Медицина • Кеше

Отандық дәрігер «ғылыми Оскар» сыйлығын жеңіп алды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көз дәрігері Мұхит Құлмағанбетовтің  Entoptica стартапы Гонконг пен Азиядағы беделді технологиялық марапаттардың бірі – Гонконг Ақпараттық және Коммуникациялық Технологиялар (ICT) сыйлығында әлемдік деңгейде мойындалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық дәрігер «ғылыми Оскар» сыйлығын жеңіп алды

Оның жобасы ICT Startup Award – Hardware and Device номинациясы бойынша үздік деп танылды және SLOPE атты инновациялық құрылғысы алтын жүлдені жеңіп алды. Қазылар алқасы бұл технологиялық жобаның медицина үшін маңыздылығын жоғары бағалады.

Жаңа құрылғы көздің торқабығында жасқа байланысты пайда болатын ауруларды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Диагностика кезінде ешқандай ота жасалмайды, дәрі-дәрмек немесе ауыр процедуралар қолданылмайды. Ауруды анықтау тек жарық пен толқын технологиялары арқылы жүзеге асады.

көз

Мұхит Құлмағанбетов – Қызылорда облысы, Қалжан Ахун ауылының тумасы. Ол кәсіби ортада кванттық офтальмология саласының өкілі ретінде танымал.

«Біз жасаған SLOPE құрылғысы көздің жасқа байланысты макулодистрофиясын (AMD) ерте анықтауға мүмкіндік береді. Қазылар алқасы технологиямыздың инновациясын және қоғамға тигізетін оң әсерін ерекше атап өтті. Жобамыз халықаралық деңгейде жеңіске жеткен кезде бойымды мақтаныш сезімі биледі. Болашақта осындай озық технологияларды Қазақстанға әкеліп, еліміздің денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтергім келеді. Отандастарыма қолжетімді, заманауи және тиімді медициналық шешімдер ұсыну – басты мақсатым», дейді жеңімпаз.

Hong Kong ICT Awards премиясы 2006 жылы Гонконг үкіметінің қолдауымен құрылған. Бүгінде бұл сыйлық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ең беделді марапаттардың бірі болып есептеледі және технологиялық әрі медициналық жобалардың халықаралық деңгейде мойындалуының символы саналады.