Қоғам • Кеше

Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында бүгінде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде ешқандай мәселе жоқ. Барлық емхана, ауруханалар мемлекеттен қажетті дәрілер мен медициналық бұйымдарды алып отыр. Бұл тура­лы №6 емханада өткен арнайы іс-шара барысында «СҚ-Фармация» ЖШС-нің Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің басшысы Ұлжан Нұғманова айтып берді.

Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті

Маман­ның мә­лім­­­­деуінше, бірың­­ғай дис­трибью­тор арқылы 92 ем­деу мекемесі дәрілік препаратпен қамтылды. Биылға 1018 атаумен дәрілер мен медициналық құрал-жаб­­­­­­дық­тарға тапсырыс беріл­­­ген. 79 стационарлық емдеу ұйымына 18 млрд тең­­ге­ге 1005 атаулы дәрі мен медициналық бұйым­дар сатып алынды. Амбула­то­риялық емдеу меке­мелерінде 15 млрд тең­геге дәрі-дәрмек қо­ры жасақталды. Барлық меди­циналық препараттар желтоқсан айында қой­ма­­ларға жеткізіп, келер жылдың басынан емхана, ауруханаларға таратылады. 2027 жылға мемлекеттік сатып алу келер жылдың мамырынан бастап жүргізіледі.

Ұ.Нұғманова өз сөзінде  іркіліп қалған тегін дәрілер қатаң бақылауда болатынын, дәрі-дәрмекке сұраныс туын­даса бір ұйымнан екінші ұйымға, тіпті өңірлерден тасымалданатынын атап өтті. Бұл шара аймақта дәрілік затқа тапшылық болдырмас үшін қажет. Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы №75 бұйрығына сәйкес қан қысымы, қант диабеті, талма ауруы, бронхиалды астма секілді дертпен есепте тұрғандарға, бүйрек, бауыр алмастырғандарға дәрілер тегін беріледі. Алайда министр бұйрығына өзгеріс енгізіліп, келер жылдан бас­тап қант диабетімен ауыратындар дәрі-дәрмекті міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйе­сі арқылы алатын болды. Тек балалар мен жүкті әйел­дер секілді әлеуметтік қорғалмаған топтағы азаматтар ғана сусамыр дертінің дәрілерін тегін алып отырады.

Сондай-ақ маман меди­ци­налық препараттарды міндетті таңбалау іс-шарасы дәрілік заттардың қара нарыққа өтіп кетуі­нің жолын біржолата қи­ғанын мәлімдеді. Өткен жылдың шілдесінен бас­тап енгізілген бұл талап дәрілік препараттардың на­рық­тағы қозғалысына бақылауды күшейте түсті. «СҚ-Фармация» өкілінің айтуын­ша, мемлекеттік сатып алу тек елімізде ресми тіркелген дәрілерге ғана жүргізіледі. Сондықтан оның қауіпсіздігі мен сапасына ешқандай күдік болмау керек. Мемлекеттік сатып алуда жергілікті дәрілік препарат өндіретін компаниялар мүддесі көбірек ескеріледі. Бүгінде тегін дәрілік заттар ішіндегі отандық өнімнің үлесі – 50%. Ұ.Нұғманова Президент тапсырмасына сәйкес оның үлесін келешекте 80 пайызға жеткізу жоспарда бар екенін айтты.

Шымкентте бұл жос­парды іске асыруға мүм­кіндік жетеді. Өйткені қа­лада екі бірдей ірі кә­сіпорын, «Химфарм», «ЭкоФарм Интер­нейшнл» компания­лары орналасқан. «Хим­фарм» биылғы 9 айдың ішінде 54 млрд теңгенің дәрі-дәрмегін өндірген. «ЭкоФарм Интернейшнл» 30 млн долларға 15 бизнес-жобаны жүзеге асырды. Бес өндірістік нысанды іске қосты. Соның нәтижесінде қазірде кәсіпорын бес жүзден астам адамды жұмыспен қам­тып, бес мың атаумен медициналық бұйымдар шығарып отыр. Одан бөлек, шаһарда құрғақ қан мен биологиялық қоспалар, инсулин инесі мен вирусты анықтайтын тест талдамалары, сапалы медициналық таңғыштар, түрлі импланттар мен басқа да өнім­дер өндіріледі. Дәрі-дәр­мек өндірісін ілгерілету Мемлекет басшысының отан­дық фармацевтиканы дамыту туралы берілген тапсырмасын орындау аясында іске асып отыр.

Жоғарыда аталған іс-шараның №6 емханада өтуі тегін емес. Себебі ол қаладағы ең үлгілі емдеу мекемесі саналады. Осы емханада 20 жыл есепте тұрған Зілиха Омарова барлық қажетті дәрі-дәрмекті тегін алатынын жеткізді. Оның айтуынша, емханада дәрігерлердің бәрі де білікті мамандар. Сондықтан осы күнге дейін жеке клиникаларға барып қаралып көрмепті.

Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі өкілдерінің қа­тысуы­­­мен №6 емханада Даму және ерте араласу орта­лығы ашылған. Онда 3 айлық пен 6 жасқа дейін балаларға скри­нингтік тексерулер жүргізіледі. Орталық меңгерушісі Қарлығаш Мамадалиеваның айтуынша, бүгінде балалар арасында тілдің кеш шығуы жиі кездесетін жағдай екен. Оған ең біріншіден телефон кінәлі болса, екіншіден ата-аналар балаларымен отырып әңгімелеспейді, жақын қарым-қатынаста болмайды дейді маман.

 

ШЫМКЕНТ