Тұлға • Кеше

Дара да дана қайраткер

30 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Нұртас Оңдасынұлы Түркістан ауданына қарасты Үшқайық ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Нұрмұхаммед. Қазақ салтымен жеңгелері «Нұртас» деп атаған екен. Кейін төлқұжатқа да солай жазылып кеткен.

Дара да дана қайраткер

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Негізі, тегі де «Дәндібайұлы Оңдасынов» боп қате жазылыпты. Дұрысы – Оңдасынұлы Дәндібаев болуы керек екен. Бұл тура­лы «Мен – Түркістанның түлегімін» атты жазбасында өзі жіті айтады. Әкесі қауын-қарбыз, мақта, егін еккен еңбекқор диқан болыпты. Одан қала берсе, пішен орып, жантақ шапқан. Мақта өсіруге қолайлы жері болмаса да, қары мол жиналған шұқырға сары мақта егіп өсірген көрінеді. Ол кезде сары мақтаны өсіру – Оңдасыннан басқа диқанның қолынан келмесе керек. Сол шұқыр әлі күнге дейін «Оңдасынның шұқыры» деп аталатын сыңайлы. Тумысынан момын, өте мейірімді әрі балажанды, қақ-соқпен ісі жоқ кісі болған екен. Ал анасы Жұмакүл 3-4 жасында дүние салыпты. Ол кісі ата-енесінің сүйікті келіні ғана емес, он саусағынан өнер тамған тігінші жарықтық екен. Тон, киім-кешек тігіп, ши орау, бау-басқұр, кілем тоқу, жиһаз жасаудың шебері болыпты. Соның арқасында ел-жұрттың құрметіне бөленіпті. Жастай жетім қалған Нұртасты екінші анасы Дәрігүл бауырына басыпты. Ол тумысынан аналық мейірімі мол, балажанды кісі екен. Өз баласынан кем көрмей, мәпелеп өсіреді. Жеті-сегіз жасында мешіт имамы – Керімқұл молдаға беріп, сауат ашқызады. Ал хат танып, оқу мен жазуды немере ағасы Әділбектен үйренеді. Сөйтіп, бір-екі жылдың ішінде кітапты еркін оқитын дәрежеге жетеді. Соның арқасында ауыл ақсақалдарына «Алпамыс», «Көрұғлы», «Қыз Жібек», «Айман–Шолпан», «Ләйлі–Мәжнүн», «Дариға», «Зарқұм» сықылды қисса­лар мен қазақтың басқа да ақын-жырау­ларының өлеңдерін оқып беріп, олардың алғысы мен батасын алады. Оның осы алған білімі ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынұлының жасаған қазақ емлесін тез игеруге игі ықпалын тигізеді.

Қазақ тарихында дәл Нұртас Оңдасынұлындай «елім» деп еміреніп, «жерім» деп жанын пида етуге дейін барған басшылар кемде-кем. Ол қандай қызметте жүрсе де халқының қамын жеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, дәріптеуге бар күш-жігерін сарқа жұмсады. 1938–1951 жылдары, яғни Қазақ елінің үкіметін 13 жыл басқарған кезін­де атқарған қызметі орасан зор. Атап айтар болсақ, Қазақ Ғылым академиясының іргетасын қалап, сол ғылым ордасының бас­шы­лығына сонау Жезқазғанда жүрген Қаныш Сәтбаевты әкеледі. Абай атындағы опера және балет театры құрылысының жедел әрі сапалы жүргізілуін де қатаң қадағалайды. Арыс–Түркістан, Ертіс–Қара­ғанды, Мырзашөл каналдары мен Мойынты–Шу теміржолын салуға һәм Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Балқаштағы алып зауыттарды аяққа тұрғызуға да өзі ұйытқы болып, тікелей басшылық жасайды. Сол жылдары Қыздар педагогикалық институты, Дене шынықтыру институты, Политехникалық институты, Шымкент технологиялық институты мен Ұлттық консерваторияны ашуға да мұрындық болды. Тіпті медицина мен шет тілдер институттарында бірнеше жаңа факультет те Нұртас Оңдасынұлының тұсында ашылды. Бұдан бөлек, бірнеше өңірде облыстық театрлар мен филармониялар, сондай-ақ Мұғалімдер институты мен училищелер ашуға да септігін тигізді. Ол – ол ма, 1940–1945 жылдары, яғни сұм соғыстың салған зардаптарына қарамастан, Ұлы Абайдың 95 және 100 жылдық мерейтойларын жоғары дәрежеде атап өту туралы қаулы шығарып, өзі сол комиссияның басы-қасында жүреді. Ақындар айтысын өткізу туралы бастама көтереді. Жыр алыбы – Жамбылдың атақты «Ленинградтық өренім» өлеңін жазуына да түрткі болған екен. Қасына Әбділда Тәжібаев пен Ғали Ормановты ертіп алып, Жәкеңе осы ұсынысын айтқан. Сол өлең ленинградтық өрендердің емес, бүкіл елдің рухын көтерген.

Осы тұста ерекше атап өтетін жайт, ол қазақ елінің сүйем жерін, яғни солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның үш ауданын Өзбекстанға, Маңғыстауды Түрікменстанға бермей, Хрущевпен айқасып өтті. 1961 жылы Дінмұхамед Қонаев Хрущевті пойызбен ел шетіне дейін шығарып салып бара жатқанда Хрущевтің: «Было большой ошибкой, что целиной занялись очень поздно. Это ошибка Скворцова, Шаяхметова, Ондасынова», деп жүргені – сол. Соның кесірінен атқарып отырған Үкімет басшылығынан босатылады. Ол аз болғандай, 58 жасында зейнеткерлікке шығарылады. Ол бұл ісіне өкінген жоқ. Есесіне, ел-жұртының шексіз құрметіне бөленді.

Ал Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық комитетінің бірінші хатшысы болған кезінде Атырау мен Маңғыстау өңірлерінің өсіп-өркендеуіне ерен еңбек сіңірді. Әсіресе, мұнай-газ саласын игеруге айрықша назар аударды. Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі Ғарай Сағымбайдың айтуынша, сол тұста мұнай өңдеу 3 есе, ал газ өндіру 6,5 есе, ал ұсақ және ірі қара мал басы 4 есеге дейін өскен. Еліміздегі балықтың үштен екісі осы өңірде өндірілген. «Бағырлай» каналы қазылып, Аралтөбе су қоймасы салынған. Маңғыстауда ұлутас кесетін, Атырауда кірпіш шығаратын, сүт өңдейтін, мал соятын, сыра өндіретін кәсіпорындар Нұртас Оңдасынұлының кезінде ашылған екен. Әсіресе, тұрғын үй салу қарқыны да өте жоғары болған. Ал ол облыс басшылығынан кеткеннен кейінгі 30 жылда, яғни 1991 жылға дейін Атырау облысында мал басы кеміп, 1951, яғни жұт жылғы мөлшерге дейін түскен. Бұл деректі де белгілі экономист Ғарай Сағымбай «Өмірі өнегелі азамат» атты мақаласында нақты келтіреді. Біздің бұл сөзімізді қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлы «Басшы немесе көзден кетсе де көңілден кетпес тұлға жайындағы толғаныс» атты жазбасында былайша толықтыра түседі: «Ол кісінің тұсында Атырау, Үстірт, Маңғыстау көптен жоламай кеткен Қызыр Ілияс қайтып оралғандай болды. Мал көбейіп, жайылыс жетпей, көрші Ақтөбе мен Түрікменстандағы мемлекеттік жерлерден өріс сұралды. Өндірістің де өркені өсейін деді. Шалшыққа шашып тастаған сүйек-саяқтай қиқы-жиқы сиықсыз қалаға келбет кірейін деді. Құлазып жатқан Маңғыстау даласында Алматының экспедицияларын тобықтан қағып аттатпай қойған орталық Мәскеу, Ленинград, Киев, Уфа экспедиция­ларын үсті-үстіне шұбыртып, толтырды да жіберді. Олардың ашқан кен орындары жайлы мәлімет қырық құлыптың ар жағында сақталды. Олар салдырған қалашықтарға жергілікті жерден адам түгілі, ұшқан қаңбақты жолатпады. Маңайдағы елді мекендерден сынық шеге алғызбай, бәрі «үлкен жерден» ұшақпен тасылды.

Жергілікті жерлердің таби­ғи бай­лықтарына ыссылай сұғын­ғанымен, адамдарына мұрын шүйіре қарайтын менсін­беу­ші­лікпен алғаш рет айқасқа шыққан да Нұртас  Оңдасынов еді. Мәскеудің есігінен есік тастамай жүріп, өз облысы аумағында тұрып, партиялық есепте басқа жақтарға тіркелетін «қашақ» партия ұйымдарын өз қарамағына қайтарып алды. Сол арқылы құрық жетпей жүрген құр асауларға облыс, аз да болса, өз ықпалын жасай алатын болды. Соның арқасында ол «Гурьев–20» деп ел-жұрттың бәрін шатастырып келген жұмбақ қаланың атын анау-мынау емес, Ақтау деп өзгерттірді. Бір өкініштісі, Нұртас аға Мәскеуге кеткен бойда-ақ, тап іргесіндегі сол аттас тағы бір қала тұрғандығына қарамастан, Шевченко болып аталады».

