Сурет: baq.kz
Барлық салмақ дәрежесінде (13) төрт көзі түгел жартылай финалға жеткен тек Ресей құрамасы ғана. Біздің жеті жампозымыз жүлдеге сынық сүйем жетпей доданы доғарса, алты саңлақ жүлдегерлер санатына қосылды.
Өкінішке қарай, Серік Теміржанов (60 кг) тәжікстандық Акмал Убайдовтан 0:5, Ерасыл Жақпеков (80 кг) ресейлік Жамболат Бижамовтан 1:4, Дәулет Төлемісов (86 кг) әлем чемпионы өзбек боксшысы Акмалжон Исроиловтан 0:5 есебімен жеңілді. 92 кг салмақта сынға түскен Нұрмағамед Юсупов испан боксшысы Эмануэль Рейестен аса алмады. Аса ауыр салмақта сынға түскен Нұрлан Сапарбай Армения өкілі Давид Чалояннан жеңілді. Әлемдік аламанға қосылған боксшыларымыздың ішінде Санатәлі Төлтаевқа (67 кг) да зор сенім артылған еді. Бұған дейін талай додаға түсіп, шыңдалған боксшы, Париж жазғы Олимпиадасының жеңімпазы, екі дүркін әлем чемпионы өзбекстандық Асахужа Мудинхужаевқа есе жіберді. 51 кг салмақта додаға қосылған Даниял Сәбит замбиялық Патрик Чинембадан жеңілді.
Жартылай финалға шыққан алты боксшымыздың төртеуі финалға өтті. Енді олар алтын медаль үшін тартысқа түседі. Әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов (48 кг) ресейлік Эдмонд Худоянмен күш сынасып, 0:5 есебімен есе жіберді. Осылайша, 37 жастағы Теміртас Дубайдан қола медальмен оралды. Әлем чемпионы, Токио жазғы Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов (54 кг) Непал боксшысы Чандра Бахадүрді талассыз жеңді. Енді екі дүркін әлем чемпионы атағы үшін ресейлік Вячеслав Рогозинмен жұдырықтасады. 57 кг салмақта Оразбек Асылқұлов финалға шығар жолда Ресей боксшысы Андрей Пегливанянды жеңді. Соңғы сында тәжікстандық Хусравхон Рахимовпен айқасады. Ертуған Зейнулинов (63,5 кг) Ресей боксшысы Илья Поповпен жұдырықтасқан, төрешілер 3:4 есебін тіркеп, қарсыласын финалға өткізді. Әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов (71 кг) қырғызстандық Ихтияр Нишоновты (5:0) айқын ұтты. Қазақ боксшыларының ішінде әлем чемпионатынан төрт мәрте жүлде алған тек Серік Сәпиев қана еді. Сол биікке Абылайхан да ат байлап, финалға шықты. Енді ресейлік Сергей Колденковты еңсерсе, алтын медальға ие болады. Ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш қатысқан Сабыржан Аққалықов (75 кг) жартылай финалда өзбекстандық Фазлиддин Еркинбовпен жұдырықтасуға тиіс еді. Өзбекстандық тарап айқастан бас тартты. Енді жерлесіміз әлем чемпионы атағын иелену үшін Исмаил Муцольговпен (Ресей) күш сынасады.