Үкімет • Кеше

Өрістете алсақ, өсім бар

10 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-қараша айла­ры аралығындағы әлеумет­тік экономикалық даму қоры­тын­­ды­лары мен республикалық бюд­жет­­тің атқарылу барысы қаралды.

Өрістете алсақ, өсім бар

Мемлекеттік қор өзекті мәселелерді шешеді

Елімізде экономика тұрақты өсу қар­қы­нын көрсетіп отыр. Биылғы қаңтар–қара­шаның қорытындысы бойынша эко­но­­миканың өсуі 6,4%-ды құрады. Нақ­ты сектордағы өсу 8,3%-ды құрады әрі қыз­мет көрсету өндірісінің 5,3%-ға өсуінен жоға­ры болып қалыптасты. Негізгі драйвер­лер көлік қызметтері, құрылыс пен тау-кен өнер­кәсібі. Сауда 8,8%-ға, ауыл шаруа­шы­лығы 6,1%-ға, өңдеу өнеркәсібі 5,9%-ға өсті.

«Инвестициялар өсудің факторы болып қала береді. Негізгі капиталға салын­ған инвестициялар 13,3%-ға артып, 18,5 трлн теңгені құрады. Оның қатарын­да жеке инвестициялар 9,8%-ға өсті. Ин­вес­тициялардың ең жоғары өсуі болашақ сапалы өсу базасын қалыптастыратын салаларда байқалып отыр», деді Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша қаржы қызметінде – 82,8%-ға, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен жабдықтауда – 57,9%-ға, білім беруде – 31,6%-ға, ақпарат пен байланыста – 24,5%-ға, ауыл шаруашылығында – 24,1%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 20,7%-ға, көлік қызметтерінде – 13,3%-ға өсу тіркелген. Инвестициялардың ең көп өсуі Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Алматы мен Ақтөбе облыстарында байқалды. Ал инвестициялардың төмендеуі Атырау мен Қарағанды облыстарында тіркелді.

«Биылғы қаңтар–қазанда сыртқы сауда айналымы 116,3 млрд долларды құрады. Тауар­лар экспорты 64,6 млрд долларды, оның қа­тарында өңделген тауарлардың экспор­­ты 23,3 млрд долларға жеткен. Тауар­лар­дың импорты 51,7 млрд доллар. 12,9 млрд доллардан аса көлемде оң сауда балансы сақталады. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 5,9%-ға өсті. Өсу 17 өңірде тіркелді. Ең жоғары өсу Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарын­да, сон­дай-ақ Алматы мен Шымкент қала­­ларында байқалды. Өндірістің төмен­­деуі Шығыс Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау облыстарында тіркелді», деді С.Жұманғарин.

Президент тапсырмаларын орындау барысында өңірлерде 465 әлеуметтік нысан салуға 480 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты өңірлерде өткір тұрған инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бағытталған. Қаржы министрі Мәди Такиев отырыста әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы айтты.

«Бүгінде Қор қаражаты есебінен жалпы құны 482,5 млрд теңгені құрайтын 465 жоба қаржыландырылып отыр. Негізгі назар сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ медицинаның қолжетімді болуына аударылады. Атап айтқанда, 205 млрд теңгеге сумен жабдықтауға қатысты 258 жоба жүзеге асырылып жатыр әрі 151 млрд теңгеге 183 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді», деді Қаржы министрі.

Бұған қоса, оның айтуынша, спорт инфрақұрылымын құруға 66 млрд теңге бөлінді. Бұл жұмыс шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына әлеуметтік саланы жақсарта түсуге әрі ауылдың өмір сүру сапасын арттыруға арналған.

«Қор қаражатын жұмсау ісінде өңірлерді дамытуға басымдық беріледі. Біз халық арасында сұранысқа ие бағыт­тар­ға назар аударамыз. Олар – су, денсау­лық сақтау мен әлеуметтік инфра­құ­рылым­дар», деді М.Такиев.

 

Ішкі жалпы өнімнің өсімі 6,4%-ды құрады

Премьер-министр Үкімет отырысы барысында биыл экономикамыз орнықты өсім көрсетіп отырғанын айтты. 11 айдың қорытындысына қарағанда ішкі жалпы өнімнің өсімі 6,4%-ды құраған. Жалпы экономикадағы оң көрсеткіш­­тер­ге қарамастан, сауда мен құрылыс салаларында, сондай-ақ көлік қызметтерінде өсімнің біршама баяулап қалғаны байқалады.

«Металлургия өнеркәсібіндегі өсу қарқыны да төмендеп кеткенін баса айтқым келеді. Бұл сала – экономиканың негізгі тірегі. Сондықтан оның орнықты дамуын қамтамасыз етіп, өндірістік әлеуетін толық іске асыруға бағытталған шаралар қабылдау маңызды болып табылады. Жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқынын сақтап қалу қажет», деген Үкімет басшысы бірқатар мәселеге назар аударды.

Бірінші, кейінгі екі айда инфляция деңгейі 12,4%-ға  дейін төмендеді. Алайда кейбір өңірлерде, атап айтқанда Ұлытау, Ақмола мен Атырау облыстарында, керісінше, өскені аңғарылады. Басты себеп – азық-түлік бағасының қымбаттауы. Өңір әкімдерінде азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға жеткілікті құралдар бар.

«Осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Сауда және интеграция министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту жұмысын жеделдетуді тапсырамын. Бұл қосымша өнім түрлерінің бағасын реттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ азық-түлік инфляциясының өсуіне ет пен ет өнімдері бағасының үлесін ескере отырып, Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен әкімдіктер аталған өнімдердің бағасын тежеуге ерекше назар аударуы қажет», деді О.Бектенов.

