Фото: Алматы әкімдігі
Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы хабарлағандай, қаладағы қар күреу жұмыстарына 2 728 жұмысшы мен 75 жедел бригада жұмылдырылған. Қала жолдарына 1 000-нан астам арнайы техника шығарылды, оның ішінде көктайғақты болдырмау үшін арнайы қоспа себетін 228 құрама жол машинасы бар. Колонналардың қозғалысын қамтамасыз ету үшін 22 полиция экипажы, сондай-ақ 10 эвакуатор мен манипулятор тартылған.
Мамандардың айтуынша, сағат 04:00-тен бастап магистральдар мен аудандық көшелерді тазалайтын 21 колонна жұмысқа кірісті. Сонымен қатар тротуар, аялдама мен жүргіншілер аумағы күреліп жатыр. Сағат 05:00-де 37 жеке мердігер ұйымның 1 790 жұмысшысы мен 256 техникасы аулаларды тазалау жұмыстарына жұмылдырылды.
Бұған қоса, қалада жол мен көшенің жағдайын бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік қойылған. Барлық коммуналдық қызмет қар толық тазалағанға дейін күшейтілген режимде жұмысын жалғастыра береді.