Қоғам • Бүгін, 09:05

Шаруаларды сарсаңға түсірген лизинг

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы алдымен фермерлерді, елдегі ауыл шаруашылығын қолдауға арналғаны белгілі. Бірақ бағдарламаға өтінім қабылдау басталғалы жеткізушілер ауыл техникаларының бағасын бірден қымбаттата бастаған. Ол ол ма, лизинг алушыларға белгілі бір көлік түрін нақты өндірушілерден ғана сатып алуға мәжбүрлеп, құқын шектеген.

Шаруаларды сарсаңға түсірген лизинг

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­ші­лерді «Жеңіл­детілген лизинг» бағ­дар­ламасы бойынша қаржыландыру шарттары биыл да өзгер­­ген жоқ: жылдық мөлшерлемесі – 5% болса, алғашқы лизингтік төлем кемінде – 10%. Жеңіл­­детілген несие жеті жылға беріледі. Мұндай арзан несие ауыл шаруашылығы саласын заманауи техникалармен қамтамасыз етіп, кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге тиіс еді.

Алайда бағдарлама басталмай жатып, оның ай­на­ласынан шу шықты. Атап айтқан­да,биыл­ғы көктем мен жаз айларында «ҚазАгро Қаржы» АҚ филиалдарында өтінім қабыл­­дау барысында рәсімдік мерзімдер бірнеше рет бұзылғаны анықталды. Қағаз түрінде тап­сырылған өтінімдердің тіркел­ген күндерінің қо­йыл­мауы салдарынан лизингтік өтінімдерді қарау, шешім қабылдау мерзімдері созылған. 

Құжаттамалардың кешігуі өнді­руші зауыттардың жұмысына да кері әсер етіп, олар тиісті жерлерге техникаларды кешіктіріп жет­кізген. Осылайша, ауыл ша­руашылығы тауарын өндірушілер сатып алған заңды тракторлары мен жем­шөп дайындайтын техникаларын қажетті маусымда уақтылы пайдалана алмай, астық жинау науқанына айтарлықтай залал келтірілген.

Бұл жайттар Қайырбек Сүлей­ме­новтің төрағалығымен өткен «Атамекен» ҰКП жанындағы Кәсіп­керлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл кеңесінің отырысында белгілі болды.

Сондай-ақ кәсіпкерлердің айтуынша, мердігерлер техниканың кепілдік мерзімінде сервистік қызмет көрсету мен жөндеу құнын да негізсіз қымбаттатып жіберген.

 «Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жаппай өтініш бере бастаған сәттен-ақ жет­кізу­шілер ауыл шаруашылығы тех­никасының бағасын өсіре бастады. 2024 жылы шығарылған техниканы қоса алған­да, тракторлардың құны кейінгі алты айда 26,1%-дан 26,5%-ға дейін қымбаттады», дейді Қарағанды облы­сының агроөнеркәсіптік кешені су­бъектілерінің «Қар-Агро Қолдау» қа­уым­дастығының өкілі Б.Жумкин.

а

«ҚазАгроҚаржы» АҚ мен техни­ка жеткізушілер лизинг алу­шылардың таңдау құқығын шектеп, нақты өндірушілер мен техника үлгілерін мәжбүрлеп ұсынғаны туралы деректер де бар.

Кеңес мүшелері бұл әрекеттер тұтынушылардың құқығын қор­ғау туралы және қаржылық лизинг туралы заңнамаға қайшы келе­тінін атап өтті. Себебі олар кәсіп­керлердің өндірістік міндеттері мен бастамаларын жүзеге асыру үшін қажетті техниканы өз қалағанынша таңдау құқын шектеген.

Бағаны қалыптастырудағы жү­йе­лі мониторингтің жоқтығы, сатып алу-сату мәмілелерін тал­даудың және лизингтік келісімдерді жа­сасу кезін­дегі нарықтық жағ­дайлардың ескеріл­меуі бизнесті қол­дауға бағытталған мемлекеттік ресурстардың тиімсіз пайдаланылуына әкелді. «Демек, техника мен қызметтердің құнын қалыптастыруда «ҚазАгроҚаржы» АҚ тарапынан бақылау жеткіліксіз болып отыр», дейді кәсіпкерлер.

Бизнес өкілдерін қолдаушылар «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның жеткізу­шілермен жасасқан келісімшарт­тары баға тұрақтылығын қамта­ма­сыз ете алмады деп айыптады. Әрі жеңілдетілген лизинг бағдар­ла­ма­сына сұраныс артқан уақытта қым­баттап кеткен техникалардың баға­сына да тосқауыл бола алмады дейді.

