Аймақтар • Кеше

Батыс Қазақстан облысында боранда ауыл тұрғыны қаза тапты

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында 13-14 желтоқсан күндері болған қолайсыз ауа райы салдарынан 63 елді мекен электр жарығынсыз қалып, бірнеше адам жоғалып кетті деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстан облысында боранда ауыл тұрғыны қаза тапты

фото: ашық дереккөз

Электр жарығы өшіп қалды

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусиннің айтуынша, 13-інен 14-іне қараған түні болған боран кезінде 6 ауданында 16 мыңға жуық абонент электр жарығынсыз қалған. Соның ішінде Ақжайық ауданында – Қабыршақты ауылы, Бөкей ордасы ауданында – 18 елді мекен, Тасқала ауданында – 8 ауыл, Бәйтерек ауданында – 9, Жәнібек ауданында – 12 елді мекен, Қазталов ауданында – 16 ауыл жарықсыз қалған. Қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп, 15 желтоқсан күні түскі сағат 12:30-ға дейін Бәйтерек, Ақжайық және Тасқала аудандарында электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілген. Дәл қазіргі уақытта әлі 3 641 абонент жарықсыз қалып отыр. 119 адамнан тұратын 24 бригада электр желілерін жөндеп жатыр.

«Бір тәуірі өңірде газ желісінде ақау жоқ, жағдай тұрақты» дейді Бейімбет Мусин.

Су мұнарасы құлады

13 желтоқсан күні сағат 18:00-де қатты жел салдарынан Сайхын ауылында резерв ретінде пайдаланылатын қосымша су мұнарасы құлап түскен.

«Бірақ бұл жағдай халықты сумен қамтамасыз етуге әсер еткен жоқ, өйткені негізгі мұнара толық көлемде жұмысын істеп тұр» дейді мамандар.

Жаңақала ауданында төтенше жағдайға байланысты Жуалы ауылында – 364 адам, Жаңақазан ауылында – 1850 адам, Жаңажолда – 852 адам, Сарыкөлде – 424 адам, жалпы саны – 3490 адам ауыз сусыз қалған.

Қатты жел үйлердің шатырын ұшырып әкетті

Қатты жел Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылдық округіндегі екі қабатты, 18 пәтерлі тұрғын үйдің, сондай-ақ ауылдық әкімдік ғимаратының шатырын зақымдап, Тасқала ауданы орталығындағы жатақхана ғимаратының шатырын жұлып кеткен. Жатақханада барлығы 60 бөлме бар екен, оның 25 бөлмесінде 57 адам тұрған. Оның ішінде 2 адам уақытша «Шұғыла» лагеріне көшірілген. Қалған тұрғындар өз бөлмелерінде қалатынын немесе жақын туыстарына көшетінін айтқан. Шатырды жөндеу жұмысы 15 желтоқсанда басталды.

Жағдай облыс әкімінің бақылауында

Оқыс оқиға қалыптасқалы бері Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев энергетика саласына жауапты органдардың қатысуымен жиналыс өткізіп, ахуалды жеке бақылауына алғаны хабарланды. Облыс әкімі өңірлік электр желілері ұйымдарына, төтенше жағдайлар қызметтеріне және жергілікті атқарушы органдарға электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берген. Қазір облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы халықты қажетті игіліктермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін күшейтілген режімде қызмет етіп жатыр.

Мектеп оқушылары қашықтан оқытуға жіберілді

Батыс Қазақстан облысында қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты кейбір мектептер білім беру процесін уақытша қашықтан оқыту форматына көшірді. Атап айтқанда Ақжайық ауданында – 1 мектеп (5 оқушы), Бөкей ордасы ауданында – 12 мектеп, 738 оқушы, Бөрлі ауданында – 24 мектеп, 10074 оқушы, Жәнібек ауданында – 14 мектеп, 2442 оқушы, Қазталов ауданының 35 мектеп сабақты 20 желтоқсанға ауыстырды.

Боранда жоғалып кеткендер де бар

Өкінішке қарай, боран кезінде үйінен шығып кетіп, қапия қазаға ұшыраған оқиғалар да болып жатыр. 15 желтоқсан күні түскі сағат 12.00 шамасында Жәнібек ауданына қарасты Күйгенкөл ауылы маңында 1968 жылы туған азаматтың өлі денесі табылды. Алдын ала диагнозы – суықтан үсіп өлген.

Қазір Жәнібек аудандық полиция бөлімі 1966 жылы туған М. деген азаматты, ал Қазталов аудандық полиция қызметкерлері 1990 жылы туған Е. деген азаматты іздестіріп жатыр.

13 желтоқсанда Жәнібек ауданы Борсы ауылдық округіндегі Тегісшіл елді мекенінен трактормен шығып, Тау ауылдық округіне қарасты Жігер қыстағына 200 бас ірі қара малды айдап бара жатқан екі азамат та хабарсыз кетіп, абырой болғанда аман табылды.

Қазір Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарында секундына 20-30 метрге дейін күшті жел соғып тұр. Синоптиктер 16 желтоқсанда облыстың солтүстігінде, шығысында аздаған қар жауып, жаяу бұрқасын жүретінін, 17 желтоқсанда күндіз облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында қар жауатынын хабарлады. 19 желтоқсанда облыстың солтүстігінде, шығысында қар, жаяу бұрқасын болса, облыстың батысында, оңтүстігінде, шығысында тұман түседі. Ауа температурасы түнде 15-20 градусқа дейін аяз болмақ.

Батыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

ЕАЭО отырысы Шымкентте өтеді

Саясат • Бүгін, 12:58

Елшіл қайраткерге құрмет

Қоғам • Бүгін, 10:30