Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«Тредс» әлеуметтік желі қолданушыларының жазуынша, «Altel» бағаны 70 пайызға жоғарылатқан. «2024 жылдың 5 тамызында менің Altel тарифім 3390 теңге болды. 2025 жылдың желтоқсанынан бастап 5690 теңге болады екен. Өзім сұрамаған 15 гигабайтты қосқандарыңызға рахмет. Бір жарым жылда бағаның 70%-ға өскенін қалай түсіндіресіздер? «Altel», бұл жөнінде не айтасыздар?», деп жазды тариф тұтынушысы.
«Beeline» абоненттері де бірнеше ай сайын жасалатын баға өзгерісіне шағымданған. «Beeline, сіздер бірдеңені шатастырып отырған жоқсыздар ма? Тоқсан сайын бағаны көтересіздер. Наурызда ғана тариф 8000 теңгеден 11 500 теңгеге қымбаттады. Енді тағы 14 500 теңгеге көтергелі жатырсыздар! Ал біздің жалақымыз бес жыл бұрынғы деңгейде тұр. Антимонополиялық органдар мұны қадағаламай ма?», деп жазды қолданушы.
«Beeline» тарифтердің қымбаттайтынын растады. Компания президенті Евгений Настрадин 2026 жылдың қаңтарынан бастап төлемақы орта есеппен 15-20 пайызға өсетінін мәлімдеді. Өзгеріс тек нарықтағы орташа бағадан төмен тарифтерге қатысты болады. Егер солай болса, қазіргі бағасы 5999 теңге болатын танымал Мега тарифі 6899-7199 теңге аралығына барады. Ал 7999 теңге тұратын Мега про тарифінің айлық төлемі 9199-9599 теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Компания баспасөзінің дерегінше, өткен жылы электр энергиясына 6,5 млрд теңге жұмсалған, ҚҚС-тің өзгеруі 35 млрд теңге көлемінде қосымша шығынға ұшыратқан, ал валюта бағамының құбылуы тағы 3,7 млрд теңгеге түсіп отыр. Бұған қоса, кейінгі тоғыз жылда интернет-трафик 36 есе өскен, бір абонент айына 20-30 ГБ трафик жұмсайды. Осы факторлар инфрақұрылымды тұрақты түрде жаңартып отыруды талап етеді. Компания абоненттерді тариф өзгерісі туралы 30 күн бұрын хабардар ететінін мәлімдеді.
«Tele2» мен «Altel» де абонент төлемін қайта қарау туралы шешім қабылдаған. 25 желтоқсаннан бастап тарифтер 15-20 пайыз шамасында қымбаттайды. Операторлардың мәліметінше, интернетке сұраныс жыл сайын өсіп келеді, ал инфрақұрылым осы қарқынға ілесу үшін қосымша шығынды қажет етеді. Компания келесі жылға бюджетін жоспарлау кезінде салық саясатының өзгерісін, инфляция қысымын және желіні жаңғыртуға кететін шығындарды ескерген. Сондай-ақ «Altel» компаниясы тарифтерді қайта қарау мәселесіне әрдайым сақтықпен қарайтынын атап өтті. Айтуларынша, өзгеріс тек нақты қызмет құнымен сәйкестігін жоғалтқан тарифтерге ғана қатысты. Оның өзінде өзгеріс кезең-кезеңмен енгізіледі. Абоненттер алдын ала хабарландырылады, дайындалуға уақыт беріледі, ешкім күтпеген жағдайға тап болмауы үшін барлық жұмыс ашық жүргізіледі. Осылайша, қазіргі құны 4632 теңге болатын «Pro» тарифі өзгеріс енгізілген жағдайда 5327-5558 теңге аралығына дейін өсуі мүмкін. Құны 5992 теңге тұратын «Max» тарифінің бағасы 6891-7190 теңгеге дейін қымбаттауы ықтимал. Ал 9192 теңге болатын «Unlim» тарифінің айлық төлемі 10 571- 11 030 теңге шамасында болмақ.
Компания өкілдері жоғары инвестициялық және макроэкономикалық қысымға қарамастан, қаржылық тәуекелдің барлығын тұтынушыға артпай-ақ цифрлық экожүйені дамытуға мүмкіндік бар екенін айтып отыр. Алайда компания тарифтердің өсуіне әсер ететін факторлардан қашып құтыла алмаймыз дейді. Солардың негізгісі – желіге салынатын инвестициялар. 2023 жылы 5G желісін іске қосқаннан кейін оператордың инвестиция көлемі 150 млрд теңгеден асқан. Бұл шығындардың басым бөлігі базалық стансаларды орнату мен жаңғыртуға жұмсалған. «Tele2» мен «Altel» операторларын біріктіретін «Мобайл Телеком-Сервис» АҚ басқарма төрағасы Александр Бабичев базалық стансалар мен дата-орталықтарды көбейтуге, кэш-серверлерді жаңартуға тағы қосымша инвестиция қажет екенін айтады.
«Бір базалық стансаны орнату – жабдық, құрылыс және техникалық қызмет көрсетуге кететін шығындарды қоса есептегенде шамамен 150 мың еуроны құрайды. Бұған жер телімін рәсімдеу, жалдау және қосу шығындары қосылады, олардың жылдық жалпы көлемі 40 млн еуроға жуық. Бұл – мәжбүрлі шара. Себебі желіні дамыту мен жаңғыртуға, оны үздіксіз қызметте ұстауға кететін шығындар өсіп отыр. Сонымен бірге салық заңнамасындағы өзгерістер де шығынды көбейтті. Абоненттік төлемді қайта қарау бізге сервистердің тұрақтылығын сақтауға және қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Компания қосымша кэш-серверлер орнатуға да инвестиция салып отыр. Жергілікті жерде контентті кэштеу желі ішінде жиі қолданылатын қызметтер мен ресурстарға қолжетімділікті жылдамдатады, деректердің кідірісін азайтады», деп мәлімдеді компания өкілі.
«Kcell» компания өкілдерінің айтуынша, тарифті қымбаттату жөнінде әзірге ешқандай шешім қабылданбаған. Қазіргі кезде ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі қандай әсер етуі мүмкін екенін талдап, бірнеше нұсқаны қарастырып жатыр. Корпоративтік байланыс бөлімі жазда бекітілген «Үздік» тариф топтамасының бағасы 2027 жылға дейін өзгермейтінін атап өтті. Егер тарифтерді қайта қарау қажеттігі туса, оператор бұл туралы абоненттерді алдын ала ресми түрде хабардар ететінін мәлімдеді. Алайда «Кселл» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жамбакин салық саясаты мен экономикалық жағдай едәуір өзгерсе, тарифтер қайта қаралуы мүмкін деді.
Сарапшылар 2026 жылы байланыс қызметтерінің құны өсуі мүмкін екенін айтқан еді. Сол кезде негізгі себеп ретінде операторлар шығындарының артуын және интернетке деген сұраныстың бұрынғыдан да күшейгенін көрсеткен. «Қазақтелеком» компаниясының бас әкімшілік директоры Ержан Мейрамов қолданыстағы ережелер экономикалық негіздеме болған жағдайда тарифтерді қайта қарауға мүмкіндік беретінін еске салған.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев мемлекет байланыс қызметтерінің тарифін тікелей реттемейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бағаны белгілеу немесе өзгерту – нарықта жұмыс істейтін операторлардың өз құзыреті. «Министрлік тек көрсетілетін қызметтердің сапасын, бәсекелестік талаптарының сақталуын және тұтынушылардың құқықтарының бұзылмауын қадағалайды. Ал тарифті қайта қарау үшін әр оператор экономикалық негіздеме ұсынуға міндетті», деді ол.
Интернет қолданушыларының бағаға ғана емес сапаға да көңілі толмайды. Ауыл-аймақтан бөлек маңызы бар ірі қалаларда да интернет жылдамдығы баяу жұмыс істейтін кездер жиі болады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, байланыс сапасына қатысты шағымдардың негізгі себептері – жаңа шағын аудандардың пайда болуы, қаланың кеңеюі және жедел қарқынмен жүріп жатқан құрылыс. Мұндай жағдайда мобильді операторлар жаңа аумақтарда базалық стансалар орнатып, электр қуатын тарту және антенна-мачталық құрылымдарды салу мәселелерін дер кезінде шешуі қажет. Бұл жұмыстар белгілі бір уақытты талап етеді.
«Егер байланысқа қатысты шағым болса, азаматтар e-оtinish жүйесі арқылы жүгіне алады. Біз әр өтінішке жауап береміз, тексереміз, қажетті нұсқама шығарамыз. Орындалмаса – айыппұл саламыз. Операторлардың жұмысын бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Радиожиілікті қадағалайтын арнайы қызмет бар, ол байланыс сапасын өлшейді. Қолданыстағы нормаларда сигналдың төменгі шекті деңгейі, секундына берілуге тиіс мегабит көлемі және жалпы қызмет сапасына қатысты нақты талаптар белгіленген. Осы талаптар бұзылған жағдайда тиісті шаралар қабылданады. Айыппұлдарды күшейту бағытында да жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіп, санкцияларды 3-5 есеге арттыру туралы ұсыныстар дайындап жатырмыз», деді министр.