Жиынға қатысушылар кәсіп­кер­лердің техника бағаларына қатыс­ты өкпе-реніштері орынды деп санайды. Себебі кейбір техни­каларға же­ңілдетілген лизинг бағ­дар­ламасына қатысуға эксклюзивті құқық беріл­ген екен. Бұл, әсіресе, «Беларусь» мар­ка­лы тракторға қа­тысты. Сон­дықтан аталған үлгі­дегі трактор­лар құнының жарты жылда күрт өсуі зауыттар мен олар­дың дилерлерінің монополия­лық әре­­­кетімен тікелей байланыс­ты», дейді кәсіпкерлер. Олардың сөзін кеңес төрағасы Қ.Сүлейме­нов те қостады. «Мұндай әре­кет­тер аграршылардың шығын­дарын азайтуды көздейтін бағ­дарламаның негізгі мақсат­тарына қайшы келеді», деді ол.

Қазіргі таңда лизинг операторлары арасында бәсеке жоқ. «Made in Kazakhstan», «Preferential Leasing 6%» және «Preferential Leasing 5%» бағдарламаларын «ҚазАгроҚар­жы» АҚ жалғыз өзі жүзеге асырады. Кәсіп­керлік қауымдастығы өкіл­де­рінің пікі­рінше, аграрлық секторды мем­лекеттік қолдау тетіктерін тиім­сіз пайдаланудың басты себептері­нің бірі де осы. Сондықтан мемлекет­тік бағдарламаларға жеке лизинг ­компанияларын тарту қажет. Сонда ауыл шаруашылығы өнді­рушіле­ріне әртүрлі қаржы операторлары ара­сынан таңдау жасауға мүмкіндік туады.

Кеңес барысында аталып өткен­дей, 2030 жылға дейінгі қаржы секторын дамыту тұжырымдамасын­да лизинг нарығындағы мемлекет үле­сін кезең-кезеңімен қысқарту және жеке лизингтік компанияларды тарту көзделген. Бұл шаралар бәсе­келі орта қалыптастыруға және қыз­мет көрсету сапасын арттыруға ықпал етуге тиіс. Алай­да бағдарлама­лар­дың қазіргі­дей жалғыз мемлекет­тік ­опера­тор арқылы іске асырылуы қойыл­ған мақсаттарға қайшы келіп, нарықтық тетіктердің дамуын ­те­жей­ді.

Жиын қатысушылары тағы бір мәселенің ұшын шығарды: былтыр 23 желтоқсанда Ауыл шаруа­шылығы министрінің №410 бұй­ры­ғы күшіне енгені мәлім. Бұл құжат­та көрсетілгендей, өздігінен жүре­тін техниканы бастапқы тіркеу үшін электрондық төлқұжат қажет. Мұн­дай талап ша­руа­лар­ға қосымша қиын­дық туғызған. 1 қыркүйектен бас­тап лизин­г алу­шылардың көбі электрондық пас­порттардың жоқ­тығынан жаңа тракторларын тіркей алмай отыр. Соның салдарынан техникалар текке тұрып қалған, өйткені фермерлер оларды ресми түрде пайдалана алмай қалған.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі ұйымдастырушылық және құқық саласындағы қайшылықтар еш кінәсі жоқ шаруалардың мойнына айыппұлдар мен өсімпұлдар жүктеуі де мүмкін деп қауіпте­неді. Сондықтан Ауыл шаруашылы­ғы министрлігі техникаға, оның ішінде кепілдік қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарына «бекітілген баға» тетігін тезірек енгізуі керек.

Соңғы жаңалықтар

Орфандық ауру асқынып тұр

Медицина • Бүгін, 09:30

Он тілді меңгерген оқушы

Білім • Бүгін, 09:25

Орталық Азиядағы орта держава

Қазақстан • Бүгін, 09:02

Жүрек қағысын жетілдіру тәсілі

Медицина • Бүгін, 08:45

Дара да дана қайраткер

Тұлға • Бүгін, 08:40

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:25

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10

Аққыздың аманатын арқалаған

Руханият • Бүгін, 08:07

Күмбірлеп өткен күй ғұмыр

Тағзым • Бүгін, 08:05

«Пахтакор» – чемпион!

Футбол • Бүгін, 08:02

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Бүгін, 07:50