Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым ордасының бастамасымен және еліміздің Ыстанбұл қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асқан жобаның мақсаты – екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетіп, қазақтың әдеби және ғылыми мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау.
Салтанатты іс-шараға Түркия Әділет және даму партиясының Түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары, доктор Решиде Юксель, Қазақстанның Ыстанбұл қаласындағы бас консулы Аманқұл Нуриддин, Рами кітапханасының директоры Али Челик, қазақ әдебиетінің түрік тіліне аудармашысы Құддыс Чолпан, «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов, TURKTAV Түркі тарихы мен мәдениеті қорының атқарушы директоры Әсел Лахаева, сондай-ақ ТҮРКСОЙ өкілдері, Түркияның мәдениет және білім саласының зиялы қауым өкілдері мен Түркиядағы қазақ студенттері қатысты.
Игі бастама аясында елден барған делегация түркиялық әріптестеріне 250 дана кітап сыйға тартты. Әдебиет бұрышына Ғылым ордасының Орталық ғылыми кітапханасы, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұсынған қазақ әдебиеті, тарихы, мәдениеті мен ғылымына арналған басылымдар қойылды.
Іс-шара барысында «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов Рами кітапханасында ашылған бұл бұрыш Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми және мәдени ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, қазақтың зияткерлік мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға бағытталған маңызды қадам екенін айтты.