Үкімет • Кеше

Күн тәртібі бекітілді

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен бюро өтіп, 18 желтоқсандағы Сенат отырысының күн тәртібін белгіледі.

Күн тәртібі бекітілді

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев әріптестерін еркіндік пен егемендіктің символына айналған мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

«Біздің басты мақсатымыз – мемлекеттілік пен ұлттық бірлікті нығайту мен азаматтарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар төңірегіне топтастыру. Бұл күнді ел дамуының негізгі жетістіктері мен сын-қатерлерін терең саралайтын маңызды кезең деп қабылдаған жөн», деп М.Әшімбаев Мемлекет басшысының Ішкі саясат мәселелері бойынша Жарлығына сәйкес бұл бағыттағы негізгі қағидаларға, құндылықтарға және басымдықтарға тоқталды.

Бекітілген күн тәртібіне байланысты сенаторлар алдағы бейсенбіде «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңды қарайды. Құжатта құқық бұзушылықтың алдын алу саласында адам мен азаматтың құқын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды және сақтауды қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті сақтау және нығайту жөнінде маңызды нормалар бар. Отырыста «Қазақстан Респуб­л­икасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық бұзушылық профи­лак­тикасы және Қазақстан Респуб­ликасы заңнамасының жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң да қаралады.

Сонымен қатар Сенат отырысының күн тәртібіне «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң шығарылды. Бұл заңға сәйкес геологиялық ақпараттың ашық дерекқоры бар саланың негізгі цифрлық инфрақұрылымы ретінде Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын бекіту ұсынылады. Платформа қатты және кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндіру саласындағы барлық бизнес-үдерісті қамтиды.

Депутаттар сондай-ақ Мемлекет бас­шы­сының тапсырмаларын орын­дау аясында әзірленген «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне Қазақстан Рес­публикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарайды. Аталған заң арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет, заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару, жер пайдалану құқықтарын мұрагерлікке алу, сондай-ақ алименттік міндеттемелерді орындау мәселелерін реттейтін бірқатар заңнамалық актіге түзетулер енгізіледі.

Сонымен қатар палата отырысында тағы басқа да заңдар топтамасы қа­ралады. Нақты айтқанда, «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы», «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық ак­ті­леріне архив ісі және құқыққа қай­шы контенттің таралуын шектеу мәсе­л­е­лері бойынша өзгерістер мен то­лық­­тырулар енгізу туралы» және «Са­лық және бюджетке төлене­тін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақ­­­стан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) өзгеріс пен толық­тыру­­лар енгізу туралы» заңдар Сенат оты­рысының күн тәртібіне шығарылды.

Бұған қоса палата отырысында алдыңғы аптада сенаторлар жолдаған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қаражаттың пайдаланылуын тиімді бақылау және «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының жекелеген ережелерін қайта қарау туралы депутаттық сауалдарға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жауап береді. Сенат төрағасы атап өткендей, мәселенің маңызын ескере отырып, талқылауға мәслихат депутаттары мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады.

Бюрода депутаттар Мәжіліс қабылдаған заңдарды жұмыс үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөліп беріп, сенаторлардың 26 желтоқсан мен 11 қаңтар аралығында өңірлерде өтетін көшпелі отырыстары мен кездесулеріне қатысты мәселелер талқыланды. 

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі доллар бағамы қандай?

Экономика • Бүгін, 16:00