Нұрдәулет Ақышты қазақ оқырмандарына таныстырудың қажеті шамалы. Әдеби ортаға тұңғыш туындысы «Қиянда» атты әңгімесімен танылған талантты қаламгер бүгінде «Қоңыр өгіз», «Жұмбақ іздер», «Күрмеуі қатты түйіндер», «Үндемейтін ұл», «Таң алдындағы дабыл», «Жатақхана қыздары», «Нағыз әже қайда?», «Мұңды жанардың сәулесі», «Дон-Жуанның қалыңдығы», «Көнбіс бәйбіше», «Рақымсыз көктем», «Аласа таулар аясында», «Алтынсарин алауы» және басқа да көптеген әңгіме мен повесі жарық көрген танымал тұлға. Автордың «Екі томдық таңдамалы шығармалары» (2011) оқырман қауымның жүрегінен өзіндік орын алды. Әдеби орта жазушыны «Таң алдындағы дабыл», «Саяқ жауынгер» атты повестері арқылы бұрындары көпшілік бара бермейтін әскери тақырыпқа батыл қадам жасаған қаламгер ретінде де құрмет тұтады. Өмір мен өнердің күрделі де қат-қабат қыртыстарына, құпия сырларына қанық қаламгердің аталған шығармалардан өзіндік өрнегі, стильдік ерекшелігі, көркемдік әлемі мен қайталанбас қолтаңбасы танылады. Тынымсыз ізденетін қаламгердің жанкештілігі мен есепсіз еңбекқорлығы бүгінгі белесінен де биік жетістіктерге жол ашары анық. Мәселен, Нұрдәулет Ақыш кенжелеп келе жатқан балалар әдебиетінде, әсіресе прозада басқалар қаузамаған тақырыптарды қамтып, кем түсіп жатқан көркемдік әлемін әрлендіруге, жеткіншектердің дүниетанымын кеңейтуге аянбай тер төгіп келеді. Ыбырай Алтынсариннен басталып, Б.Соқпақбаев, М.Гумеров, С.Бақбергенов, С.Сарғасқаев сынды аға буын қаламгерлер жалғастырған балалар әдебиетінің дәстүрін Нұрдәулет жас оқырманды ә дегеннен жетектеп ала жөнелетін «Жұмбақ іздер», «Кебежеден шыққан қылыш», «Тау ішіндегі тауқымет», «Киелі көлдің қарақшылары» тәрізді тәрбиелік мәні зор қызықты хикаяларымен жалғады. Ыбырай Алтынсарин тағдырын тірілткен «Алтынсарин алауы» романын жазып, тұлғатану тақырыбына тың дүние сыйлады. Әрдайым үйренумен, ізденумен жүрген қаламгердің бұл да бір үлкен табысы.
Нұрдәулет Ақышты көзіқарақты қазақ оқырмандары сыншы, әдебиетші ғалым ретінде де жақсы таниды. Ол кісінің ылғи да алқалы жиын, түрлі конференция, ғылыми дискурс, әдеби кеш, оқырмандармен кездесулерге қатысып жүргенін көресіз. Барған жерінде ұлтқа қажетті құнды ойларын ортаға салып, сананы сілкіп, ойға түрткі салып, үн қосады. Бүгінгі аға буын жазушы ретінде жастарға жанашырлығын, замандастарына жылы лебізін аяған емес. Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін қимас қаламгер мен ұлағатты ұстаздар туралы да ұрпаққа үлгі-өнегелі әңгімесін айтудан еш жалықпайды.
Сондай-ақ Нұрдәулет Ақыш – жанкешті зерттеуші, белсенді күрескер, іркілмей ізденуді мақсат тұтқан қаламгер. Қазақ сөз өнерінің сынын жоғалтпай, бар мазмұнымен танылуы жолында, яғни әдеби-көркем сын жанрында ұзақ жылдар бойы сарылып ізденді, жемісті еңбек етті. Мәселен, «Қазақ әдебиеті» газетінде еңбек еткен жылдары сын бөлімінің жұмысы жанданды. Түрлі даулы пікірталасқа, дискуссияларға толы газетте жүріп жаңа туындыларды назардан тыс қалдырмай, бәрін іздеп тауып, оқып, талдап, таразылап, оқырманға сыни мақалалар ұсынды. Тегінде көркем сыни ойы қалыптаспаған, эстетикалық талғамы төмен әдебиеттің көкжиегі кеңімейтіні мәлім. Сын жанрында ұзақ жылдар жанкештілікпен еңбек ету Нұрдәулет Ақыштың әдебиеттегі қаламгерлік қолтаңбасын табуға түрткі болды. Көркем ойдың таразысы болған сын авторға интеллектуалдық өре, тың теориялық пайымдаулар жасауына мүмкіндік туғызды.
Талантты зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, қарымды қаламгер Нұрдәулет Ақыш Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Тәуелсіздік дәуірі әдебиеті және көркем публицистика» бөлімінде академик Серік Қирабаевпен бірге қызмет ете жүріп, министрлік жариялайтын ғылыми жобалар негізінде ұлттық әдебиеттану ғылымының күрделі де тың тақырыптарын зерттеді. Осының нәтижесінде 2006–2009 жылдары академик Серік Қирабаевтың «Қазіргі қазақ романы: өткені мен бүгіні» атты ғылыми жобасы аясында жарық көрген кітаптың ең күрделі, көлемді тарауларының авторы болды. Қазақ прозасының алғашқы үлгілерінен бастап, тәуелсіздік кезеңге дейінгі генезисін, қалыптасу жолдарын, даму үрдістерін, ұлттық сөз өнеріне қатысты көркемдік-эстетикалық ізденістерін әр кезеңде жарық көрген қазақ қаламгерлерінің шығармалары мысалында мұқият зерттеп, зерделеп жазды. Мысалы, Нұрдәулет Ақыштың әдебиеттанушы ғалым ретінде жазған «Зұлмат жылдары қазақ прозасында» (2005), «Қазақ мемуарлық романы» (2011), «Замана рухы» (2014) және «Қазақ балалар әдебиеті тарихының» екі томдығы (2023) атты ғылыми зерттеу кітаптары ізденушілер мен әдебиет саласының мамандарының көмекші құралына айналып отыр.
Ұлттық әдебиеттану ғылымында бұрындары қаузалмаған, тәуелсіздік алған жылдары ғана тұсауы шешіліп, жазуға мүмкіндік берілген ақтаңдақ беттерді ашып, кеңестік кезеңдегі тоталитаризм, қолдан жасалған қиянаттардың салдарынан аштан қырылған жандардың қасіретті тарихын қағазға түсірді. Алайда жазықсыз жапа шеккендердің, құрбан болғандардың тарихы мен тағдыры әлі де түгелденіп болған жоқ, яғни бұл тақырыпта біз сөз етіп отырған қаламгердің жазары әлі де алда деген сөз.
Өзі өнегесін көріп, өсиетін естіген, алдынан ақыл-кеңесін тыңдаған ұлағатты ұстаздары мен ағалары туралы айтары өте мол қаламгер. Қаламдас ағалары мен інілеріне көрсетіп келе жатқан құрметі назар аудартпай қоймайды. Мәселен, Нұрдәулет Ақыш ағамыз көрнекті ғалым, абайтанушы, мұхтартанушы, өзінің ерекше құрмет тұтатын ұстазы Мекемтас Мырзахметұлын соңғы сапарға шығарып салу үшін шалғайдағы Түркістан облысының Түлкібас ауданына жедел жетіп, бүкіл шараға қатысқанына куә болдық. Айла тауып, түрлі сылтау айтып, қазаға келмей қоюына болар еді. Ал Нұрдәулет Ақыш ағамыз бүкіл шаруасын жиып тастап, азаматтығын, ұстазына адал шәкірт екенін дәлелдеді. Және аяқасты жоспарланбаған жол болғандықтан, қайтар кезде түрлі көлік кедергісіне кездессе де, ұстаз алдындағы шәкірттік парызын абыроймен атқарғанына риза болдық.
Ұстазы, академик Серік Қирабаев өмірден өткен уақытта да нақ осындай шұғыл шешім қабылдап, топырақ салысу үшін асығыс Астанаға аттанғанына да ұжым мүшелері куә. Ұстазды ұлықтаудан еш ұрпақ ұтылмайтынын ағамыз осындай үнсіз қимылымен де көрсете білді.
Ақиқатында асыл мен жасықты ажырата білуді, ақыл мен азаптың айқасын түсінуді үйретіп, табиғатыңды түгелдей өзгертіп, тал бойыңа ғұмырлық ғибрат сіңіретін ұстаздардың болғаны қандай бақыт! Өзгенің құнын осындай ұлы ұстаздардан өнеге алған қасиетті жан ғана сезіне алса керек. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген осы болар. Яғни Нұрдәулет ағамыздың үлкенді сыйлау үлгісі жастарға өнеге болуға тиіс деп ойлаймын.
Нұрдәулет Ақыш – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің, Халықаралық Жамбыл, Махамбет, «Алаш» әдеби сыйлықтарының, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы.
Қалай болғанда да, қарымды қаламгер, зерттеуші өз деңгейінде жанкештілікпен еңбек етіп, өзіне тән күрескерлік, қайраткерлік, қаламгерлік қабілетін көпке таныта білді. Қайда жүрсе де, жұрттың көз алдында болып, айтар ойын іркіп қалмайтын әріптесіміз, талантты жазушы, белгілі ғалым Нұрдәулет Ақыш «Аздың азаншысы болғанша, көптің қазаншысы бол» деген даналықтың дәлеліндей көрінеді де тұрады.
Гүлзия ПІРӘЛІ,
филология ғылымдарының докторы, профессор