Өнер • Бүгін, 08:20

Өнер тарландары марапатталды

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлтымыздың мәдени-рухани дамуына үлес қосып жүрген сахна шеберлерін ұлықтайтын «Еңлікгүл – 2025» сыйлығы биыл да өңірлердегі өнер тарландарының мерейін тасытты.

Өнер тарландары марапатталды

Сахна сыртында ел көрмеген, біз білмейтін қаншама қажырлы еңбек жатыр. Соны ескергендей, биылғы марапаттау рәсімі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында, сол Ғабеңнің: «Театр өнері – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер», деген қанатты сөзінен бастау алды.

Театр қайраткерлер одағы мен Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен дәстүрлі түрде берілетін бұл сыйлық ірі шаһарлардағы сахна қайраткерлерін ғана емес, еліміздің әр өңіріндегі жетекші мемлекеттік театрларды да бағалап келеді.

– Бәйгеден үміткерлер айтарлықтай көп және бірінен-бірі өткен мықтылар, үздіктерді анықтау оңайға түспеді. Сарапшы ретінде басынан аяғына дейін толық қатыстым. Ал драматург ретінде «Жыл драматургі» сыйлығын Қазыбек Аманжолға табыстауым – ерекше есте қалатын қуанышты жағдай. Көп­тен бері Өнер академиясында жас драматургтерді баулып жүрген­діктен, олардың әрбір жетістігіне шын қуанамын. Театр өнері, ең алдымен, сол ұлттың драматургиясынан бастау алады, – дейді елімізге танымал драматург Сұлтанәлі Балғабаев.

«Еңлікгүл – 2025» сыйлығын табыс­тау салтанаты Абай атындағы Қазақ ұлт­тық опера және балет театрындағы «Щел­кун­чик» балетінің алқызыл валь­сі­­нен басталды. Ал М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Узеир Гаджи­бековтің «Аршын мал алан» спектаклінен үзінді ала келген. 

Сонымен «Жылдың ең үздік спек­такль­ді жарықпен көркемдеушісі» жүл­десін Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театры­нан Әділжан Байшашақов әкетті. Ал «Жылдың үздік музыкамен көркем­деушісі» сыйлығы Шымкент қаласындағы орыс драма театрының қызметкері Владимир Куликовқа бұйырды.

«Жылдың ең үздік театр менеджері» атағы С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық музыкалық драма театрының белді қызметкері Досқан Сәкенге беріл­ді. «Жылдың ең үздік театр туралы мақа­ласы» жүлдесін «Масадан корольге дейін» кітабы үшін Бейбіт Әлкеева алды.

«Жылдың үздік  драмалық спек­такль­­дер балетмейстері» аталымын «Раечка», «Сені сүйем», «Гамлет. Соңғы күндер» спектакльдеріндегі жұмысына Ғ.Мүсі­репов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірім­дер театры балетмейстері Салтанат Беймишева қанжығалады.

«Балаларға арналған спектакльдегі жылдың үздік шығармашылық жұмы­сы» жүлдесі Алматы Мемлекеттік акаде­мия­лық қуыршақ театрына, «Жылдың ең үздік театр суретшісі» жүлдесі К.Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театрының қыл­қа­лам шебері Елена Кимге, «Театр өнері­не ұзақ жылдар сіңірген еңбегі үшін» ата­лымы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртісі, Қазақ­станның халық әртісі Нүкетай Мыш­баеваға, «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Түймехан Атым­таеваға, «Ең үздік жыл ре­жиссері» марапаты Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрын­дағы «Қара», «Жар­мақ» спектакль­дері үшін Жұлдызбек Жұман­­байға, «Ең үздік жыл актрисасы» атағы Н.Беке­жанов атындағы Қызылорда облыстық акаде­миялық музыкалық драма театрының әртісі Залипа Төлеповаға бұйырды.

«Ең үздік жыл актері» сыйлығы Ғ.Мү­сірепов атындағы Қазақ мемлекет­тік академиялық балалар мен жасөспі­рімдер театрының әртісі Шағуан Үмбетқалиевке «Гамлет. Соңғы күндер» қойылымындағы – Горацио, «Ревизор» спектакліндегі  –Бобчинский рөлі үшін берілді.

«Еңлікгүл – 2025» сыйлығының биылғы иегерлеріне эстрада тарландары өнерден шашу шашты.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Асауға тұсау салынды ма?

Өнер • Бүгін, 10:00