Заң мен Тәртіп • Кеше

Астанада пробация есебіндегі адамдарға арналған акция өтті

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ғимаратында пробация есебінде тұрған адамдарға арналған әлеуметтік іс-шара өтті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астанада пробация есебіндегі адамдарға арналған акция өтті

Фото: Астана әкімдігі

Аталған іс-шараны Астана қаласы прокуратурасы, қала әкімдігі, қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бірлесіп ұйымдастырған.

«Бүгін біз «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында маңызды әлеуметтік акция өткізіп отырмыз. Біздің ортақ мақсатымыз – есепте тұрған азаматтарға нақты қолдау көрсетіп, олардың заңға бағынатын әрі тұрақты өмірге қайта оралуына жағдай жасау. Жұмыспен қамтылған азаматтар қайта құқық бұзушылық әрекеттерге бармасы анық. Сондықтан бүгін бір алаңда бизнес өкілдері мен жұмыспен қамту қызметі жиналып, жұмыс орындарын, тегін оқыту мүмкіндіктерін және кәсіби кеңестер ұсынуға дайын. Әрбір қатысушыға өз тағдырын өзгертуге мүмкіндік беріліп отыр. Сондай-ақ қаржылық мәселелер мен несиелік жүктемесіне ерекше көңіл бөлінуде. Заңгерлер мен сот орындаушылар азаматтарға берешектерін реттеуге және күрделі жағдайларды заңды жолмен шешуге көмектеседі. Сонымен қатар медициналық блок жұмыс істеп тұр. Мұнда қатысушылар қажетті кеңес алады. Бұдан бөлек электрондық үкімет порталында тіркелу және мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде құжаттандыру мәселесі бойынша қызметтерді ХҚКО-ға бармай-ақ алу мүмкіндігі де қамтамасыз етілген», деді Астана қаласы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Нұртас Дүйсембаев.

Оның айтуынша, аталған акцияға 200-ге жуық адам қатысады деп жоспарланып отыр.

«Бұл акция прокуратурамен мемлекеттік органдар жүргізіп отырған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Біз «Заң және тәртіп» әр азаматтан басталатынына сенеміз. Ал біздің міндет - адамның жаңа болашаққа нық қадам жасауына мүмкіндік беретін жағдай жасау», деді аға прокурор.

Прокуратура өкілінің айтуынша, қазіргі таңда Астанада 2500-ден астам адам пробация қызметінде есепте тұр. Олардың көпшілігі - 25-35 жас аралығындағы азаматтар.

«Бүгінгі әлеуметтік акцияға 25 жұмыс беруші қатысып жатыр. Олар 300-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Олардың қатарында сантехник, тігінші, электрик секілді және т.б. жұмыстар бар», деді Астана қаласы әкімдігі Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар.