Өңірлерді оңтайландыру кезінде Семей Шығыс Қазақстан облысына қосылып, арада ширек ғасыр өткенде ұлы Абай есімімен қайта құрылғанға дейін бұл сала тоқырап, стадиондар қаңырап бос қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысын құру туралы шешімінен кейін облыспен қатар «Елімай» командасы да еңсесін тіктей бастады.
Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы «Елімай» командасы еліміздің кəсіби футболында бірқатар рекорд орнатты. Сол уақытта семейлік футболшылар еліміздің үш дүркін чемпионы атанды (1994, 1995, 1998). Бір маусымда бірінші болып (1995) ұлттық біріншіліктің алтынын, сондай-ақ Қазақстан кубогі мен суперкубогін иеленді. Бүгінде «Елімай» ел біріншілігінің үздіктері қатарында. Сүйікті командасына деген халықтың ықыласы да ерекше. Биылғы дүбірлі додаларда орталық стадион жанкүйерлерге лық толды. Тіпті сыймай, аузы-мұрнынан шығып қалған сәттер көп болды. Бүгінде семейліктерге əрбір матч үлкен мерекеге айналады. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін айтулы футбол ойынын күтіп, кассаларда ұзын-сонар кезек тудырады. Сондықтан да бұл жаңалықты естіген семейліктердің бөркі аспанда қалықтап жүр әлі.
Президенттің қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің бірнеше өңірі Семей қаласына бір нысаннан салып беруге өз ұсыныстарын берді. Маңғыстау облысы Достық үйінің іргетасын қалады. Шымкент қаласы шығармашылық орталығы мен мәдениет үйін, Түркістан облысы көрме орталығын, Астана қаласы «Келешек мектебін», Ақтөбе облысы жекпе-жек орталығын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын, Солтүстік Қазақстан облысы рәміздер алаңын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» орталығын, Батыс Қазақстан облысы желілік саябақ салуды, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандыруды жоспарлап отыр. Осындай игі бастамалар аясында Семей қаласында 25 мың орындық стадионның құрылысы басталды.

Жақында облыс әкімі Берік Уәли жаңа «Smart City» шағын ауданына барып, стадионның құрылыс барысымен танысты. Қадасын қақты.
«Стадионның құрылыс жұмысы басталды. Осы жұмысты бәсеңдетпей, жалғастыру қажет. Қаржысы кезең-кезеңімен бөлінетін болады. Бұл – семейліктердің көптен күткен жаңалығы. Семей – қазақ футболының отаны. Қала тұрғындары футболды жақсы көреді. Сол себепті де осындай стадион керек. Көптен бері айтылып жүр. Нысан әзірге Астана, Алматы, Ақтөбеден кейінгі сыйымдылығы жағынан құрылысы жоспарланған стадиондардың арасында төртінші орын алады. УЕФА-ның матчтарын қабылдауға мүмкіндік туады, олардың стандартына сай келеді. Бұл жаңа шағын ауданда әлі де көптеген нысан бой көтереді. Жақын арада маңғыстаулықтар алғаш болып қоршау қойып, жұмыстарын бастайын деп отыр. Ең бастысы, Үкімет тарапынан келісім бар. Құжаттар рәсімделгеннен кейін жұмыс басталады», деді өңір басшысы.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы аясында Семей қаласы әкімдігі мен «KAZ Minerals» тобы арасында меморандум жасалып, 25 мың көрерменге арналған стадион салу жоспарланған. Сонымен қатар аталған компания «Елімай» футбол клубына жан-жақты демеушілік жасап келеді. Стадионның жалпы аумағы – 20 гектар. Қазіргі уақытта 25 мың орындық стадионның құрылысын жүргізетін мердігер ұйыммен үшжақты келісімшарт жасалып, аумақ қоршалып, жерді қазу, тегістеу жұмысы басталды.
Жобаға сәйкес, аумақта асфальт жолдар мен алаңдар қарастырылған. Архитектуралық-жоспарлау, инженерлік-құрылымдық шешімдерді әзірлеу барысында аймақтың табиғи-климаттық, геологиялық ерекшеліктері толық ескерілді. Стадион құрылысы екі жыл шамасында салынып бітеді.
«Қазіргі қазақ футболына ең керегі – инфрақұрылым. Жаңа стадиондар салып, балаларға сапалы академиялар ұйымдастырылуы керек. 30 жылдан астам бұл жұмыс сөз күйінде қалып келді. Президент тапсырмасының арқасында кейінгі кездері ілгерілеу байқалады. Семейде әу баста стадион 10 мың орындық болады делінген. Бірақ жаңа әкім Берік Уәлидің бастамасымен сыйымдылығы 25 мыңға ұлғайтылды. Бұл – өте дұрыс бастама. Әкім қазақ футболының отаны саналатын өңір халқының ала допқа деген қызығушылығы жоғары екенін жақсы байқап отыр. «Елімай» деген ат маған қатты ұнайды. Қазақтың командасы екенін бірден байқатады. Енді команда атына сай болып, еурокубокта сәтті өнер көрсетсе деймін. Стадион құрылысы уақытында аяқталып, жанкүйерлердің көзқуанышына айналады деп үміттенемін», дейді футбол сарапшысы Бек Төлеуов.
Оның айтуынша, «Елімай» клубының биылғы маусымдағы ойынын екіге бөліп қарауға болады. Команда тамызға дейін ала-құла ойнады. Сосын Ғалымжан Кенжебек, Рамазан Оразов сынды ұлттық құрама үздіктері келіп, еңсе тіктеді. Күзге қарай «Ақтөбеден» озып, еурокубокқа жолдама алды. Яғни «Елімайдың» биылғы маусымдағы нәтижесіне 4 деген баға қоюуға болады. Келесі жылғы жауапкершілігі екі есе. Клуб ішкі чемпионатта жүлдеге таласуы керек. Сосын еурокубокта жоғары нәтижеге ұмтылуға тиіс. Егер осы екі тапсырманың бірде-біреуі орындалмаса, команда басшылығы, бапкері қызметінен кеткені дұрыс.
Биыл еліміздің Премьер-лигасында «Елімай» клубы маусымды жақсы нәтижемен аяқтады. Команда 26 ойынның 14-де жеңіп, 6 ойында тең түсіп, 6 ойында жеңіліс тауып, турнир кестесінде 4 орынға табан тіреді. Ерекше айтар жайт, 25-турда «Тұранды» 6:3 есебімен жеңді. Сол жеңіс «Елімайға» Еуропа жолдамасына – UEFA конференциялар лигасы іріктеу кезеңіне қатысу мүмкіндігін сыйлады. Осылайша, «Елімай» клубы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Сөйтіп клуб алғашқы рет еурокубокқа жолдама алып отыр. Жалпы, 2025 жыл клубтың алға ұмтылысын айқын көрсетті. Семей футболының абыройын асқақтатып, жанкүйерлеріне көптеген жеңіс сыйлады. Сол тұрғыда жаңа стадион «Елімай» футболшыларының ынтасын арттырып, жігерін жани түседі деп сенеміз.
Абай облысы