Нұртас Оңдасынұлы Атырау мен Маңғыстаудың тек әлеуметтік, эконо­микалық саласына ғана емес, сонымен қатар әдеби-мәдени жағынан дамуына да ерен еңбек етті. Жоғарыда айтқан Әбіш Кекілбайұлының деректеріне сүйенсек, Алматыдағы консерватория­да оқып жүрген Сейілхан, Раушан Құсайыновтарды, Боздақ Рызахановты, Рысбай Ғабдиевтерді оқулары біткен бойда елдеріне шақырып алып, шығармашылық ұжымдар құр­ғызып, музыкалық оқу орындарын ашқызады. Құрман­ғазының зиратына ескерткіш қойғызып, түрлі іс-шаралар өткізеді. Облыстық драма театры мен Дина Нұрпейісова атындағы ұлт аспаптар оркестрі және педагогикалық институт шаңырағы да сол кезде көтеріледі. Мұнайшылар отбасына арнап мектеп-интернаттар салғызады. 1957 жылы жас композитор Нұрғиса Тілендиевті Гурьевке шақырып, 500 адамдық оркестрге дирижер етіп, стадионда концерт бергізеді. Кейін бұл оркестр Мәскеуде өткен Бүкілодақтық халық шығармашылығы бай­қауында жүлделі орынды жеңіп алады. Елде елеусіз жүр­ген Сәттіғұл ақынды облыс орта­лы­ғына шақырып, халық алдына шығарады. Сөйтіп, құр­метті атақ алып береді. Ж.Ысқақов, А.Безелюк, В.Власов, А.Зелетдинов, К.Айдаралиев сынды спорт саңлақтарына спорт командаларын құрғызуға ықпал етеді. Атақты желаяқ Әмин Тұяқовтың жұлдызы сол тұста жанған екен. Алматыдан қабырғалы қаламгерлерді шақырып, Құлсарыдағы электрик Санжар Жандосовты, Гурьевте оқып жүрген студент Фариза Оңғарсынова мен мектеп оқушысы Әбіш Кекілбайұлын облыстық газет редакциясына кеңеске қатыстырып, әдебиетке баулыпты. Әбіш Кекілбайұлы елуге жуық құрбы-құрдасымен бірге мектеп бітірген соң, ауыл­да қой бағамыз деп үндеу жасағанына қарамастан, «қой болса, оны бағатын қойшы табылады» деп, оларды оқуға жібереді. Белгілі қаламгер Меңдекеш Сатыбалдиевке үш бөлмелі үй әперуге септігін тигізеді. Осы орайда Алматыдағы Абай ескер­т­кішін соққан Наурызбай Хәкімжановты сонау Қостанайда ат бағып жүрген жерінен астанаға алдыртып, оқытқан да Нұртас Оңдасынұлы болатын. Сондықтан да ол оны өз әкесіндей көріп, кейін бір ұлының атын Нұртас қойды. Бұл – Нұртас Оңдасынұлына көрсеткен құрметі.

Ең бастысы, ол 1942 жылы іссапарда жүріп, Лениногор түсті металдар комбинатының директоры Дінмұхамед Қонаевты тауып, кейін оны өзіне орынбасар етіп алады. Сөйтіп, Д. Қонаев Қазақстан Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болып 10 жыл қызмет атқарады. Тіпті мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ мұнай саласының майталмандары – Төлеген Тәжібаев, Ибрагим Тәжиев, Ілияс Омаров, Сағидолла Құбашев, Саламат Мұқашев, Закаш Камалиденов, Сәкен Шақабаев, Ысқақ Өтеғалиев, Халел Өзбекқалиев, Рақмет Өтесінов, Еркін Әсенов, Болат Өтеғалиев, Елмұрза Ерекенов, Өтеп Балғымбаев, Жанша Таңқыбаев, Өтеу Есенов, Қошық Қазиев, Құлшарап Өміршин, тағы басқалар – Нұрекеңнің шәкірттері. Мұның бәрі – тұлпарды тай кезінде таныған білімді де білікті басшының көрегендігі.

Қазақ елінің жерін көзінің қарашы­ғындай сақтап, ең қиын кезеңде Үкіметті 13 жыл бойы адал да абыройлы басқарған Нұртас Оңдасынұлы өзінің жазбасында: «Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып, біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937–1938 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!» деп ағынан жарыла айтқаны мәлім. Бұл – жай айтыла салған сөз емес. Ол шын мәнінде сондай адал адам, білімді де білікті басшы болды. Қазіргі ел басқарып жүрген басшылар осы үш қағиданы ұстанса, қазақ елі әлдеқашан дамып, өсіп-өркендеп кетер еді.

