Әкімнің айтуынша, қаланың басты басымдығы — ұзақмерзімді дамудың негізі саналатын экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Биыл Алматыда іскерлік белсенділік жоғары деңгейде сақталып, инвестициялық серпін оң бағытта дамыған. 11 айдың қорытындысы бойынша қысқамерзімді экономикалық индикатор 11,4%-ды құраған. Экономикалық өсімнің негізгі драйверлері — құрылыс (38,3%), көлік саласы (21,5%) және өңдеу өнеркәсібіне (16,8%) тиесілі.
2025 жылдың қаңтар-қараша айларында қаланың негізгі капиталына 1,9 трлн теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19%-ға көп. Жыл ішінде жалпы құны шамамен 500 млрд теңге болатын 12 ірі инвестициялық жоба іске қосылған. Олардың қатарында Haval, Chery және Changan маркалы жеңіл автокөліктер шығаратын мультибрендті зауыт, автокөлік шиналарын резеңке үгіндісіне қайта өңдеу зауыты, шыны ыдыс өндіретін кәсіпорын, сондай-ақ күн модульдерін шығару жобалары бар.
«Жыл қорытындысы бойынша Алматы қаласының жалпы өңірлік өнімінің өсімі 6,4% деңгейінде болмақ. Экономиканың дамуы салық түсімдерінің тұрақты артуымен қатар жүруде. 2025 жылы 11 айда жергілікті бюджетке 1 трлн 970 млрд теңге түсті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,4%-ға жоғары. Қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отыр. 2025 жылы Алматыда 92 мың жұмыс орны құрылды, оның 87%-ы – тұрақты. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша қаладағы орташа айлық жалақы 539 мың теңге болып, номиналды мәнде 14,5%-ға өсті және республикалық орташа деңгейден 29%-ға жоғары болды», деді Алматы қаласының әкімі.
Брифингте әкім шағын және орта бизнестің мегаполис экономикасындағы үлесі артқанын, сондай-ақ қалада туризм тынысы кеңейгенін атап өтті.
«Шағын және орта бизнес Алматы экономикасының негізгі драйвері болып қала береді. Бұл сектор жалпы өңірлік өнімнің шамамен 60%-ын және жергілікті бюджетке түсетін кірістердің басым бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Қаладағы еңбекке қабілетті халықтың шамамен 90%-ы, яғни 1 миллионнан астам адам шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылған. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9,4%-ға өсіп, 387 мыңға жетті. Ал өндірілген өнім көлемі 21%-ға артып, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 13,2 трлн теңгеге жетті. Биылғы 9 айда қаламызға 1,9 млн турист келді, оның ішінде 563 мың адам – шетелдік қонақтар. Көрсетілген туристік қызмет көлемі 17,4%-ға артып, 82,4 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіштер қаланың тартымдылығы артып, туристік инфрақұрылымның жүйелі түрде дамып келе жатқанының дәлелі», деді әкім.
Шаһар басшысы өз баяндамасында миллиондар тоғысқан мегаполистің тыныс-тіршілігі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін айтып, негізгі атқарылған жұмыстарды шолып өтті. Бұл ретте мегаполисте жайлы қалалық орта қалыптастыру және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы жұмыстардың маңызы зор.
Әкімнің айтуынша, 2025 жылы Алматыда жалпы ұзындығы 49 шақырым болатын 11 көшеде кешенді көріктендіру жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта Достық даңғылының Әл-Фараби даңғылынан Абай даңғылына дейінгі бөлігі, сондай-ақ Пушкин көшесінің Гоголь көшесінен Райымбек батыр даңғылына дейінгі аралығында көріктендіру жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы уақытта Алматы облысы аумағындағы Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына қосылатын жолдарды ұзарту Алматы қаласының бюджеті есебінен жүзеге аспақ.
Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық міндеттерді орындау мақсатында 2026–2030 жылдарға арналған қаланы дамыту жоспары қабылданған. Жоспардағы негізгі басымдықтар қатарында көлік жүйесін жан-жақты дамыту, қолайлы қалалық орта қалыптастыру, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, экологиялық бастамаларды қолдау, цифрлық трансформацияны жеделдету және қауіпсіздік деңгейін арттыру көзделген. Осылайша, алдағы бес жыл ішінде Алматының жалпы өңірлік өнім көлемін 70 трлн теңгеге дейін жеткізіп, шамамен екі есеге ұлғайту жоспарланып отыр.
