Өнер • Бүгін, 07:57

Қазақ музыкасының жаһандық қуаты

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлем музыкасында Димаш Құдайберген есімі ерекше құрмет­пен айтылады. Оның дауысы – құбылыс, шығармашылығы – қайталанбас ізденіс, сахнадағы әрбір сәті – тыңдарманға рухани күш сыйлайтын өнер мерекесі. 2025 жыл Димаштың жанкүйерлері үшін тарихи кезең болды. «Stranger World Tour» тек концерттік сапар ғана емес, қазақ өнерінің жаһан сахнасындағы абыройы мен беделіне айналды. Күні кеше ғана Димаш Құдайберген Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық көші-қон ұйымы (IOM) тарапынан Жаһандық ізгі ниет елшісі мәртебесіне иеленгені және бар.

Қазақ музыкасының жаһандық қуаты

Иә, әлемдік музыканың ең күрделі кеңістігін бағындыру – кез келген өнер иесінің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Сол бақыт биыл қазақтың маңдайына жазылды. Димаш Құдайберген «Stranger World Tour» аясында тек Шығыс Еуропа мен Азия емес, Солтүстік пен Оңтүстік Америкадан бастап Батыс Еуропаға дейінгі қалаларға барып, қазақ музыкасын жаһан сахнасында әйгіледі.

«Stranger» туры бірнеше құрлықты қамтыды. Әр концерт­тің алдында саты­лымға шыққан билеттер бірнеше минутта өтіп кетіп, ареналардың барлығы дерлік аншлагпен өтті. Атап айтсақ, Димаш Нью-Йорктегі әйгілі «Madison Square Garden» мен Мехиконың екі ірі аренасында жанды дауыста өнер көрсетіп, қазақ атын әлемге асқақтатса, Барселонаның «Palau Olímpic de Badalona», Ұлыбританияның «OVO Arena Wembley», Берлиннің «Max Schmeling Halle», Риганың «Xiaomi Arena» сахнасында өткен кон­церт­терінің көркемдік дең­гейі – өз алдына бөлек әңгіменің арқауы.

Димаштың әлемдік турының бас­ты ерекшелігі – музыкалық драматургия мен заманауи технологиялардың үйлесімі. Әр қалада ұсынылған шоу бір-біріне ұқсамайды: LED-графика, лазерлік панорама, виртуал үстеме дыбыстар, этностық мотивтер – бәрі де әншінің дауысына бағынып, сахнада жаңа кеңістік ашады. Сахналық режиссурада қазақ мәдениетінің рәміздері айқын көрінеді: қобыз үні, домбыраның шертпе нақышы, жыраулық дәстүрдің әуені – мұның бәрі жаһан тыңдарманына ұлттық өнердің тереңдігін танытады. Оны әншінің өзі де үлкен сахналарда үнемі айтып жүр.

«Қай елге барсам да, қазақша ән айтуға тырысамын. Бұл – менің өзіме әрі халқыма деген құрметім. Мақсатым – тек ән айту емес, ән арқылы халқымның мәдениетін жеткізгім келеді. Әр концертім – қазақ өнерінің бір бөлшегі», дейді Димаш.

Рас, өзі айтқандай, әнші әрбір концертінде туған жерін, халқын, ұлттық музыкалық мектепті ерекше атап өтеді. Оның орындауындағы «Айт» немесе «Дайдидау», сондай-ақ домбырамен айтылған шағын импровизациялар қазақтың рухани болмысын әлемге таныс­тырса, әр елде орнатылатын «Kazakhstan corner» аймақтары – өнер арқылы елді танытудың жаңа тәсілі. Өздеріне «Dears» деп ат қойған Димаштың жанкүйерлері де әлемнің түкпір-түкпірінде ерікті түрде ұйымдасып, қайырымдылық жобаларын жүзеге асырып келеді. Музыка мамандарының пікірінше, Димаштың әлемдік туры тек өнер оқиғасы емес – жаһандық мәдени коммуникацияның жаңа моделі.

димаш

Жер жүзінің әйгілі сахналарында жарқын өнер көрсетіп, әнімен әлемді әлдилеген Димаштың айтулы турдағы тағы бір тәнті еткен қасиеті – әр қимылы мен әрекетінен, үні мен өнерінен өзінің қазақ екенін әйгілеп отырар болмысының ұлтжандылығы дер едік. Үні ғана емес, тілімен де ұлтын ұлықтап, әні арқылы әлемді қазаққа бас игізген ерлігі – Димаш феноменінің бір құпиясы дер едік. Соның ай­қын айғағы – «Madison Square Garden» сахнасында алғаш рет қазақтың Әнұраны шырқалды. Димаш­тың әкесі Қанат Айтбаевтың айтуынша, бұл – ұлының көптен бергі тілегі екен. Ұйымдастырушылар алғашында таңданыспен қабыл­даған айтулы идея халықаралық хаттамаға сай ресми түрде келісіліп, осылайша бір сәтте «Madison Square Garden» ішін қазақтың қоңыр үні тербеді. Көңіл толқытып, көзге жас үйіретін көрініс демей көріңізші!