Бұған қоса, Астана қаласындағыдай, арзандатылған ірі қара мал етін сауда желілері арқылы сату тәжірибесін бүкіл ел аумағында кеңінен қолданған жөн. Жалпы, инфляциялық процестерді төмендету үшін 2026–2028  жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру мен халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылауда ұстау қажет.

с

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Екінші, Мемлекет басшысы «Алтын сапа» мен «Парыз» сыйлықтарының лау­реат­тарын марапаттау рәсімінде шағын биз­несті қолдаудың бірыңғай бағдар­ла­малық құжатын қабылдауды тапсыр­ды. Ол іскерлік белсенділік пен шағын кә­сіп­к­ер­лікті дамытуға қосымша серпін беруге тиіс.

«Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, құжаттың сапалы әзірленуін қамтамасыз етсін. Жергілікті өндіріс пен шикізатты қайта өңдеуді ынталандыру, қолөнер, былғары, сүт өнімдері мен басқа да салаларды кеңейту шараларын қамтыған жөн. Ол үшін әкімдіктер өңірдің әлеуеті мен қажеттіліктерін негізге ала отырып, басым бағыттардың тізбесін айқындауы қажет», деді Премьер-министр.

Үшінші, кәсіпкерлік бастаманы кеңейту мен тең мүмкіндіктерді қам­тама­сыз ету шарттарының бірі – мем­ле­кеттің экономикадағы үлесін төмен­дету. Бүгінде бұл көрсеткіш ішкі жалпы өнім­ге шаққанда 13,7%-ды құрап отыр.

«Биыл жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру аяқталады. Оңтайландырудың 2030 жылға дейінгі жаңа жоспары бекітілді. Онда отын-энергетика, өнеркәсіп, көлік пен байланыс салаларындағы, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік компаниялар қамтылған», деп сөзін жалғады Премьер-министр.

Бұған қоса, Үкімет басшысы әкім­діктерге, мемлекеттік органдар мен компанияларға жаңа жоспарға енгізілген активтердің кем дегенде жартысын келесі жылы сатуды қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстарды қазірден бастауды тапсырды. Сөйтіп, жекешелендіру жөніндегі Ұлттық офис тиісті мемлекеттік органдар­мен бірлесіп, оңтайландырумен қамтыл­май қалған салаларға талдау жүргізуді жалғастырғаны жөн болатынын айтты.

Төртінші, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында өңдеу өнеркәсібіне тың сер­пін беру ісінің маңыздылығын атап өтке­ні мәлім. Бұл бағытта қазірдің өзінде оң нәти­желер бар, олар жуырда өткен Үкімет оты­рысында жан-жақты қаралған болатын.

«Биыл жаңа өндірістер іске қосылып, бұған дейін ел аумағында өндірілмеген тауарлар шығарыла бастады. Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы министрліктеріне «Самұрық-Қазына» қорымен және Моно­по­­лияға қарсы ведомствомен бірлесіп, мем­­­лекеттік сатып алу аясында ұқсас им­порт­­­тық тауарларды алып тастау мәсе­ле­сін пы­сықтауды тапсырамын», деді О.Бектенов.

Бұл шара отандық тауар өндірушілер­ге қосымша қолдау көрсетуге мүмкін­дік береді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін келесі жылға арналған жобалардың жаңа тізімін қалыптастыруды аяқтау жүктелді.

«Жобаларды қаржыландыру инвестор­лардың өзара міндеттемелері негізін­де жүзеге асырылуға тиіс. Инвестиция көлемі, жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігінің өсуі, локализацияны тереңдету, технологиялар трансфері, сондай-ақ экспорттық әлеует пен салық түсімдерін ұлғайту көрсеткіштерін назарда ұстау қажет», деді Үкімет басшысы.

Бесінші, бюджет қаражатын уақтылы игеру мәселесінде бюджеттік бағдарлама­лардың әкімшілері қаржылық тәртіпті күшейтулері керек. Барлық жоспарланған бюджет қаражаты қатаң түрде бекітілген бағыттар бойынша бөлініп, игерілуге тиіс. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне өз міндеттемелерінің орындалуына талдау жасап, бюджет қаражаты үнемделген жағдайда, оларды неғұрлым басым міндет­терге немесе Үкімет резервіне қайта бағыттағаны ләзім.

Олжас Бектенов негізгі макроэко­номи­­­ка­лық көрсеткіштер бойынша еліміз­­­дің 12 өңірінде оң динамика қа­лып­т­а­сып отырғанын атап өтті. Олар­дың қа­тарында Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылор­да, Павлодар, Түркістан, Жетісу, Ұлытау об­лыстары, сон­дай-ақ Астана мен Алматы қа­лалары бар. Алайда Атырау, Абай, Ұлытау облыстары жос­парланған көрсет­кіш­терге қол жеткізбеген.

«Жергілікті өндіріс пен шикізатты қайта өңдеуді ынталандыру, қолөнер, былғары, сүт өнімдері мен басқа да салаларды кеңейту шараларын қамтыған жөн. Ол үшін әкімдіктер өңірдің әлеуе­ті мен қажеттіліктерін негізге ала отырып, басым бағыттардың тізбесін айқын­дауы қажет. Аталған шараларды іске асыру кәсіпкерлерге тікелей қолдау көрсету­ге, халықты жұмыспен қамту деңгейін арт­тыруға әрі шағын бизнестің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл орайда, әсіресе ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы жобаларға баса көңіл бөлу керек», деп атап өтті Премьер-министр.

Соңғы жаңалықтар