 – Нұрекең – артық дүние жинамаған, ешкімнен «сыйлық» алмаған адам. Атыраудан Мәскеуге көшкенде біраз адам болып шығарып салдық. Бар дүниесі – төрт чемодан киім-кешегі мен бір контейнер кітап. Мен кейін де қатынасымды үзбедім, Мәскеуге барған сайын соғып, сәлем беріп тұрдым. Сонда баяғы жұпыны күйінен өзгермеген, арзан жиһаз, үйінің көркі – сол кітаптары. Жеңгеміз Валентина Васильевна – ақжарқын жан. Ол кісі Нұрекеңнің тек жары ғана емес, қамқоршысы, көмекшісі бола білді. Дәмді асы мен тәтті шайын әзір етіп, жолына қарап отыратын, жақсы күтетін. Үлкен ұлы Ескендір – тарих ғылымдарының докторы, профессор, кіші ұлы Геннадий – техника ғылымдарының кандидаты. Кіші ұлы Геннадийдің екі ұлы бар, үлкеніне атасының құрметіне Нұртас деп ат қойған, – деген еді кезінде мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашұлы.

 Өмірінің соңында ол өзінің үш өкінішін атап көрсетіпті: «Орындалмаған үш арманым бар. – Бірінші арманым – зейнеткерлікке шыққан соң, Алматыда тұрсам деп едім, Мәскеуге өтіп кеттік. Маған Алматыда тұру бұйыр­мады. Екінші арманым – оңтүстік облыстарда керемет, талантты жігіттер бар еді, соларды қызмет бабында өсіре алмадым. «Жершіл, рушыл» деп айта ма деп қорықтым. Үшінші – жас кезімде ғылым қусам, кітап жазсам, ол артымдағы ұрпаққа қалса деп армандайтын едім. Бірақ тағдырдың, уақыттың әмірімен Үкіметті, облысты басқаруға тура келді. Сөйтіп, жас кезімдегі арманыма жете алмадым».

Біз үшінші арманы жүзеге асты деп нақты айта аламыз. Өйткені ол екі томдық «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік», «Шығыс халықтарының мақал-мәтелдері», «Араб текті қазақ есімдері» атты бес томдық ғылыми еңбектер жазып, артына мол мұра қалдырып кетті. Аталған бес томдық 2011 жылы «Білім» баспасынан жарық көрді. Бұл – жоғарыда айтқан сөзіміздің дәлелі.

Қайсар да қайтпас қайрат­кердің өмірі мен шығарма­шылығын ел жадында қайта жаңғырту һәм оның есімін мәңгі сақтау жолында біршама ізгі істер атқарылғаны мәлім. Кіндік қаны тамған ауылы қазір Нұртас есімімен аталады. Түркістан шаһарында оның атымен аталатын «Дарын» мектеп-интернаты мен мұражай ашылған. Сондай-ақ осы қалада Нұртас Оңдасынұлы атындағы аллея бар. Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универ­си­тетінде қайраткердің мерейтойлары қарсаңында ғылыми-теориялық конференциялар өтіп тұрады. Белгілі журналист-публицист Гүлсім Оразалықызының құрастыруымен «Нұртас Оңда­сынов» атты мақалалар мен естеліктер жинағы жарық көрді. Бұл кітап үш дүркін тасқа басылды. Бірақ мұнымен дана да дара тұлғаның өмірі мен шығармашылығын, азаматтық болмыс-бітімін толық айттық, жаздық деуге әсте болмайды. Әлі де ол туралы тарихи һәм ғылыми еңбектер жазылып, көркем туындылар түсірілуге тиіс. Астана мен Алматыда һәм еліміздің бүкіл облыс орталықтарында, әсіресе ол еңбек еткен Атырау мен Маңғыстау өңірлерінде оның атында мектеп, оқу орындары, көше, мәдениет, әдебиет һәм рухани ошақтар ашылғаны абзал. Өйткені ол – бүкіл елге ерен еңбек сіңірген тұлға. Қазақ даласының бір тұтам жерін жатқа бермей, оның тұтастығын сақтап қалған қайраткер. Ал мұндай тау-тұлға қазақ деген халықпен бірге мәңгі жасары хақ.

 

Ермахан Шайхыұлы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Соңғы жаңалықтар

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Кеше

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Кеше

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Кеше

Қазақстанда мал ауруы 51%-ға төмендеді

Шаруашылық • 12 Желтоқсан, 2025