Фотолар: Қала әкімдігі
Қаланың Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдерінің айтуынша, қалалық шығарындылардың шамамен 60%-ы автокөліктерден шығады. 2025 жылы Eco Almaty және «Ренессанс плюс» компаниясы қызметкерлері 186 000-нан астам өлшем жүргізіп, 20 000-ға жуық хаттама жасапты. Ал салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 653 млн теңгеден асты.
Еске салайык, «Алматы қаласының аумағында атмосфералық ауаны қорғау саласындағы арнайы экологиялық талаптарды енгізу туралы» жаңа ережелер жобасы әзірленген. Құжат қазір келісу рәсімінен өтіп жатыр. Ереже халық пен бизнеске қолдау шараларын енгізуге, экологиялық технологияға көшуге және автопаркті жаңартуға құқықтық негіз қалыптастырады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, ережелер қабылданғаннан кейінгі нәтиже жан-жақты болмақ. Негізгі ластаушы ретінде автопарк басты экологиялық бақылауға алынады. Бұрын реттеуге шамалы тартылған III санаттағы кәсіпорындар да жаңа талаптарға бағынады: олар экологиялық нормаларды сақтауға және тексеруден өтуге міндетті. Сонымен қатар ауа сапасын жедел бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай мониторинг жүйесі құрылып, тұрғындарға ашық деректер ұсынылады. Қалада LEZ аймақтар пайда болады. Бұл көлік қозғалысына экологиялық талаптар енгізілетін аумақтар, олардың мақсаты – ауа ластануын азайту және қалалық ортаны жақсарту.