрсынгүл Аманғалиева) ойы­нында бір ғана қимылмен шектеліп қал­ған. Т.Аманғалиева – Бьянканың өзін қоршаған көп жігітті ғашық ететін қылығы, сүйкімділігі, естен тана ғашық ете­тіндей әрекет-қимылы бастан-аяқ қайталанатын мимика мен иығын қиқаңдататын қиқар­лығының көлеңкесінде қалып қойған.  

пр

Жалпы, актерлік ансамбльде сөз бен сол сөзден туындап жатқан түрлі қимыл-қозғалысты қисынды байланыстырған Асқар Жангельдиев (Гортензио), Ержан Есенов (Грумио), Азамат Орынбаевтар (Бьонделло) кейіпкер жасаудағы шынайы ойындарымен шығармашылық ізденістерін байқатты. «Спектакль ішіндегі спектакльдің» қызықты оқиғалары орындаушылардың жастық жалыны мен бірін-бірі толықтырып отыратын қимыл­дары арқылы өрбіп отырады.   

Негізінен режиссердің пролог­тегі  Слай сахнасын алып тастауы – әлемдік театрларда бар үрдіс. Ал бұл жердегі пьеса­ның құрылымын өзінің тұжырымына қарай ықшамдаған Г.Қамысбаеваның Слаймен тәжікелесетін трактирші әйел­ді қойылымға қосуы ұтымды ойлас­тырылған. Дене пішіні үрлен­ген шардай тым семіз, еркек атаулыны соңына ерткен бұл әйелді Дарина Марат екі қолы­на сыра құйылған үлкен ағаш шыныаяқтарды (кружкалар) көтеріп, теңселген жүрісімен карикатуралық кейіпкерге айнал­дырған. Бұдан дәл қазір­гі сұлулықты қолдан жасап, денелері мен бет-еріндерін плас­тикалық отамен әрлеуге әуес қыздар мен әйелдердің мысқылды бейнесін көрдік. Д.Марат сахнада көп көрінбесе де осындай әжуа-сықақпен боялған кейіпкерімен есте қалды.   

Петруччоның үйіндегі Ката­ри­наны жуасыту үшін жасал­ған әрекеттер де нанымды. Әсіресе христиандық салт бо­йынша ас ішердің алдында дұға оқу, тіпті мұның уақытының ұзақтығы дәл осы жерге қисынды үйлескен. Жігіттің өз мінезін Баптистаның үлкен қызынан асыру үшін қасақана жасаған әрекеті бұл. Сол сияқты қызметшілердің Петруччо мен асау қыздың алдында иіліп-бүгіліп орындайтын қимылдары еріксіз күлкі тудырады. Барлық сөзсіз қимылдары, ым-ишараттары олардың қожайы­нынан сескенетінін, бағыныштылығын байқатады. Дәл осы көріністі бүгінгі жаппай белең алған жағымпаздықты көрсетуге сұранып тұрған сахна дер едік. Яғни Петруччо мен оның қызметшілерінің қарым-қатынасы арқылы қоғамдағы теріс қылықтарды осындай комедиялық, сатиралық бояуда көрсетудің маңызы зор. 

Г.Қамысбаева Бьянкаға талас­қан Гре­мио мен Люченционың байлығын ескі шамадандар арқы­лы көрсетеді. Қазақ театрларында бірінен-біріне көшіп жүретін бұл детальдың комедияда да, трагедияда да қолданылатынын білеміз. Әрине, оқиғаға қиысып, өзінің функция­сын қисынды атқарып тұрса, келісуге болады. Бірақ У.Шекспирдің дәл осы комедиясы актерлік жарқын ойындарға, сахнаны мейлінше жарқырата безендіруге, өткен мен бүгінді байланыстыратын бейнелеу құралдарын кеңінен қолдануға, сол арқылы әсерлі атмосфера мен өзгеше эмоция тудыруға сұранып тұрған шығарма болып табылады. Сол себепті де осы бақталас екеудің байлығын бүгінгі тойшыл қазақтың бәсекеге айналған бағалы заттарымен (құндыз тондар, доллар, алтын, т.б.) жарқырата паш ету керек еді деген ойымыз бар. Яғни драматург, режиссер немесе актер болсын, өзінің қолға алған көркем дүниесі (пьесасы, рөлі, сахналық шешімдері) арқылы көпшілікке өз заманының мәселесін жеткізуге тиісті.

Жалпы, У.Шекспир комедиясы сюжет­тік құрылымы мен идеясы жағынан ер-аза­матты ерекше қадірлейтін қазақ халқының мінезі мен менталитетіне өте жақын. Петруччоның асқақ, өр тұлғасы, шығарма соңында өз орнын тапқан Катарина­ның өзге әйелдерге айтатын ақылы адам бойын­дағы махаббат пен сүйіспеншілікті, отба­сындағы құндылықтарды насихаттайды. Демек мұндай көркем дүниелерге уақыт өткен сайын назар аударып отыру­дың маңыздылығын атыраулық театр ұжымы көрсетіп берді. Комедия жанры арқы­лы әйелдің қоғамдағы һәм отбасын­дағы орнын көрсетіп берген ағыл­шын драматургі меңзейтін ой дәл қазіргі уа­қытта өте өзекті. Сол тұрғыдан алған­да Махамбет атындағы Қазақ драма театры ұжымының шығармашылық ізденісі айқын дейміз.

 

Зухра ИСЛАМБАЕВА,

театртанушы, өнертану кандидаты 

Соңғы жаңалықтар

Асауға тұсау салынды ма?

Өнер • Бүгін, 10:00