Фото: istockphoto.com
Кәсіпорынның технологиялық деңгейі өте жоғары саналады әрі мұндай ауқымдағы өндіріс Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде сирек кездеседі. Петропавл қаласында орналасқан зауыт жаңа қоюлатылған сүт шығару желілерімен жабдықталып, сүтті өңдеу мен қоюлату үдерісінің барлық кезеңіне толық технологиялық бақылау енгізілген. Қазір барлық жабдық орнатылып, кәсіпорын өндірістік процестерді реттеу мен сынақтан өткізу кезеңіне көшті. Өндірісте пайдаланылатын шикізат тек Солтүстік Қазақстан облысындағы фермерлерден жеткізіледі, өнім толықтай табиғи әрі жоғары сапалы болмақ.
Eurasian Milk компаниясына тиесілі барлық өндірістік желілерді өнеркәсіптік іске қосу келесі жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Жобаның іске асуы елдегі сүт өнеркәсібінің дамуына серпін беріп, экспорттық әлеуетті арттыруға әрі ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Зауыт тәулігіне 350 тоннаға дейін, яғни жылына 125 мың тонна сүт қабылдап, тазалай алатын қуатқа ие. Мұнда жартылай қатты, қатты және жұмсақ ірімшіктер, сары май, қоюлатылған сүт, қышқыл сүт өнімдері өндіріліп, олар ультра-клин қаптамасында буып-түйіледі. Бұған қоса сүт сарысуын терең өңдеу арқылы дұрыс әрі спорттық тамақтануға арналған өнім шығару да негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындалған.
Eurasian Milk бас директоры Андрей Гриценко жобаның стратегиялық маңызына тоқталып, зауыттың болашаққа бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, алғашқы кезең аясында салынған инвестиция көлемі 80 млн долларға жеткен. Бұл тек бір кәсіпорынның емес, тұтас өңір экономикасының дамуына қосылған елеулі үлес. Компанияның басты мақсаты – ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін арттыру, импортқа тәуелділікті азайту мен отандық тұтынушыға табиғи, сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсыну. Бас директор зауыттың елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.

Жоба еліміздің тамақ өнеркәсібі саласындағы ең ірі өндірістік инвестициялардың бірі саналады. Eurasian Milk инвестицияның едәуір бөлігін өз қаражаты есебінен жүзеге асырып, қаржылық тәуекелдерді толық өз мойнына алған. Бұл бастама Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттермен толық үндеседі. Сондай-ақ компания ішкі нарықты отандық өніммен қамту және импортты алмастыру бағытындағы қосымша тәуекелдерді де қабылдаған.
Жобаның алғашқы кезеңі 10 мың шаршы метрден астам өндірістік әрі инженерлік инфрақұрылымды салуды, негізгі технологиялық бағыттарды іске қосуды қамтыды. Зауытта су, салқындату, бу, электрмен қамтамасыз ету жүйелері бар заманауи энергетикалық инфрақұрылым қалыптастырылды.

Компанияға фермерлердің әлеуетін дамыту да маңызды бағыттардың бірі. Солтүстік Қазақстан облысы сүт шаруашылығын өркендетуге тарихи тұрғыда қолайлы өңір саналады. Алайда тұрақты өткізу жүйесінсіз өндіріс көлемін арттыру қиын. Eurasian Milk жылына 125 мың тоннаға дейін фермерлік сүтті өңдеуді көздейді. Осы мақсатта фермерлермен бірлесіп, жемшөп сапасын жақсарту, мал күтімі мен денсаулығын бақылау, сүттің өзіндік құнын төмендету арқылы шикізат сапасын арттыру бағытында жұмыс жүргізіледі.
Қазір елімізде терең өңделген сүт өнімдері нарығында импорттық тауарлар басым. Бұл отандық өндірушілер үшін бәсекелестікті күшейтіп отыр. Андрей Гриценконың айтуынша, мұндай жағдайда отандық өндірісті мемлекеттік деңгейде қолдау стратегиялық маңызға ие. Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, ұлттық брендтерді жүйелі қолдау отандық өнімнің құндылығын арттырып, тұтынушылар сенімін нығайтады. Бұл өз кезегінде экономикалық тұрақтылықтың маңызды факторы болып саналады.