Аймақтар • Кеше

Қарасай ауданында тартысты көкпар өтті

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарасай ауданындағы «Gulnar Baq» демалыс орталығында маусымның ең тартысты әрі әсерлі жарыстарының бірі – «Алматы облысының əкімі Кубогына арналған ересектер арасындағы командалық көкпар облыстық лигасының финалдық кезеңі» өтті. Шығыс және Батыс өңірлерінің ең мықты командалары жарыстың басты трофейі үшін шешуші кездесу барысында бақ сынасты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарасай ауданында тартысты көкпар өтті

Командалық көкпар лигасы – дәстүрлі ұлттық ойын көкпардың кәсіби спорт талаптарына бейімделген заманауи спорттық форматы. Жарыстар екі команда арасында өтеді және ойынның белгіленген уақыты, төрешілік, айып жүйесі мен ауысымдарды қамтитын бірыңғай ережелер бойынша жүргізіледі.

Дәстүрлі көкпардан айырмашылығы – командалық лига ойынды анағұрлым динамикалық әрі тактикалық тұрғыда жинақы өтеді. Командалардың нақты құрамы, бапкерлері мен матч жүргізу стратегиясы болады, бұл ойынның көрнекілігін арттырып, спортшылардың дайындық деңгейін күшейтеді.
Командалық көкпар лигасы аудандық, өңірлік және облыстық деңгейлерде дамып, ұлттық ат спортының танымал болуына және Қазақстанның мәдени мұрасын нығайтуға ықпал етеді.

«Командалық көкпар лигасы – ұлттық ат спорты түрлерін дамытуға бағытталған маңызды жоба. Жалпы, облыс əкімдігінің қолдауы ірі жарыстар өткізіп қана қоймай, инфрақұрылымды дамытуға, секциялар ашуға, жастарды тартуға мүмкіндік береді», деп атап өтті Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Танатаров.

Облыстық лиганың финалдық кезеңі ұлттық спорттың нағыз мерекесіне айналды. Чемпион атағы үшін «Батыс өңірі» атынан Қарасай ауданы, Жамбыл ауданы және Кемертоган (Қарасай ауданы) ауылдарының құрамалары, ал «Шығыс өңірінен» Кеген ауданы, Еңбекшіқазақ ауданы және Болексаз (Кеген ауданы) ауылдарының үздік командалары бақ сынады. Таңсәріден бастап демалыс орталығының аумағында ерекше атмосфера орнады – ондаған жанкүйер өз командаларын қолдау үшін жиналды. Көкпар алаңы барлық талаптарға сай дайындалып, төрешілер алқасы әр кездесудің ашықтығы мен әділ қадағалауына мән берді.

«Әр команда алаңға максималды дайындықпен шықты. Финалдық кезең спортшыларымыздың жоғары деңгейін көрсетті. Көкпаршылар нағыз ерлерге тән тартысты ойын, керемет техника және жеңіске деген жігер танытты. Қуантатыны – көкпарға деген қызығушылық жыл сайын артып, турнирлердің кәсібилігі жоғарылап келеді», деді жарыстың бас төрешісі Сабит Қасенов.

Матчтар айналмалы жүйеде өтті, онда әр команда өздерінің тактикалық шеберлігін, жылдамдығы мен күшін көрсету мүмкіндігіне ие болды. Әсіресе, шешуші финалға шығу тағдырын айқындаған қатар матчтар өте тартысты өтті.

Ойын алаңының әр метрі үшін күрес жүріп, ойынның қарқыны көрермендерді соңғы минутқа дейін толқу үстінде ұстады.

Нәтижесінде орындар төмендегідей бөлінді:

1 орын – Жамбыл ауданының командасы;

2 орын – Бөлексаз ауылының командасы (Кеген ауданы);

3 орын – Қарасай ауданының құрамасы.

«Бұл финалға ұзақ дайындалдық. Қарсыластар өте күшті болды, әр ойын оңайға түскен жоқ. Жеңіс – бүкіл команданың, шабандоздар мен бапкерлік штабтың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Жанкүйерлерге қолдауы үшін алғыс айтамыз – ол бізге күш берді», деді Жамбыл ауданы командасының мүшесі Тлешбаев Ақылжан.

Жүлделі орын алған командалар грамоталармен, медальдармен, кубоктармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ алты түрлі номинация бойынша жеңімпаз атанған ойыншыларға да сыйлықтар тапсырылды.

Ұйымдастырушылар – Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы және облыстық «Ұлттық спорт түрлері бойынша ДРС» – келесі жылы лига форматты кеңейтуді және қатысушылар санын арттыруды жоспарлап отырғандарын айтты.