Президент • Бүгін, 14:41

Ашхабад форумы: Президент Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президенттің пайымдауынша, жаһандық су дипломатиясын дамытуда мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың маңызы зор. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабад форумында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ашхабад форумы: Президент Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды

Фото: istockphoto.com

«БҰҰ жүйесінде тек су мәселесімен айналысатын арнаулы құрылым жоқ. Бұл түйткілді тез арада шешкен жөн. Қазақстан Халықаралық су ұйымын құруды ұсынады. Сол арқылы БҰҰ аясындағы түрлі ұйымдардың барлық мандатын бір мақсатқа жұмылдыруға болады. UN-Water ведомствоаралық тетігін БҰҰ-ның толыққанды арнаулы агенттігіне немесе ұйымына айналдыру оңтайлы шешім болар еді. Мұндай бастаманы іске асыру БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары мен барша халықаралық қоғамдастықтың мүддесіне сай келеді. Келесі жылы сәуір айында Астанада Аймақтық экологиялық саммит өтеді. Аталған жиында Қазақстан жаһандық су ұйымын құру туралы халықаралық консультация процесін бастауға ниетті. Ортақ саяси ерік-жігердің арқасында күн тәртібіндегі судың өзекті мәселелері жүйелі түрде шешіле бастайтынына сенімім кәміл», деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сөзін қорытындылай келе, Ашхабад форумы мүдделі мемлекеттердің жасампаз серіктестігін нығайтуға және әлемде әділетті тәртіп қалыптастыруды көздейтін халықаралық күш-жігерге тың серпін беретініне сенім білдірді.

Жиында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Ресей Президенті Владимир Путин, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Ирак Президенті Абдул Латиф Рашид, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Сан-Томе және Принсипи Президенті Карлуш Мануэл Вила-Нова, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов, Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Мьянма Премьер-министрі Ньо Со, Эсватини Премьер-министрі Рассел Дламини сөз сөйледі.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабад қаласындағы Конгресс орталыққа барды. Мемлекет басшысы Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына, Халықаралық бейтараптық күні мен Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына арналған форумға қатысты. Президент форумда сөйлеген сөзінде БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдаған Ашхабадтың Халықаралық бейбітшілік және сенім жылын жариялау туралы бастамасы ерекше мәнге ие болғанын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар