Оқиға • Бүгін, 09:06

Алматыдан Астанаға бағыт алған "Эйр Астана" ұшағында апаттық жағдай болды

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

17 желтоқсан күні таңертең Алматы – Астана бағытындағы тұрақты жолаушылар рейсін орындау кезінде Air Astana әуе компаниясына тиесілі әуе кемесінде авиациялық оқиға болды. Көлік министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұшақ экипажы салонда түтін пайда болуына байланысты MAY-DAY апаттық сигналын қосқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыдан Астанаға бағыт алған "Эйр Астана" ұшағында апаттық жағдай болды

фото: Air Astana баспасөз қызметі

Оқиға Астана уақытымен сағат 07:38-де EI-KDG тіркеу нөмірі бар Airbus A321neo ұшағының бортында, KC-851 рейсін орындау кезінде орын алған.

«Қазаэронавигация» РМК Әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығының мәліметінше, әуе кемесінің командирі жолаушылар салонында түтін анықталғаннан кейін апаттық сигнал беруге шешім қабылдаған.

«Қону сағат 07:40-та жүзеге асырылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласы әуежайының өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметі жұмылдырылды», делінген хабарламада.

Алдын ала ақпарат бойынша, оқиға салдарынан жолаушылар мен экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі уақытта Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті тексеру жүргізіп, авиациялық оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Соңғы жаңалықтар