Энергетика • Кеше

Маңғыстауда жасыл энергетика бағытында халықаралық жоба қолға алынды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «HYRASIA ENERGY» ЖШС өкілдерін қабылдап, Hyrasia One жобасының іске асырылу барысын талқылады. Кездесу барысында компанияның бас директоры Алмас Айдаров атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады, деп жазады Egemen.kz.

Маңғыстауда жасыл энергетика бағытында халықаралық жоба қолға алынды

Hyrasia One – Маңғыстауда жасыл сутегін өндіру бағытында жүзеге асырылып жатқан ең ірі халықаралық бастамалардың бірі. 2021 жылдан бері жоба аясында жел мен күн ресурстарын зерттеу үшін 4 метеомачта мен 18 радар орнатылып, геологиялық-геодезиялық зерттеулер жүргізілді. Сондай-ақ халықаралық ESG талаптарына сәйкес экологиялық және әлеуметтік зерттеулер жасалды. Нәтижесінде 21 тарихи-мәдени нысан анықталып, археологиялық ескерткіштер тізіміне енгізілді. Technip Genesis компаниясымен бірлесіп дайындалған алдын ала техникалық талдау (Pre-FEED) толық аяқталды.

Жобаның барлық дайындық жұмыстары жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылуда. Инвестордың жалпы салған қаржысы – шамамен 30 млн АҚШ доллары. Сонымен қатар жоба Германия тарапынан федералдық инвестициялық кепілдік алып, стратегиялық маңызы расталды.

Алғашқы кезеңде электр энергиясының 4 ГВт қуаттылығы қарастырылып, жылына 130 мың тонна жасыл сутек өндіру жоспарланып отыр.

Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай жасыл энергетика саласындағы халықаралық жобалардың өңір экономикасын дамытудағы маңызын атап өтті.

– Осындай халықаралық деңгейдегі ірі инвестициялық жобалар өңірдің дамуына серпін береді. Маңғыстау жасыл энергия бағытында үлкен әлеуетке ие, сондықтан біз мұндай бастамаларды қолдауға мүдделіміз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Кездесу қорытындысында облыс әкімі өңірдегі ірі стратегиялық жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Маңғыстау облысы