«Қазгидромет» РМК филиалының мәліметіне сәйкес, 14 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы аумағында ауа райы жағдайы қолайсыз болып тұр. Өңірде көктайғақ, бұрқасын, қатты қар, тұман байқалады, сондай-ақ облыстың батысы мен солтүстігінде кей жерде жаңбыркей жерде қар жауып, боран болып тұр. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге, кей жерлерде тіпті 23-28 метрге жеткен. Осыған байланысты автожолдарда көктайғақ пайда болып, бұрқасын салдарынан жолдардың жекелеген учаскелері жабылды. Мысалы, 13-інен 14-іне қараған түнде облыстағы Өнеге-Бисен-Сайқын, Жымпиты-Қаратөбе, Теректі-Ақсай бағытындағы жолдар жабылды. Ал бүгін, 14 желтоқсанда қолайсыз ауа райына байланысты республикалық маңызы бар Орал-Атырау тас жолы мен Үлкен Шаған-Переметный тас жолында көлік қозғалысы тоқтатылды.
Сондай-ақ сағат 11:30-дағы жағдай бойынша қолайсыз ауа райына байланысты облыста бірқатар республикалық маңызы бар автожол учаскелерінде, атап айтсақ Қазталов-Жәнібек, Өнеге-Сайқын, Орал-РФ шекарасы, БҚО-Атырау облысы шекарасы және Чапай-Қазталов бағытында барлық көлік түрі үшін қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді.
Бұған қоса ауа райының күрт нашарлауына байланысты облыстың бірқатар ауданында электр энергиясы өшіп қалған. Тіпті Орал қаласының кейбір ауданында да бүгін таң атқалы жарық жоқ. Облыс әкімінің баспасөз қызметі қазіргі уақытта энергетика саласының қызметтері күшейтілген режімде жұмыс істеп жатқанын, электр желілерін барынша тезірек қалпына келтірілетінін хабарлады.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев энергетика саласына жауапты органдардың қатысуымен жиналыс өткізіп, ахуалды жеке бақылауына алған. Облыс әкімі өңірлік электр желілері ұйымдарына, төтенше жағдайлар қызметтеріне және жергілікті атқарушы органдарға электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар беріпті.
Батыс Қазақстан облысы