«Әнұран орындалған сәтте менің көз алдымнан ұлтымыздың бар тарихы өтіп кеткендей болды», дейді Қанат Айтбаев.

Сахна арқылы қазақтың әнін ғана емес, салты мен дәстүрін, ғұрпы мен ғибратын, ұлттық құндылықтарын да өнерімен біртұтас бірлікте ұсына алуы – әнші әлемінің әдемілігі һәм бірегейлігі. Әйтпесе, қазақ қай заманда да таланттан кенде болған жоқ қой. Бірақ дәл Димаштай дүниені қазаққа бас игізіп, әлем халқына қазақша ән шырқатқаны некен-саяқ. Ал оның дауыс диапазоны музыка тілімен айтқанда, 5-6 октавадан тұрады. Бірақ әншінің өзі болса: «Менің даусымды 5-6 октава деп, тыңдармандарым тек соған ғана мән бермесе екен. Дауыс тек ән айту құралы ғана. Менің мақсатым – сол дауыстың құ­діретімен адамдарды күнделікті тір­ліктің күй­бе­ңінен алып кетіп, армандар мен ертегілер әлеміне апару», дейді. Ол шынымен де солай. Мәселен, Берлиндегі «Max-Schmeling-Halle» залында көрермендер ерекше эмоционалды кешті бастан өткерді. Сахнада Димаш бір әннің ішінде бірнеше вокалдық техника қолдана отырып, адам дауысының мүмкіндігін дәлелдегендей болды. Музыка сыншылары оның техникасын: «Еуропаның классикалық мектебі мен шығыс дәстүрлі вокалының синтезі», деп бағалады.

Шетел басылымдары да Димаштың өнерін әрдайым жоғары бағалап келеді. Атап айтсақ, ағылшынның атақты «The Guardian» газеті: «Қазақтан шыққан әнші әлемдік поп-опера сахнасын жаңа деңгейге көтерді» десе, «Billboard»: «Төрт октавалық диапазон өнер әлемінде үлкен төңкеріс жасады», деп жарыса жазды. Ал «Le Figaro»: «Димаш – болашақтың вокалдық феномені» деп таңдай қақты. Бұл пікірлер – турдың халықаралық маңызын дәлелдейтін айқын көрсеткіш.

«Stranger World Tour» – Димаш шығар­машылығының жаңа тарауы. Бұл сапар арқылы ол тыңдарман аясын кеңейтіп қана қоймай, қазақ музыкасының әлемдік ықпалын да кү­шейтті. Әр алаңда айтыл­ған қазақ сөзі, көрсетілген ұлттық сим­волика – мәдени дипломатияның ең көркем формасы. Соның айқын айғағы болса керек, күні кеше Димаш Құдайберген Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Халықаралық көші-қон ұйымы (IOM) тарапынан жаһандық ізгі ниет елшісі мәртебесіне ие болды. Бұл туралы ресми хабарлама ұйым­ның әлеуметтік желідегі парақ­шасында жария­ланып, қазақ өнерінің абыройын тағы бір биікке көтерді.

8 желтоқсан күні Женевада өткен IOM кеңесінің сессиясында ұйымның бас директоры Эми Поуп Димашқа арнайы символды салтанатты түрде табыстады. Әлемдік қауымдастық өкілдері қатысқан жиында қазақ әншісі өзінің әйгілі «S.O.S d’un terrien en détresse» композициясын орындап, тыңдарманын тағы бір мәрте тамсандырды. Салтанатты жиын­да Димаш көпшілік алдында қазақ тілінде сөйлеп, жаңа миссияның мәнін ерекше құрметпен атап өтті: «Бұл мәртебе – жауапкершілігі зор міндет. Қауіпсіз көші-қонды қолдап, мейірімділік пен жанашырлықты насихаттай отырып, қоғамдарды жақындастыруға үлес қосқым келеді. Әр жүрек – бізді бірік­тіретін жарық», деді ол.

Иә, Димаштың әлемдік туры – музыка индустриясындағы тың серпіліс. Ол – тек әнші емес, мәдени елші. Ол – тек орындаушы емес, ұлттық бренд. Ол – тек жеке шығармашылығын танытып жүрген өнерпаз емес, қазақ өнерін әлемге тілсіз түсіндіретін құбылыс. Ал «Stranger World Tour» – ұлттық өнердің жаңа белесі.