Жаңа форматтағы білім ордасының жалпы аумағы 15 мың шаршы метрден асады. Мұнда оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін 77 пән кабинеті жабдықталған. Мектепте дәстүрлі сыныптардан бөлек, робототехника, STEM-зертханалар, дизайн және технология, визуалды өнер, музыка және тамақтану мәдениеті сияқты арнайы бағыттағы кабинеттер жұмыс істейді.

Мектеп директоры Любовь Намның айтуынша, жаңа ғимарат тек білім беру орны емес, балалардың цифрлық сауаттылығы мен шығармашылық әлеуетін арттыратын зияткерлік кеңістікке айналмақ.
«Бүгінде мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі – сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру. Осы орайда, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген жаңа білім ордасы – біздің мектебіміз, осы бастаманың жарқын көрінісі деп білеміз. Мектеп ұжымы – тәжірибелі, жаңашыл ұстаздардан құралған. Біз білім мен тәрбиені тең ұстауды басты міндет санаймыз. Баланың жан-жақты дамуы, қауіпсіз ортада еркін ойлап, өз болашағын қалыптастыруы – біздің күнделікті жұмысымыздың негізі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық ата-аналарды, қоғам мүшелерін мектеппен тығыз байланыста болуға, білім беру ісіне қолдау білдіруге шақырамын», деп атап өтті мектеп басшысы.

Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін мектепте кедергісіз орта қалыптасқан: арнайы жеделсатылар, инклюзивті қолдау кабинеттері мен сенсорлық бөлмелер қарастырылған. Сонымен қатар қауіпсіздік мәселесіне де басымдық беріліп, 126 бейнебақылау камерасы орнатылған. Мектеп ауласында спорттық және ойын алаңдары толық жабдықталған.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында осы жоба аясында 11 мыңнан астам оқушыға арналған 12 мектеп ашылған болатын. Бүгінгі №35 мектептің іске қосылуымен өңірде жоспарланған барлық 13 білім нысаны халық игілігіне берілді.