Айтулы ғалым 1925 жылы Шиелі өңірінде дүние есігін ашты. Бала күнінен туған жерінің барлық қасиетін бойына сіңіріп өсті. 20-жылдардың соңы мен 30-жылдардағы халқымыздың басындағы ауыр тағдыр мен ашаршылықты көрген жеткіншектің жүрегінде шермене болып қатып қалды. Осы зұлмат кезеңдер оған қатты әсер етіп, жасынан болашақ ғалымның философиялық ойы қалыптасты. Ол кейін өз еңбектерінде: «Ашаршылық қазақты рухани дәстүрінен тайдырып, ұлттық тамырымыздан ажыратты. Ділімізден жаңылдыра жаздады...», деп еске алады. Осындай қиын уақытта қалыптасқан парасат пен төзім оны ұлтының рухани тамырын қайта өркендетуге жетеледі.
Досмұхамед Кішібекұлы – отандық философия ғылымындағы бірегей тұлғаның бірі. Ол ғылымды тек дамытып қана қоймай, оны көркемдеп, рухани тереңдікке жеткізді. Көптеген кедергіге қарамастан, адалдық пен әділдік жолынан таймады. Философияны өз халқының рухани қазынасына айналдырып, қазақ даналығын әлемдік деңгейде танытты.
Біртуар тұлға ғылымға барлық саналы ғұмырын арнады. Оның ғылыми еңбектерінің көлемі адамды таңғалдырады. Мәселен, ғалымның 900-ге жуық мақаласы мен 72 іргелі зерттеуі неге тұрады? Сондай-ақ «Өтпелі қоғамдық қатынастар» және «Көшпелілер қоғамы» секілді монографиялары да – бір төбе. Академик кеңестік цензураның қысымына қарамастан шындықты дәлелдеуден тайған емес. Көшпелілер өркениетін індете зерттеп, Ілияс Есенберлин мен Олжас Сүлейменов шығармаларын ғылыми талдаудың негізгі арнасына айналдырды.
Көрнекті ғалым 1950 жылы Мәскеуге жолдама алғаннан бастап, ол қазақ философиясын ғылыми жүйеге енгізудің негізін қалады. 1964 жылдан табан аудармай 32 жыл бойы қазіргі Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің философия кафедрасын басқарды. Осы жылдары оның басшылығымен республика көлемінде филиалдар ашылып, кейін олар дербес университеттерге айналды. Қазір оның «Досекеңнің шәкіртіміз» деп мақтанышпен еске алатын ізбасарлары көп.
Досмұхамед Кішібекұлы тек ғылым мен білімге ғана емес, еліміздің рухани өміріне де аянбай қызмет етті. 1980–1990 жылдары республикалық теле бағдарламаларға белсене қатысып, мемлекеттік тіл, ұлттық рух және жас ұрпақ тәрбиесі туралы парасатты ой қозғады. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісінде әділетсіздікке қарсы батыл ұстанымынан айнымай, халқымыздың намысын қорғады.
Философ ғалымның ойы қарапайым болғанымен терең еді. Ол: «Философия деген – өмірдің мәнін сұрау ғана», деп түсіндіретін. «Көшпелілердің ғибадатханасы – көкжиек, кітабы – жұлдыздар, ұстазы – жел» деген даналығы арқылы өмірді, табиғатты, адам мен қоғамды терең пайымдауды үйретті.
Жоғары оқу орнында ғылым мен ұстаздықты қатар ұстаған академик 60 жыл бойы қазақ жастарын даналыққа, адалдыққа, отансүйгіштікке тәрбиеледі. Оның ғылыми зерттеулері мен мақалалары, кітаптары ғылым мен тәлімнің шынайы қазынасына айналды.
Бірегей ғалымның елге қызметі мен әлемдік деңгейде мойындалған ғылыми еңбектері – Досағаңның ұлылығын, ұлт рухани қазынасына қосқан өлшеусіз үлесін дәлелдейді. Оның өмір жолы – қазіргі жастарға үлгі. Шын мәнінде, Досмұхамед Кішібекұлы – ұлт руханиятының шамшырағы. Оның ұшқыны – Сырдың киелі топырағынан, жалыны – қажырлы еңбегінен, арнасы – сан томдық шығармасынан тұрады. Бұл шамшырақ ешқашан сөнбейді, өйткені оның көрігі – қазақтың мәңгілік рухы.
Ұлықпан СЫДЫҚОВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері