Руханият • Бүгін, 08:25

Тасқа жазу әлемінің тасжарғаны

10 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Гүлзейнеп Сәдірқызының «Егемен Қазақстандағы» ізі елеулі

Тасқа жазу әлемінің тасжарғаны
  1. Бір университетке тең он тоғыз мектеп

2025 жылдың өлшемімен қарасақ, көптеген мамандық қажетсіз болып қалды. Газеттің айналасында осыдан отыз бес жылдай бұрын маңызды болған ондаған қызмет түрі енді жоқ. Бәрін тізіп қайтеміз, Гүлзейнеп Сәдірқызына тиесілі стенографистка деген мамандық болғанымен шектелейік.

Қазақ тарихындағы теңдессіз стенографистка Данабике Байқадамова еді. Кезінде Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясының тарауларын ауызша айтып, бұл кісі сөйлем-сөйлемімен сол қалпы мәшеңкеге басып үлгеріп отырған. Міне, осы Данабике апайдың «Социалистік Қазақстан» газетіндегі орнын Гүлзейнеп Сәдірқызы жоқтатпады. Қадірменді апайды зейнет демалысына жібере алмай қиналған кезде редакцияның бағына тура Байқадамованың қазақша «Стенография» оқулығын оқып, училище бітірген Гүлзейнеп Әбдірахманова тап болды.

Өзі әрі қарай бірден журналисти­каның облыстардағы 19 мектебімен байланыс орнатты. Ол кезде стенографистка суыт материалдар­ды қабылдайды. Түсінікті тілмен айтқанда ар жақта тілші телефон арқылы мәтінді оқиды, мына жақта Гүлзейнеп соны бірден мәшеңкеге басып меншікті тілішілер бөлімінің меңгерушісінің алдына әкеледі.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары­ның соңында «СҚ-ның» тілшілері сайдың тасындай іріктелген журналистиканың жампоздары еді. Оралда – Боранғали Ырзабаев, Шымкентте – Алтынбек Жол­дасбеков, Жезқазғанда – Өтеген Жап­парханов, Талдықорғанда – Сейдах­мет Мұхаметшин, Қостанайда – Байтұр­сын Ілиясов, тағы басқалары. Осы ысылған тілшілердің түрлі жанрдағы суыт материалдары Гүлзейнептің саусағы арқылы мәшеңкеге басылатын. Ал санасында сын мақала, репортаж, проблемалық мақала, очерк, фельетон қалай жазылатыны сақталып қала беріпті.

Бірнеше жыл бойы 19 меншікті тілшінің мектебінен үйренгені тұтас университетке татитын болды. Тура осы тұста Қазақстан да өз тәуелсіздігін алған.

 

  1. Бір саланы сапырған үш мақала

Қазақстанның тәуелсіздігін алуы мен оны сақтап қалуы жолында қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары ересен еңбек етті. Ол еңбек қаншалықты бағаланды, қаншалықты зерттелді, айта алмаймыз. Білетініміз – бас редакторымыз Шерхан Мұртазаның қайрап салуымен небір мәселені қиып
түсіретінбіз.

Тақырып көп заман еді. Тақырып көптіктен, кейде тілші жетіспей қалады. Егемендіктің жалауы желбіреп, ол тәуел­сіздік туына айналған шақта Шер­хан Мұртазаның қаламынан «Жат жұрт­тан іздемейік пайғамбарды» деген мақала туған. «Социалистік Қазақстаннан» «Егеменді Қазақстанға» айналған га­зетіміздің бірінші бетіне жарияланған.

Хош, пайғамбарды жат жұрттан іздемейді екенбіз, ендеше неге журна­листі жат жұрттан іздеуіміз керек? Тура осылай қойылған сұрақ арқы­лы стенографистка Гүлзейнеп Әбдірах­манова тілшіге айналып шыға келген. Әрі, Шерхан Мұртаза редакция қыз­мет­керлері сойының соңындағы «ов» пен «ова» жалғауларын құртқан соң Сәдірқызы деп әкесінің атын таңдаған.

– Тапсырма бер ана қызға, – деді бір күні Шер-ағаң күндей күркіреп. Біз онда Ақпарат бөлімінің меңгерушісі едік.

«Ана қызды» шақырдық.

– Ал не жазасың?

– Перзентхана проблемасын жа­зайын.

Шер-ағаның «ана қызы» әлде екін­ші, әлде үшінші баласына босанып, декретттік демалыстан жұмысқа оралған кезі екен. Сондықтан журналист еркектер ішкі жағын мүлде білмейтін, тіпті көрмеген медициналдық мекемедегі ахуал­ды бастан өткеріп келген.

Жазды. Ұзақ екен. «Үшке бөліп берейік» дедік. Келісті. Бес жыл университетте оқып келген журналистердің талайы мақаласына тақырып қоюға келгенде шорқақтап қалады.

Жалпы, журналистика факультетінде «Тақырып қою» деген пән болған емес. Біздің кезімізде де, қазір де. Негізі бұл – аса керек пән. Осы пәнді оқытпасақ та, практикалық сабақ беруге біліктілігіміз жетер еді. Басқа арнаға түсіп барамыз ба, сөзді Сәдірқызына бұралық.

Мақаласына тақырып тауып бердік. Ұмытпасақ «Перзентхана пердесі талай сырды бүгіп тұр» болуы керек. ПЕРЗЕНТХАНА ПЕРДЕСІ бас әріптер­мен теріледі. Бұл – басты тақырып, арғы жағы – жалғасып кетететін тақырыпша. Біздің – ноу-хау. Басқаға көп ұсына бермейтін едік, Сәдірқызының алғашқы мақаласының байғазысына байлағанбыз.

Осы мақаладан кейін Денсаулық сақтау министрлігі аласапыран болды. Әйелдер босанатын үйлер назарға алынып, ұлтымыздың санын көбейтемін деген аналарға ол жерде қамқорлық жасалды. Редакцияға келсек, сериялы үш мақала арқылы Гүлзейнеп Сәдірқызы журналист болып шыға келді. Он жыл, жиырма жыл мақала жазып жүргендерді ығыстырып, алдыңғы қатарға бір-ақ шықты. Қадыр Мырза Әлінің өлеңінде «атылмаған жанартаулар қауіпті» дейтін жол бар еді. Тура солай болды.

 

  1. Бір стенографиске үш тапсырма берілмейді

«Шер-аға шақырады». Құлағымыз әбден үйренген сөз еді. Күніге үш-төрт рет естиміз. Иә, тағы шақырды.

– Ана қыз перзентхананың пердесін сыпырып берді. Ал енді шопанның әйелінің жағдайын жазсын.

Иә, шаруашылық атаулының қожы­раған уақыты. Тіпті, Семей облысы Абай ауданынан «Суға кеттік, тал қайда?» деп жанұшырған хат та жарияланған.

Сәдірқызына айттық. Алысқа барудың қажеті жоқ, өзі де – малды ауылдың қызы. Жағдайды жақсы біледі. Жазды. Редакцияладық. Тақырыбын қойып бердік. Қазақтың мақалынан ғана емес, жұмбағының өзінен тамаша тақырып шығаруға болады. «Айдалада ақ отау».

Не жоспарлы экономиканың шідерін үзе алмай, не нарыққа толық өте алмай дел-сал болған уақытта малшы атаулының айдалада қалғаны анық. Соны меңзегеніміз. Анығында – Гүлзейнептің соны меңзегенін айқындап бергеніміз.

Мақала осы тақырыппен жарияға жетті. Мәселені қостаған хаттар жауды. Ол заманда редакцияға оқырмандардан хат келетін. Жаңа жанартаудың екінші рет атқылағаны сансыз пікір тудырды.

Әрі қарай тағы «Шер-аға шақырады».

– Ләппай!

– Ана қыз енді неге жазбай жатыр? Жақсы бастап еді. Үшінші тапсырма берейік те.

– Шер-аға, ары қарай тапсырма бере алмаймыз.

– Неге? – деген Шерхан Мұртазаның мұрты да, қасы да қайшыланып кетті.

– Шер-аға, ол қызыңыз штатта әлі стенографистка. Оған бұдан былай мақала жазуға тапсырма беру үшін тілші етіп тағайындау керек.

– Солай ма? – деді Шер-ағаң.

Сол күні ме, ертесінде ме Гүлзейнеп Сәдірқызын стенографистка қызметінен тілші қызметіне ауыстыру туралы бұйрық шыққан.

 

  1. Бір бөлімге екі қыз артық болады

Жиырмасыншы ғасырдың тоқсанын­шы жылдарының ортасына дейін журналистикада гендерлік саясат тепе-тең бола қоймайтын. Өйткені тілші болған соң ара-тұра облысқа іссапарға шығуың керек. Топ емес, жеке барасың. Әйел адамға онша қолайлы бола қоймайды. Әрі газетке кезекшілікке барғанда таңға дейін баспаханада жүресің. Ол да отбасында ыңғайсыздық тудырады. Қазір технология басқа, бәрін үйінде отырып істей береді ғой.

Сонымен Сәдірқызы тілші болды. Біз басқаратын Ақпарат бөліміне емес, Рысбек Сәрсенбайұлы ағамыз басқаратын Әлеумет бөліміне жіберілді. Өзіміз бас тартқан едік.

Мәселе желімдей жабысып алып, «екінші ұстазым» (бірінші ұстазы – Шерхан Мұртаза) дейтін Сәдірқызынан құтылуда емес, біздің бөлімде онсыз да журналист қыз жұмыс істейтін. Бастапқыда Қарашаш Тоқсанбайды Шер-ағаң «өзің тәрбиелейсің, үйретесің» деп қосып берген. Қарашаш төселіп, басқа бөлімге аға тілші болып ауысып кетті. Одан Ақпарат бөлімін бұрынғыдан үлкейткенде Қасым Әзімхан, Мағауия Сембай, Ермұрат Бапи ағаларымен қатар Гүлсім Бақытқызы келді. Ол да жақсы журналист болды. Кейін Сыртқы істер министрлігіне ауысқанмен, қаламын қолынан тастаған емес.

Сонымен Сәдірқызы Сәрсенбай­ұлы басқаратын бөлімде әлеуметтік тақырыпты қопарып жазатын тілшіге айналды. Бірақ біз одан басы бүтін құтылмадық.

 

  1. Бір көрген жерге бес келетін болды

Сәдірқызы жазуын жазады, тақырып қоюға келгенде қиналса, баяғы бізді іздеп табады. Денсаулық саласындағы парақор­лықты әшкерелеген мақала жазыпты. Тақырыбы табылмаған соң, біздің табалдырықты аттаған. «Соқтасы сол­қылдаған сыздауық» деп қойып бер­дік. Ылғи «с» әрпінен тұратын дыбыс үндестігі бар, әрі тіркестің өзі әңгіме медици­на жайында екенін аңғартып тұрады. Та­қырыптың астына тақырыпша түрінде «Денсаулық сақтау саласын жай­ла­ған немкеттіліктің, біліксіздіктің, пара­қор­лықтың асқынған түріне осындай «диагноз» қойған жөн болар» деп жазылды.

Бұл мақаланы Гүлзейнеп жалқы­дан жалпыға көшу формасында жаз­ға­ны есте. Сөз Алматы облысы Райым­­бек ауданының Саржаз ауылына қа­расты Ақбейіт бөлімшесінде тұратын отбасының 21 жастағы қызы дәрігерлердің жауапсыздығынан қайтыс болғанынан басталатын. Соңы республика бойынша медицина қызметкерлерінің өз кәсіби міндетін дұрыс атқармауына қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 114-бабымен 20 қылмыстық іс тіркеліп отырғанымен аяқталатын.

Әрі қарай Мәншүк Мәметова туралы, көші-қон саясаты жайында жазған мақалаларына тақырыпты өзі қойса керек. Біз «уһ» деген сияқты едік. Әттең, және тағы да келіп тұр.

Мақала сұмдық. Сұрапыл. Жамбыл атасы жайында. Нақтылай түссек, Санкт-Петербург қаласындағы көшеден Жамбыл атын алып тастау жайында шу көтергендерді тоқтату керектігін жазған. Бұған Қазақстан қоғамы араласып, көшеге Жамбыл атын сақтап қалу қажеттігін қозғаған екен.

– Бәрі керемет, – дейміз біз.

– Осыған керемет тақырып қойылса, екінші ұстаз, – дейді Гүлзейнеп.

Өтінішті жерде қалдыруға болмады. Жақсы мақала өтуі үшін шынында, жақсы тақырып керек еді. Қойып бердік. «Ту ету мен тұл ету» деп басталып әрі қарай тақырыпшасы жалғасады. Жалпы, контрасты тақырыптар журналистиканың ажарын ашады. Ол жөнінде де дәріс оқуға болар еді...

Сонымен Сәдірқызынан мүлде құтылған сияқты болғанбыз. Өйткені ақпараттың электронды саласына ауы­сып кеткенбіз. Гүлзейнеп «Егеменде» қала берген. Газет редакциясы Астанаға көшкенде Алматыдағы бөлімшесінде қызмет істеп жатқан.

Ақыр аяғында, 2025 жылы көктемде біз әлгі бөлімшені бірнеше жыл басқар­ған курстасымыз Мейрамбек Төлеп­берген туралы естелік кітап құрас­тыруға кіріскенбіз. Арада ай өтпей Гүлзейнептен мақала келді. Бөлімшеде Мейрамбекпен қыз­меттес болған уақыттың ерекше есте­лігі екен. Жазуында мін жоқ. Тек аяғын­да «тақырыбын өзің қатырып қоясың ғой» деген қолқасы бар. Сол баяғы Гүлзейнеп!

Журналистік өмірінің бастапқы кезеңінде басқа­ның айтқанын стеногра­фияға түсірумен айналысып, кейінгі қырық жылында сол есені қайтарып жатқан Сәдірқызы! Тасқа жазу әлемінің тасжарғаны!

 

Қайнар ОЛЖАЙ 

Соңғы жаңалықтар