Фото: pinterest.com
Ерікті ерендер
Алдағы жылдың қоғамдық күн тәртібінде айрықша аталатын бір тақырып бар. 2026 жыл Қазақстанның бастамасымен БҰҰ деңгейінде Орнықты даму мақсаттары жолындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жарияланды. Бұл шешім Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен бекітіліп, мүше мемлекеттерге ортақ үндеу ретінде қабылданды. Ыждағат біздің Президенттен.
Мемлекет басшысы бұл бастаманы 2020 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында ресми түрде ұсынған болатын. Сол кезде еріктілік әлеуметтік жауапкершілікті арттыратын, азаматтық белсенділікті жүйелі арнаға түсіретін құрал ретінде аталды.
2026 жылға жоспарланған бұл бастама волонтерлік қозғалысты институционалдық тұрғыда дамытуға, халықаралық тәжірибені тартуға және азаматтардың қоғамдық іске қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Нәтиже қандай болары атқарылатын жұмыс пен нақты мазмұнға байланысты. Дегенмен, еріктілік тақырыбының жаһандық деңгейде күн тәртібіне шығуы қоғамдағы азаматтық қатынастың жаңа формаларын іздеуге негіз болатыны анық.
Жаһандық климат
Ғалымдар жаһандық жылыну енді болашақтың емес, бүгінгі күннің шындығына айналғанын ашық айтып жүр. Күрт өзгергіш ауа райы, су тапшылығы, экожүйелердің әлсіреуі мемлекеттерді әдеткідей дербес емес, бірлескен шешім қабылдауға әкеліп отыр. Осы тұрғыдан алғанда 2026 жыл климат саясаты үшін де маңызды кезеңге айналмақ.
Соған орай еліміз 2026 жылы Аймақтық климаттық саммит өткізуді жоспарлап отыр. Бұл бастама да Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында жарияланған ұсынысынан бастау алады.
Саммитке дайындық барысы 2024 жылы Бакуде өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында талқыланды. Сол жерде Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы күресте өңірлік ынтымақтастықты күшейтуге ниетті екенін мәлімдеді. Негізгі мақсат – Орталық Азия елдері мен халықаралық ұйымдарды бір алаңға жинап, ортақ стратегиялар мен бейімделгіш шешімдерді қарастыру. Бұл саммит климаттық сын-қатерлерді бір елдің аясында емес, өңірлік деңгейде қарауға талпыныстың белгісі ретінде бағаланады. Енді нәтижесі қабылданатын нақты шешімдер мен олардың орындалуына байланысты болмақ.
Ғалымдар төрге озсын
Келер жылдың келбетінде білім мен ғылым тақырыбы да айқынырақ көріне бастады. «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір елдері мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынына назар аударып, осы ынтымақтастықтың білім беру мен ғылыми зерттеулер саласында да тереңдей түсуі қажет екенін айтты.
Президент Қытай тарапының Орталық Азиямен ынтымақтастық аясында атаулы жылдар өткізу бастамасын қолдай отырып, 2026 жылды «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялауды ұсынды.
Бұл бастама білім, ғылым және академиялық алмасу бағытындағы байланыстарды жүйелеуге, ортақ зерттеу жобаларын кеңейтуге және адами капиталды дамытуға серпін беруі мүмкін. Сонымен қатар мәдени орталықтар ашу, креативті индустрия мен туризмді дамыту секілді гуманитарлық ықпалдастықтың өзге бағыттарымен сабақтасып, аймақаралық ынтымақтастықтың мазмұнын байыта түсуі ықтимал.
Салық пен халық
2026 жылдан бастап салық жүйесі өзгеріп, оның әсерін ең алдымен қарапайым тұтынушы сезінуі мүмкін. Жаңа Салық кодексі есеп-қисапты жеңілдетуді, қағазбастылықты азайтуды мақсат етеді. Бірақ бұл өзгерістердің екінші қыры да бар. Қосылған құн салығының 16 пайызға дейін өсуі нарықтағы бағаға ықпал етпей қоймайды. Дәрі-дәрмек пен әлеуметтік маңызы бар қызметтерге жеңілдік қарастырылғанымен, күнделікті тұтынатын көптеген тауардың бағасы біртіндеп жоғарылауы ықтимал.
Экономист Алмас Чукин бұл жағдайды қарапайым тілмен былай түсіндіреді: «1 қаңтардан бастап ҚҚС төрт пайызға өседі, соған байланысты тауарлар қымбаттай бастайды. Әрине, бәрі бірден төрт пайызға көтерілмейді. Себебі дүкен сөрелерінде бұрынғы бағамен алынған тауарлар бар, бұл процесс бірнеше айға созылады. Бірақ жыл соңында адамдар «ертең қымбаттайды» деп, азық-түлікті, тұрмыстық заттарды алдын ала алып қоюы мүмкін. Ал одан кейін халықтың сатып алу мүмкіндігі төмендейді».
Яғни, салықтағы өзгеріс бір күнде байқалмайды, бірақ уақыт өте қалтаға салмақ сала бастайды. Алдымен баға жайлап көтеріледі, кейін адамдар үнемдеуге көшеді. Мемлекет үшін бұл реформа бюджетті тұрақтандыруды көздесе, қарапайым халық үшін 2026 жыл шығын мен табысты қайта таразылайтын, күнделікті тіршілікте есеппен жүретін кезеңге айналуы ықтимал.
Бірақ салықтық тәртіптің ашық әрі түсінікті болуы бизнестің көлеңкеден шығуына, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына жол ашуы мүмкін. Ал орта және ұзақ мерзімде бұл өзгерістер экономикадағы тепе-теңдікті сақтап, әлеуметтік міндеттемелердің уақытында орындалуына негіз болады.