Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасы аясында ұйымдастырылды.
Ғылыми-технологиялық сессияға оқушылар, студенттер, жас мамандар мен жаңашыл идея ұсынуға ынталы жастар жиналып, өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған жобаларын ортаға салды. Іс-шараға қатысқан 20-ға жуық команда ауыл шаруашылығы, экология және цифрландыру бағыттары бойынша нақты әрі қолданбалы шешімдер ұсынды. Қатысушылар қысқа уақыт ішінде идеяны пысықтап, оны инновациялық жобаға айналдыру арқылы өздерінің кәсіби біліктілігі мен командалық жұмыс дағдыларын көрсетті.
Ұсынылған жобалар идеяның өзектілігі, техникалық жүзеге асырылу деңгейі, жаңашылдығы, практикалық маңыздылығы және таныстырылым сапасы бойынша сарапшылар тарапынан бағаланды. Инновациялық ғылыми-технологиялық сессия жас таланттарды қолдауға, жаңа бастамаларды дамытуға және университеттің инновациялық экожүйесін нығайтуға бағытталған тиімді алаңға айналды.
Сондай-ақ оқу орнында өткен «Еңбек» фотокөрмесі еңбек адамын дәріптеуге арналды. Көрмеде 40-қа жуық кейіпкердің күнделікті еңбегі бейнеленген фотосуреттер қойылды. Атап айтқанда, оқу орнының шаруашылық-техникалық саласында еңбек ететін қызметкерлеріне ерекше назар аударылды. Олардың қатарында университет ашылғалы бері 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар бар.
«Университетімізде 400-ге жуық жұмысшы маман қызмет атқарады. Олардың арасында оқу ордамызда 10-30 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп жүрген мамандар бар. Сондықтан оларға арнап бүгінгідей жоба дайындадық. Жұмысшы мамандарымыздың маңдай тері мен адал еңбегі құрметке лайық. Университеттің дамуына үлес қосып жүрген барша жанға үлкен алғыс білдіремін», деді университет ректоры Жанар Темірбекова.