Аймақтар • Кеше

Жанға жайлы Жанұзақ

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осы біздің Шығыста береке-бірлігі жарасқан, бір-біріне қарас­қан ауыл қайсы десең, Жанұзақ емес пе дейді көбісі. Қай­бір жылы дүкенінде ащы сусын сатылмайды деп, көпке үлгі еткеніміз де бар. Ішімдік ішу-ішпеуін індете зерттей қоймадық, бірақ ауылдың ерек­шелігін барғанда көрдік: үй-үйдің арасында қоршауы жоқ, айрандай ұйыған ел.

Жанға жайлы Жанұзақ

Суретті түсірген – автор

Ел аузында жүрген Жанұзаққа әне барамыз, міне барамыз деп жүргелі қашан?! Сапардың сәті кеше ғана түсті. Түнімен тынымсыз соққан бұрқасын боран жолын алып қалған шығар деген оймен баруымызды бір күнге шегердік те. Сөйтсек, далалы жолдың жабылып қалуы әбден мүмкін екен. Десе де, ауыл жастарының көбі қалаға қатынап жұмыс істейді. Өскеменнен қырық-елу шақырым жердегі Жанұзаққа әп-сәтте біз де жетіп бардық. Жолының арагідік түсіп кеткен тұсы болмаса, тегіс асфальт. Қалба сілемдерін етектей жайлаған мекен. Бұл жақтың бел-белесі жиналған жалпақ тастан құралғандай. Бейне бір әдейілеп қолдан соққан секілді. Астрономияны еске салсақ, анау таулар ертеде аспаннан жауған метеорит салдарынан пайда болса керек-ті. Ауылдан ары таман Жанұзақ дей-тұғын көл мөлдірейді. Одан шыққан өзен ауылды жанай ағады.

Күн еңкейген екінің кезі. Ши-шиді аралай жайылған мал өрістен қайтқан. Ел-жұрт қора-қопсысын төңіректеп жүр. Үйді-үйдің арасы бекітілмеген, алаң-ашық жатыр. Дәл осы көрініс қой, ауылдың берекесін, бірлігін аңғартады. Есіктеріне құлып та ілмейді, тіреу қоя салып жүре береді.

Бірін-бірі шанамен сүйреп жүрген балаларға таяп барып, үйде үлкендер бар ма дегенбіз. Ондағы ойымыз, ауыл­дың тарихынан тартып әңгіме айтатын кө­некөз қария іздедік. Ауылдың өткені мен кеткені қызықтырды. Сол-ақ екен, елгезектеуі апам бар деп, үйіне қарай жүгіре жөнелді. Ертіп жүрген күшіктері томпаңдап, бірге ілесті. Бұл жақтың жұрты тазы жүгіртіп, көкпар тартуға әлімсақтан әуес. Атбегілер де осы маңайдан шығады. Қиыр шетте жатқан аядай ауылға бөтендердің бас сұғуы сирек секілді. Үйдің есігін сықырлата ашып, тысқа шыққан кейуана әуелде бізге кімсіңдер деп, үрке қарағандай көрінді.

– Апа-ау, журналист едік. «Egemen Qazaqstan» газетінен келдім. Айрандай ұйы­ған ауыл осы деген соң ат басын бұр­ған бетіміз, – дедім тәптіштей түсіндіріп.

– Ой, қарғам сол, жүр, үйге кір. Дәмнен үлкен емес шығарсың, – деген соң соңынан ердім.

Ауылдың кең пейілі, көлдей көңілі осыдан-ақ көрінеді емес пе? Қарбаласқан қалалықтар ғой, келген жанды подъездің алдынан қайтарып жіберуді жөн көретін. Апамыз шайын қайнатып, зыр жүгіріп жүр. Әңгімесі де әсерлі.

– Аты-жөнім – Айтжан Ахметжанова. Кезінде сол, қойшы болдым, сүт фермасында істедім. Осыдан төрт-бес жыл бұрын біздің ауылдың дүкенінде ішімдік сатылмайды деп журналистер жазған да. Қа­зір дүкен де жоқ. Жабылып қалды. Ауыл үй­лері жылдан-жылға азайып барады. Мектеп тоғыз сыныптық. Қашан еді, мек­­тепті жабамыз деп шу болғанбыз. Бала саны жетпеген соң ауылдықтар бала асырап алдық. Сөйтіп, мектепті ұстап қалғаны­мыз бар. Мен екі қызды бауырыма бастым. Екеуі де бойжетті, тұрмыс құрды. Тәубе! Жиен немерелерім бар, – дегенде ауылдың нағыз жанашыры осылар екен дедік. 

Ауылдағы мектепті ұстап қалу үшін осыдан артық қандай ерлік керек еді? Елі үдере көшіп, мектептері қаңырап қалған ауылдар қаншама! Мектеп жабылған соң ауылдың сиқы да қалмайды. Ал мұнда керісінше, мектептің жабылғаны былай тұрсын, жастардың кешкі уақытын тиімді өткізуі үшін спорт залы салынып жатыр. Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, жаңа жыл қарсаңында ашылады. Мектепке жапсарлас медпункт те жұмыс істеп тұр. Ауылдың жанашыр азамат­тары­ның бірі салып берген мешіт пен қатым­ханасы және бар. Балдырғандар үшін шағын топ та жұмыс істейді. 300-дей жан саны бар ауылдың болашағы жарқын секілді. Оның үстіне, қалаға көшіп кеткен жастардың өзі сенбі-жексенбі аунап-қунап ауылдарында жатады.

Айтжан апамызбен әңгімелесіп отырып, ауылдың тарихын тәптіштеп айтып беретін кім бар деймін ғой. Ауылдың кіреберісіндегі зейнеткер ұстаз Зинаят Сабырованың үйіне қарай жол сілтеді. Ақ жаулықты ананың ұстаздық еткені бірден байқалды.

– Жанұзақ ауылының іргесі 1961 жылы қаланған. Ол заманда 100 шақты түтін болса, өткенде ғана санадым, 42 үй қалыпты. Ауыл қартайып барады. Жастар келіп-кетіп жүреді. Қайтеді енді, ауылда мектептен басқа жұмыс орны жоқ. Бір жағынан олардың өскені, өнгені керек. Ауылымыздан шыққан азаматтарымызбен мақтанамыз. Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Берік Дүйсембинов осы ауылдан шыққан. Одан басқа қаншама спортшылар шығып жатыр. Ауыл жастары аман болсын. Біз солардың амандығын тілеп отырамыз, – дейді қарт ұстаз Зинаят Сабырова.

Ауылдықтардың тағы бір айтқаны, бұл маңай мал асырауға таптырмас орын десе­ді. Төрт түлікті жыл он екі ай өргізіп оты­ру­ға болады. Азын-аулақ шөп дайындап алса, қыс­тан қысылмай шығуға болатын кө­рінеді. Жанға жайлы Жанұзақтан күн бата ұзап кетіп бара жатқанымызда мұр­жа­ларынан будақ-будақ түтін шыға бас­та­ған. Сол түтін еш сөнбесін деп тіледік іштей.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы,

Жанұзақ ауылы

Соңғы жаңалықтар