Саясат • Кеше

Елдегі реформаларды таныстырды

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Ватиканға жұмыс сапары аясында Егеменді Мальта Орденінің Ұлы Магистрі Фра Джон Тимоти Данлаппен, сондай-ақ Ұлы Канцлері Риккардо ди Монтекупомен кездесті. Онда ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланып, көпжақты байланыстарды кеңейту келешегі белгіленді. Бұған қоса, бірлескен жобаларды іске асыруға қатысты пікір алмасты.

Елдегі реформаларды таныстырды

Мәулен Әшімбаев Фра Джон Тимоти Данлапқа ілтипат білдіріп, еліміз Егеменді Мальта Орденімен тығыз қарым-қатынасты дамы­ту­ға мүдделі екенін атап өтті. Палата төрағасы көптеген жаһан­дық мәселеде екі мемлекеттің ұстанымы мен тәсілі ұқсас екенін тілге тиек етіп, дінаралық диалог, гуманитарлық көмек, медици­налық және әлеуметтік қамтамасыз ету сияқты салалардағы ынтымақ­тастықты дамытуға тоқталды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев конфес­сияаралық және мәдениетаралық өзара іс-қимылды кеңейтуге үнемі баса мән береді. Биыл қыр­күйек айында Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­лары­ның VIII съезі өтті. Оған алғаш рет Егеменді Мальта Ордені­нің өкілдері қатысты. Осы ретте «Турин кебіні» көрмесін ұйым­дастырғаны үшін Орденге алғысы­мызды білді­реміз. Бұл бастама съезд бағдар­ламасымен үндесіп, қатысушылардың айтарлықтай қы­зы­­ғу­шылығын тудырды. Көпте­ген жаһан­дық мәселеге қатысты біздің ұстанымдарымыз ұқсас. Гуманитарлық, мәдени, әлеуметтік салаларда байланыс­ты арттыруға әлеуетіміз де зор. Алдағы уақытта осы және басқа да бағыттарда ынты­мақтастық­ты нығайтып, ортақ жобаларды бірлесіп іске асырамыз деп үміттенемін», деді М.Әшімбаев.

Егеменді Мальта Орденінің Ұлы Канцлері Риккардо ди Мон­текупомен кездесуде бейбітшілік пен диалогтің жаһандық мәдениетін ілгерілету жөніндегі бастамаларға баса мән берілді. Сенат төрағасы өз сөзінде Мемлекет басшысының қақтығыстар мен дағдарыстардан халқы зардап шегіп жатқан елдерді қолдауға бағытталған бастамаларына тоқталды. Атап айтқанда, гуманитарлық көмек көрсету шаралары мен сауда, азық-түлік қауіп­сіздігі, инфрақұрылым, көлік қаты­насы салаларындағы ынтымақ­тас­тық фор­маттары жан-жақты талқыланды.

Кездесу нәтижесінде еліміздегі Конфессияаралық және дінаралық диалогтің халықаралық орталығы мен Мальта Ордені арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжаттың басты мақсаты – бірлескен жобалар­ды жүргізуде және діндер, мәде­ниеттер мен өркениеттердің өзара іс-қи­мылы саласында үйлес­тіріл­ген зерттеулер, аналитикалық, консуль­тациялық, білім беру, әдісте­­ме­­лік қызметтерді жүзеге асыру­­да тең құқылы әрі өзара тиімді ын­ты­мақтастық орнату, сондай-ақ дамыту.

Сонымен қатар сапар аясында Қазақстан Парламентінің делегациясы Италияның сарапшылар қоғамдастығының өкілдерімен кездесіп, халықаралық күн тәртібіне қатысты пікір алмасты. Сарапшылар өзара іс-қимылды нығайту мен адамзатты алаңдатқан өзекті проблемаларды еңсеру тәсілдерін жетілдіруге арналған жаңа шаралар жөнінде пікірлесті. М.Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздегі саяси жүйені реформалау мақсатымен жүргізіліп жатқан өзгерістерді баяндады. Бұл ретте парламенттік реформаның маңызы, теңгерімді әрі ашық өңірлік саясат жүргізу мәселесі мен Парламент қызметінің басқа да бағыттары сөз болды.

«Қазіргі таңда Қазақстан Президентінің бастамасымен елімізде ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Парла­мент­тік реформа – саяси жаңғыру­дың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының бір палаталы Парламентке көшу мәселе­сін қоғамдық, сараптамалық талқы­лау­ға шығарды. Бұл бастама демокра­тиялық институттар мен тетік­терді нығайтуды көздейді. Бұл ретте өкілеттіктері кеңейтілген Парламент маңызды рөл атқарады. Аталған мәселеге қатысты түбегейлі шешім 2027 жылы референдум арқылы қабылданады», деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ М.Әшімбаев Дінаралық диалог жөніндегі дикастерия Ислам істері бюросының бұрынғы басшысы монсеньор Халед Акашемен кездесті. Сұхбат барысында Президенттің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінде белгілеп берген міндеттерді, оның ішінде жасанды интеллектіні пайдалану этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құру туралы бастамасы мен Астана бейбітшілік декларациясының ережелерін іске асыру тетіктері талқыланды.

Халед Акаше өз кезегінде 20 жылдан аса уақыт бойы жаһандық дінаралық диалогті нығайтуға, маңызды әлемдік проблемаларды шешуге, уақыт сынына қарамастан толеранттылық пен өзара қолдау идеяларын ілгерілетуге ықпал етіп келе жатқаны үшін Қазақстанға ризашылығын білдірді. Ол өзара іс-қимылды әрі қарай арттыра түсуге және ынтымақтастың басым бағыттары бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін де жеткізді.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Рим Папасы Францискті еске алып, оның Санта-Мария-Мад­жоре базиликасындағы қабіріне гүл шоқтарын қойды. Бұған қоса, делегация «Бамбино Джезу» педиатриялық госпиталіне қарасты Молекулалық генетика ғылыми зерттеу орталығының қызметімен танысты. Сондай-ақ таяуда Рим қаласында ашылған қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоғын қойып, ақынның рухына тағзым етті. 

Соңғы жаңалықтар

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Кеше

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Кеше

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Кеше

Қазақстанда мал ауруы 51%-ға төмендеді

Шаруашылық • 12 Желтоқсан, 2025