Алматы үшін экологиялық күн тәртібі басым бағыт саналады және ол тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мен орнықты мегаполис қалыптастырудың негізгі шарты ретінде қарастырылады. 2026 жылдың соңына дейін 2-ЖЭО-ні көгілдір отынға көшіру жұмыстары аяқталады. Келесі кезеңде бу-газ технологиясын енгізе отырып, 3-ЖЭО-ні қайта жаңғырту жоспарланған. Бұл жылу көздерінен шығатын зиянды заттар көлемін 92%-ға дейін азайтуға мүмкіндік бермек.
Алматы жасыл желекке оранған бақ-қала ретінде танымал. Бұған дейін Мемлекет басшысы қала билігіне шаһар аумағында 2,5 млн түп ағаш егуді тапсырған еді. Брифинг барысында әкімнен бұл тапсырманың орындалу барысы туралы сұрап білдік. Ол өз кезегінде аталған ауқымды жұмыс жүйелі жалғасып жатқанын жеткізді.
Әкімнің айтуынша, көгалдандыру бағдарламасы 2030 жылға дейін есептелген және бүгінгі таңда жоспарланған көлемнің жартысы орындалған. Келесі кезең аясында қалада қосымша шамамен 1,3 млн ағаш пен бұта егу көзделіп отыр. Дархан Сатыбалды қалада көгалдандыруға қатысты тәсілдер қайта қаралып жатқанын, бұл ретте цифрлық көрсеткіштерге ғана емес, егілетін материалдың сапасына да басымдық беріліп отырғанын мәлімдеді.
«Біз егу технологиясын өзгертеміз және ірі көлемді ағаштарды қолдануға көшеміз. Сарапшылармен бірлесіп, қалалық экология мен жоғары көлік жүктемесі жағдайында жақсы бейімделетін ағаш түрлері іріктеліп жатыр. Алдағы уақытта санға емес, жасыл желектің сапасы мен төзімділігіне басымдық беріледі», деді қала басшысы.
Брифингте көптен күрмеуі шешілмей келе жатқан көлік кептеліс мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Әкімнің айтуынша, көлік қозғалысының шамадан тыс жүктемесі қаланың экологиялық жағдайына тікелей әсер етеді. Сондықтан жеке автокөліктерге балама ретінде қоғамдық көлікті дамытуға басымдық беріліп отыр.
«Бұл – күрделі мәселе. Кептеліс экологияға тікелей әсер етеді, себебі көліктер ауаға тарайтын зиянды заттардың 60%-ын шығарады. Біз Шанхай, Лондон және Мәскеу секілді қалалардың тәжірибесін зерделедік. Мәскеуде 2016 жылы жеке автокөлікті пайдаланушылардың үлесі 60% болса, бүгінде бұл көрсеткіш 30%-ға дейін төмендеді, ал қалған 70% тұрғын қоғамдық көлікті пайдаланады. Мәселені шешудің тиімді жолының бірі – жылдам жүретін қоғамдық көлік бағыттарын дамыту. Біріншіден, BRT желілерін тез әрі салыстырмалы түрде оңай іске қосуға болады. Сонымен қатар LRT жобасы да дайындалып жатыр, бұл бағыттар қатар жүзеге асырылады», деді Дархан Сатыбалды.
Қала басшысы метроның дамуына да жеке тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бірқатар нысанды аяқтау мерзімдері қайта қаралып жатыр.
«Маусым айында метроға барғанымда маған «Қалқаман» бекетін аяқтауға 24 ай қажет делінген. Қазір бұл жұмыстарды 8-9 айда бітіру жоспарланып отыр. Мұндай жобаларды жедел жүзеге асыру керек. Келесі жылы «Қалқаман» бекеті мен «Барлық» базары арасындағы 5,3 шақырымдық метро желісінің құрылысы басталады. Сондай-ақ «Жібек жолы» бекетінен әуежайға дейінгі 14 шақырымды қамтитын екінші желі жобасы әзірленіп жатыр. Метро мен қоғамдық көлік дамымай, қаладағы көлік кептелісі мәселесін шешу мүмкін емес», деді Дархан Сатыбалды.
Брифинг барысында Дархан Сатыбалды білім беру, денсаулық сақтау, инвестиция, шағын және орта бизнесті қолдау, экология, туризм, жұмыспен қамту, мәдениет секілді негізгі бағыттардың бәрінде ауқымды жобалар жүзеге асып жатқанын, алдағы уақытта бұл бастамалар жүйелі жалғасын табатынын жеткізді.
АЛМАТЫ