Форум • 10 Желтоқсан, 2025

Білім жүйесінде жемқорлыққа жол жоқ

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне орай Maqsut Narikbayev University-де өткен Академиялық адалдық лигасының «Адал білім – адал ұрпақ» білім беру жүйесінде академиялық адалдықты ілгерілету жөніндегі республикалық форумында мектеп, колледж, жоғары оқу орындарындағы ашықтық мәселесі кеңінен қозғалды.

Білім жүйесінде жемқорлыққа жол жоқ

Форумға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, MNU басқарма төраға­сы Талғат Нәрікбаев және еліміздің жетек­ші жоғары оқу орындарының ректор­лары қатысты. Сондай-ақ жиынға орта білім беру ұйымдарының өкілдері, сарапшы­лар қауымдастығы мен мемлекеттік орган­дардан келген 300-ден аса адам жинал­ды. Білім берудегі академиялық адалдық­ты қамтамасыз ету тақырыбында қызу талқылаулар өтті.

2021 жылы Мемлекет басшысы Үкімет­тің кеңейтілген отырысында жоғары оқу орындарында академиялық адалдықты бұзу деректері тіркеліп, жемқорлыққа жол берілген жағдайда оларды лицензиядан айыру секілді қатаң жауапкершілік енгізуді тапсырған еді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Д.Жазықбайдың айтуынша, бүгінде 103 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымындағы 4 191 бакалавриат білім беру бағдарламасына адалдық, жемқорлыққа қарсы мәдениет, құқықтық сауат және кәсіби этикаға арналған пәндер енгізілген.

«7 жоғары оқу орнында комплаенс-мамандарды даярлау басталды. Ал 52 мыңнан аса мемлекеттік қызметші әдеп және адалдық құндылықтарын орнықтыру бойынша онлайн оқытудан өтті. «Құқық» бағыты бойынша 63 бағдарламада жемқор­лық құқықбұзушылықтарды саралау, халықаралық стандарттар, тәуекелдерді бағалау, кадрлық қауіпсіздік және құқық қолдану мәселелерін қамтитын кешенді курстар бар. Магистратура мен докторантура деңгейлерінде де бұл бағыт кеңінен дамуда. Мәселен, 250-ден аса білім беру бағдарламасы жемқорлыққа қарсы сая­сатты, комплаенс, криминологияны және әдеп стандарттарын жүйелі оқытуға бағыт­талған», деді агенттік төрағасы.

Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек алдымен профес­сорлық-педагогикалық құрамға түсін­дірме жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты. Осы орайда айта кететін тағы бір мәселе, жуырда министр көптеген азамат әлеуметтік желілердегі жеке хабарламалар арқылы дипломдардың түпнұсқалығы мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдіретінін айтып, Telegram арнасында бұл мәселе жүйелі түрде толық реттел­генін ресми хабарлады. Ғылым және жоғары білім министрлігі 1991 жылдан бері беріл­ген барлық дипломның бірыңғай дерек­тер базасын қалыптастырған. Бұл – заң­сыз құжат айналымының алдын алуға бағытталған маңызды қадам.

«Дипломдардың мазмұнына қойы­латын бірыңғай талаптар мен олардың серия­лары бекітілді. Ал құжаттардың өзі енді арнайы қорғалған модуль арқылы біре­­­гей нөмір мен QR-код беру жолымен рәсім­­­деледі. Жүйеге тек жоғары оқу орын­дары­ның ресми жауапты қызметкерлері қол жет­кізе алады. Бұл дипломды қолдан жасау­ға жол берілмейді, жұмыс беруші құ­жат­тың түпнұсқалығын оңай тексере алады, адал еңбек еткен түлектердің еңбегі нақ­ты қор­ғалатынын білдіреді», деді министр.

Бұл да – академиялық ашықтықтың бір көрінісі. Ал қазір 22 ЖОО-ға енген Ака­де­миялық адалдық лигасын 2018 жылы M.Narikbayev University мен Almaty Management University құрған. MNU басқарма төрағасы Т.Нәрікбаевтың айтуынша, бұл – еліміздегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйым­дарының ерікті бірлестігі. Лига акаде­миялық адалдықтың 10 негізгі қағидасын ілгерілету мен іске асыру арқылы елдегі білім беру сапасын жақсарту миссиясын атқарады. Лига кеңесі адалдық стандартын әзірлеумен айналысады.

Академиялық адалдық лигасына ал­ғаш кірген оқу орнының бірі – С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ уни­верситеті. Университет ректоры Гүлзада Шакуликованың айтуынша, лига арқы­лы құрылған методология, білім беруді бағалауға бағытталған стандарттар қазір жақсы нәтиже беріп жатыр.

Іс-шара барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері және Академиялық адалдық лигасы ара­сын­да білім беруде академиялық адал­дық­­ты қамтамасыз ету жөніндегі меморан­думға қол қойылды. Сонымен қатар Мемо­рандумды іске асырудың 2026–2027 жылдарға арналған жол картасы бекітілді.