Білім ордасында арнайы жабдықталған шахмат кабинеті ашылып, әр қабаттың фойесіне оқушылардың қолжетімді түрде ойнауына арналған шахмат тақталары орнатылды. Шахмат – баланың көрнекі-бейнелі ойлауын дамытып, шешім қабылдау, талдау мен табандылық дағдыларын қалыптастыратын интеллектуалды ойын. Сондықтан мектепте бұл бағытқа қызығушылық артып отыр. Қазіргі таңда 1-4 сыныптан 150 оқушы, 5-7 сыныптан 45 оқушы тұрақты түрде үйірмеге қатысады.
Мектеп директоры Айгүл Абайқызы бұл бастаманың маңызы ерекше екенін айтты.
«Шахмат – жай ғана ойын емес, баланың ми қабілетін шыңдайтын құрал. Үйірмеге қатысып жүрген оқушылардың сабаққа ынтасы артып, ойлау жылдамдығы, зейіні жақсарғанын байқаймыз. Ата-аналардың да қызығушылығы жоғары. Олар баласының бос уақытын тиімді өткізіп, өзіне сенімді бола түсуін қолдайды. Біз үшін әр жеткіншектің жан-жақты дамуы – басты мақсат», деді мектеп басшысы.
Оқушылардың шахматқа сүйіспеншілігін арттыру мақсатында жақында мектепке халықаралық гроссмейстер Нұрлан Ыбраев келіп, жас шахматшыларға шеберлік сабағын өткізді. Бұл іс-шара ата-аналар мен балалардың интеллектуалды ойынға ынтасын арттыра түсті.
Айта кетейік, елімізде 42 мектепте шахмат пән ретінде оқытылады, ал 1500-ге жуық білім ордасында үйірмелер жұмыс істейді. 2027 жылға дейінгі кешенді жоспар аясында Түркістан облысындағы шахмат үйірмелерінің саны одан әрі артпақ. Бір сөзбен айтқанда, шахмат – баланың болашағын өзгерте алатын интеллектуалды инвестиция.
Сұлтанбек НҰРЛАН,
Түркістан облысы білім басқармасының баспасөз хатшысы