Ғылым • Кеше

Кей мамандықтар бойынша докторантураға түсу талабы өзгерді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығармашылық және тілдік мамандықтар бойынша докторантураға түсу талаптары өзгертілді. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов хабарлады. Оның мәлімдеуінше, осыған дейін жолдаған депутаттық сауалында докторантураға түсушілерге қойылатын талаптарды қайта қарау мәселесін көтерген, деп жазады Egemen.kz.

Кей мамандықтар бойынша докторантураға түсу талабы өзгерді

Қазіргі талап бойынша мамандығына қарамастан, барлығына ағылшын тілін білетінін растайтын сертификат (IELTS және т.б.) міндетті. Бірақ енді мына білім беру бағдарламаларының топтары бойынша оқуға түсу үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ТАЛАП ЕТІЛМЕЙДІ: 

  1. D005 – Дене шынықтыру педагогтерін даярлау;
  2. D006 – Музыка педагогтерін даярлау;
  3. D017 – Қазақ тілі мен әдебиетінің педагогтерін даярлау;
  4. D018 – Орыс тілі мен әдебиетінің педагогтерін даярлау.

Өзгеріс жөнінде жазған жазбасында А.Аймағамбетов: «Әрине, ғылымда ағылшын тілінің маңызы зор. Дегенмен, қазақ филологиясы немесе музыка саласындағы талантты зерттеушілердің ғылыми еңбектері ағылшын тілін терең меңгеруді талап етпесе де, тек шет тілі сертификатының жоқтығынан докторантураға түсе алмай жүрген жағдайларды көрдік. GPT мен Gemini сияқты құралдар шыққанға дейін бұл талаптар орынды болса, қазір жағдай өзгерді. Сауалымда бұл мәселеге сараланған (дифференциалды) тәсіл қолдануды ұсындым. Қандай нәтижеге қол жеткіздік? Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл бастаманы қолдады. Министрдің №490 бұйрығымен Үлгілік ережелерге өзгерістер енгізілді», деп жазған.

Бұған дейін депутат өз сауалында үміткердің шынайы ғылыми әлеуетін бағалау үшін түсу кезінде эссе жазудың орнына Research Proposal (зерттеу жоспары) дайындауды енгізуді ұсынған еді. Министрлік бұл ұсыныстың қабылдапті. Research Proposal енгізу және тәуелсіз сарапшыларды тарту нормасы 2026-2027 оқу жылынан бастап іске қосу жоспарланған.

 

 

Соңғы жаңалықтар