Заң мен Тәртіп • Кеше

Елорда прокуратурасында оқушыларға арналған ашық есік күні өтті

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласы прокуратурасында «Заң және тәртіп» қағидаты шеңберінде №26 мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушылары үшін арнайы ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шара балалардың құқықтық сауаттылығын күшейтіп, қоғамдағы заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елорда прокуратурасында оқушыларға арналған ашық есік күні өтті

Фото: Астанақаласының әкімдігі

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқушыларға прокуратура қызметінің тарихы мен қызметі көрсетілген. Қатысушылар кезекші прокурордың жұмыс орнын, Ахуалдық орталықтағы мониторинг жүйесін және азаматтарды қабылдау бөлімінің жұмыс барысын көріп, танысты.

Прокуратура мамандары «Антиалаяқтық» WhatsApp-ботының қалай жұмыс істейтінін және азаматтарға арналған өзге де онлайн сервистердің мүмкіндіктерін көрсетті.

«Іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында құқықтық мәдениет қалыптастыру, заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету. Біз мұндай экскурсияларды жиі ұйымдастырамыз, жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептерде дәрістер оқимыз. Наркотикалық қылмыстардың алдын алу, буллингпен, алаяқтықпен және жастар арасындағы өзге де құқықбұзушылықтармен күрес туралы түсіндіреміз», деді Астана прокурорының көмекшісі Динара Тукеева.

1

Сондай-ақ ол өткен жылы ұйымдастырылған ұқсас іс-шараның нәтижесінде бірнеше студент құқық қорғау саласын таңдауға ниет білдіріп, прокуратурада тәжірибеден өткенін айтты.

Прокурорлардың жұмыс барысымен танысқан оқушылар да өз әсерімен бөлісті. 

«Маған прокуратураның қаладағы қауіпсіздікті бақылап отыратыны ұнады. Ахуалдық орталықта көшеде болып жатқан жағдайларға мониторинг жүргізіліп, құқықбұзушылықтардың алдын алуға болады», деді Темірлан.