Саясат • Бүгін, 08:37

Атқарылған жұмыс аз емес

0 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Астанадағы Конгресс орталығы алаңында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2025 жылы атқарған жұмыстарының қорытындыларын жария­лап, алдағы жоспарларымен таныстырды. Журналистермен еркін форматта жүздескен вице-министрлер Иран Шархан, Олжас Сапарбеков, Қуандық Қажкенов және Жәннат Дүбірова өз салаларына қатысты баяндама жасап, бұқаралық ақпарат өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Атқарылған жұмыс аз емес

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан геологиялық саланы жаңа технологиялық деңгейге көтеру жөніндегі Президент тапсырмалары қалай орындалып жатқанын әңгімеледі.

Вице-министрдің дерегінше, бүгінде мемлекеттік есепке 103 түрлі пайдалы қазба, еліміз бойынша шамамен 10 мың кен орны алынған. Қатты пайдалы қазбалар бойынша 2 907 лицензия және 251 келісімшарт бар, тек биылдың өзінде барлау жұмыстарына 707 лицензия, өндіру­ге 22 лицензия берілген. Ел аумағының гео­логиялық-геофизикалық зерттелуі 2 млн 14 мың шаршы км-ды құрайды.

Иран Шархан геологиялық барлау нәтижесінде алғаш рет мемлекеттік есепке 5 кен орны енгізілгенін атап өтті. Олардың  қатарында Көк-Жон (Болаттөбе учаскесі), Алтын-Шоко, Самомбет, Студенттік және Тақыр-Қалжыр бар.

Пайдалы қазбалар қоры шамамен 98 тонна алтын, 36 мың тонна мыс, 11 млн тонна марганец, 1,3 млн тоннадан астам фосфоритке толыққан.

Президенттің тапсырмасына сәйкес ел аума­ғының геологиялық-геофизикалық зерт­телуін 2026 жылға қарай 2,2 млн шар­шы км-ге дейін ұлғайту жұмыстары жалға­сып жатыр. Бүгінде 2 млн 14 мың шаршы км зерт­­телген, ал жыл соңына дейін бұл көр­сеткіш 2 млн 38 мың шаршы км-ге жеткізіледі.

Вице-министрдің айтуынша, саланың келесі даму кезеңі геологиялық зерттеуді 1:50 000 масштабқа көшіру болмақ. Бұл перспективалы учаскелерді ерте анықтауға, геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. 2026–2028 жылдары 100 мың шаршы км аумақты зерттеу жоспарланған, одан кейін жыл сайын шамамен 30 мың шаршы км қосылып отырады.

Иран Шархан заңнаманы жетілдіру жұмыстары да жалғасып жатқанын атап өтті. Саланы одан әрі дамытуға бағытталған Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы Сенатта екі оқылымда қабылданды.

Бұдан кейін журналистер алдында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков баяндама жасап,  өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 27 трлн теңгеден асып, 5,9%-ға өскенін хабарлады. Өсім металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібінде және құрылыс материалдарын өндіру саласында байқалған.

Вице-министр биыл іске қосылған индустриялық жобалар сала дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті. Жоспар­ланған 190 жобаның 173-і жүзеге асырылып, соның нәтижесінде 12 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Жобалар арасында Chery, Changan, Haval және Tank сияқты қытайлық брендтердің жеңіл автокөліктерін шығару, тамақ өнеркәсібіне арналған алюминий қаптамасы, тұрмыстық техника, болат құбырлар және тоқыма өнімдерін өндіру бар. Вице-министрдің айтуынша, бұл кәсіпорындар толық қуатқа шыққанда өңдеу өнеркәсібінің көлемі жылына қосымша 2,3 трлн теңгеге өсуі мүмкін.

Жиында Отандық өндірушілердің бірыңғай реестрі құрылып жатқаны айтылды. Министрлік бұл жобаны Электрондық қаржы орталығымен бірлесіп, жасап жатыр. Еліміздегі тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі – елде тауар шығаратын кәсіпорындар туралы цифрлық деректер базасын қамтиды. Реестр өндірушілерді онлайн тіркеуге, мемлекеттік және жартылай мемлекеттік сатып алу жүйелерімен интеграциялауға мүмкіндік бере отырып, өндірісте қолданылатын тың технологиялар туралы толық ақпарат береді.

Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары да ұдайы назарда. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап стандартталмаған тауарларды биржалар арқылы сатып алуға тыйым салынып, Tizilim платформасы жаңартылды. Осы өзгерістер арқылы соңғы 11 айда 1,1 трлн теңгеге жуық ұзақ­мерзімді және оффтейк-келісімшарттар жасалған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7,6 есе жоғары.

Елде металл өңдеу саласы да қарқынды дамып жатыр. Бұған кәсіпорындарға шикізатты жеңілдікпен беру тікелей себеп болған. Мұндай жеңілдікті енді мыс, алюминий және мырышқа қолданылады. Егер кәсіпорын дайын өнім шығарса, шикізатты 5% жеңілдікпен алады, ал жартылай дайын өнім үшін жеңілдік 1% болады.

Бағдарлама басталғалы бері 30 келісім жасалған. 2025 жылы мысқа сұраныс 27%-ға өсті. Ал мырышқа деген сұраныс 3 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда төрт есеге көбейген.

Елдегі құрылыс және тұрғын үй салалары туралы баяндаған Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов 2025 жылдың алғашқы 11 айында 16,9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін айтты. «2029 жылға қарай 111 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, осылайша 1 млн-нан астам азаматты жеке тұрғын үймен қамтамасыз етеміз. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 7,3 млн шаршы метрге артық», дейді вице-министр. 

Қ.Қажкенов әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарды баспанамен қам­тамасыз ету үшін 2025 жылдың алғашқы 11 айының соңына дейін 7,2 мың пәтер сатып алынғанын жеткізді.

Ал әкімдіктер 11 айда мемлекеттік ба­ға­­лы қағаздарды шығару арқылы 4,4 мың пә­тер салып, сатып алған. Бұған қоса  2% және 5%-дық мөлшерлемемен 4,9 мың ипо­текалық несие берілген, оның жалпы сомасы 63,1 млрд теңгені құрайды.

Мемлекеттік қолдаудың тағы бір түрі – тұрғын үй жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау және тұрғын үй сертификаттарын беру. 2025 жылдың үшінші тоқсанының соңына қарай 11 мыңнан астам азамат осындай субсидиялардың пайдасын көрген, бұған республикалық бюджеттен 7,6 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ 11 айдың қорытындысы бойынша 1 400-ден астам азамат алғашқы жарналарын жабу үшін жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге тұрғын үй сертификаттарын алған.  

Ал баспасөз жиынында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова жер қойнауын пайдалануды, құрылысты және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландыру жөнінде баяндады.

Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасы қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы 22 мемлекеттік қызмет цифрландырылған. Биыл Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасы арқылы 729 лицензия берілді, төрт аук­цион өткізілді, жазылым бонустары 45,4 млрд теңгені құрады.

Соңғы жаңалықтар

2026 жылы бізді не күтіп тұр?

Қоғам • Бүгін, 11:02